176
Қыстаубай ендi атқосшысын ертiп, атын жәй аяңдатып, батырдың аулына кеттi.
* * *
Елмырза Захваткиннiң үйiнде көп айналмады. Әншейiнде қоразданып жүретiн оның
жүнi жығылып қалыпты. Мұның қолын алып тұрып, көкшiл көзiн қадап:
— Қымбатты мырза, мен басқа жерге ауысатын болдым, — дедi.
— Е, қайда? — дедi Елмырза iшi қып ете түсiп.
— Әзiрге белгiсiз. Бiз деген әскери кiсiлермiз ғой, патша ағзам қайда жұмсаса, соған
бара беремiз.
— Сонда да... жiберетiн жағы... былай...
— Әйтеуiр, маған анығы, былай қарай жiбередi, — деп ол шығыс жақты қолымен
сiлтедi. — Ал, не шаруа бар?
Елмырза өзiнiң сөзiн аударып жатқан Ахиярға сенбей көз салып қойды. Бiрақ онсыз өз
ойын жеткiзе алмасын бiлiп, лажысыздан:
— Қалай десем болар екен, — дедi өтiрiк қиналған түр көрсетiп. — Сiзбен азды-көптi
таныс боп қалып едiк. Мына кеткенiңiз қиындау боп тұр.
— Оқа емес. Басқа бiр немiс келедi, — дедi Захваткин ащы кекесiнмен.
— Келсе келсiн. Бiздiкi оған қызмет қылу ғой, — дедi Елмырза күлiмсiреп. — Сiзге
айтайын дегенiм, Табын Ақсақал деген жас батыр Тоғанақтың ауылын шабам деп қол жинап
аттаныпты. Соны сiзге айтайын деп келдiм. Анада сiз қазақтар бiр-бiрiн шаппасын, арзасы
болса, бiздерге келсiн деп едiңiз, сосын...
— Мынау бiр қызық жағдай екен, — деп Захваткин теңселiп кеттi. — Қызық екен, ә?
Ақсақал деген кiм?
— Байқадам деген батырдың баласы.
— Оның Тоғанақта қандай кегi бар?
— Жақында Тоғанақтың iнiсi оның әкесiнiң аулын шапқан. Сол ұрыста Байқадам мерт
болған. Ендi ол соның кегiн қуып бара жатыр.
— Қызы-ы-қ екен, — деп Захваткин кеңсе iшiнде әрлi-берлi жүре бастады. — Вот,
удивительно! На самом деле, удивительно! Кеше ғана бiзге сол батырды ұстай алмадыңдар
деп, аса мәртебелi генерал-губернатор кейiп болып едi. Ақыры менiң айтқаным дәл келдi.
Бұларды өз қолымен... — Ол тоқтай қалды. Ахиярға қарап, орысшалап: — Соңғы сөздi
аударма, — дедi.
— Мақұл, — дедi де, Ахияр оның сөзiн бұрмалап жiберiп жеткiздi. — Мына ұлық
атақты бүлiкшiнi қазақтардың өздерi ұстап әкеп берсе, көп сый-сияпат берем дейдi. Ол адам
ақ патшаның оң қабағына iлiгедi дейдi.
— Апырмай, ә? — Елмырзаның iшi қылп ете қалды.
— Шын, шын. Ақ патша деген талай бүлiкшiнi көрген. Стенька Разин, Емельян
Пугачев дегендер де болған. Ол барлығының да бастарын алған. Мынау да сондай, — деп
Ахияр тоқтай қалды.
— Сен не дедiң? — дедi Захваткин оған сенбей қарап.
Ахияр оған не дегенiн айтты. Анау күлiп:
— Жарайсың. Осындай үгiт тарата бер, — дедi. Сосын Елмырзаға бұрылып: — Сiз,
лажы болса, осы уақиғаның барысын маған хабарлап тұрыңыз. Ал жақсы, — деп қолын
ұсына бердi.
— Жарайды, — деп Елмырза оның қолын алды. Захваткиннiң терiсi жұқа алақаны
тершiп тұр екен, жеркенiп, қолын тартып әкеттi.
Елмырза сыртқа шыққасын, қасына жiгiттерiн ертiп, дарияға қарай тартып кеттi.
Қаралаң өткелiнен өткесiн, Сарыбұлақ жаққа бет қойды. Араға екi қонып, үшiншi күнi түс
ауа бере жетсе, уәделi жерде Ақсақалдар күтiп жатыр екен. Бұны көрiп, ол қуанып қалды.
Бұлар сол жерде тағы бiр күн қонып, сексеуiлдiң жiгерiн әкеп, от жағып, қоржындарынғы
тамақтарын жеп, жақсылап тынығып алды. Сосын барып жолға шығып кеттi.
Қожболат қолдың алдына түсiп ап, емпеңдеп жүрiп келедi. Өзi қорқып, Ақсақалға
жампаңдап қояды. Қысық көзi жұмыла түсiп, қисық бiткен күрек тiсiн көрсетiп, ыржиған
болады. Елмырза оны көрiп, түңiлiп кеттi: “Мынау нағыз ит екен ғой! Адамды өлтiруге
бастап келе жатып... өзi... Өй, доңыз!”
Олар Кекiрелiнiң тұсына келгеннен кейiн, күншығысқа қарай беттей бере бiр биiк
төбенiң баурайына кеп тоқтады. Ақсақал Елмырзаның ақылын тыңдап, осы арада түнегендi
мақұл көрдi. Сосын көлденең көзге түспестей етiп, аттарын ойдағы қалың жыңғылдың
арасына тар ғып шiдерлеп тастады. Сосын өздерi қоржындарынан пiскен тамақтарын алып,
әр жақтарына ел қондырды.