Стр. 178 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

177
Түн болды. Қара аспанның әр жер-әр жерiнен тесiп шыққан найзаның ұштарындай боп
жылтырап бiрнеше жұлдыз көрiндi. Ай жоқ. Аспанда тұтасып тұрған сықылды болғасын ба,
ала шабыр бұлттардың бары бiлiнбейдi. Бiртегiс қап-қара.
Елмырза ешкiмге от жақтырмады. Жiгiттердi шешiндiрмей, аттарының жандарында
ұйықтаңдар дедi. Өзi де бiр бұтаның түбiне қисая кеттi. Атының ұзын арқанын бiлегiне екi
орай салды. Содан көзi iлiнiп кеткен екен, түн жарымы ауа бұл әлдеқандай дүбiрдi естiп,
ұйқысы шайдай ашылып кеттi. Құлағын жерге тақап тыңдап едi, шынында да, бiр топ
аттының дүбiрi осы жолы анық естiлдi. Олардың қарамы онша көп емес сияқты. Елмырза
басын көтерiп ап, шығыс жаққа қарады. Таң қараңғылығынан ештеңенi жарытып көре
алмады. Сосын орнынан тұрып, атына ерiн асығыс сала сап мiнiп, пырдай боп ұйықтап
жатқан Табын жiгiттерiне қарамастан, әлгi дүбiр шыққан жаққа қарай жүрiп кеттi. Ол төбе
басына жете бере кiлт тоқтай қалды. Осы төбенiң ар жақтағы бауырымен бiр топ жiгiт өтiп
барады екен. Өздерiнiң жүрiстерi суыт. “Бұ кiм болды екен?” — деп таңғалып, бұл атынан
түсе қап, жер бауырлап жата қалды. Олар бұны байқаған жоқ. Аттарының тұяқтарымен
түнгi даланы дүрсiлдетiп Тоғанақтың ауылын бетке алып, тартып барады. Елмырза
мынаның көмекке келе жатқан кiсiлер екенiн байқай қойды. Демек, Тоғанақ бұлардың
шыққанын бiлiп қалған. Не болмаса соны айтайын деп мыналар бара жатыр. Егер қарт батыр
бұлардың кек алуға шыққанын бiлсе, жастығын астына алмай жатпайды. Ондайда шын
қырғынды болды дей бер. Елмырза орнынан тұрып, үстi-басын қағынып, атына мiндi де,
керi қайтып, кеп Ақсақалды оятып, өз көргенiн айтты.
Ол ұйқысын аша алмай, қабағы түсiп, қалың ерiндi аузын бiр-екi рет кере ашып, есiнеп
тұрып:
— Кiмдер болды екен, а? — дедi.
— Қайдам. Әйтеуiр, бұ жүрiстерi бекәр емес. Менiңше, кәзiр бiр жiгiттi соның соңынан
салайық. Ол барып ау-жайын бiлiп келсiн.
— Оған кiм лайқат?
— Ана Қожболат сатқыннан лайығы жоқ.
— Ендеше соны жiберейiк, — деп Ақсақал мұның айтқанымен бiрден келiстi. Сосын
Қожболатты шақырып ап, тез бұйрық бердi.
Анау жампаңдап, атына мiнiп ап, қолдың соңынан жөнелдi. Таң ағарып ата бастағанда,
Қожболат қайтып келдi. Өзiнiң үрейi әбден ұшып кетiптi.
— Иә, кiмдер екен?
— Қыстаубай батыр екен. Олар қара төбе басында иiрiлiп тұр, — дедi Қожболат
мыңқылдай сөйлеп.
— Неге?
— Ояғын бiлмедiм.
Елмырза Ақсақал, Төлеу үшеуi бөлек шыға бердi. Өздерi оңашаланып алғасын төре:
— Менiңше, сабыр айлайық. Мыналар кетсiн, — дедi.
— Е, неге? — дедi Төлеу едiрейiп.
— Оның iж негесi жоқ. Кәзiр шапсақ... олар, былай... бiзге кедергi жасайды. Одан да
тұра тұрайық. Азар болса олар бiр күн тұрар. Сосын кетедi. Содан кейiн... — Елмырза
сөзiнiң аяғын жұтып, мiңгiрлеп барып тоқтады.
— Бұ да дұрыс екен, — деп Ақсақал онымен тез келiстi. — Ана Қожболатты жiберiп,
байқайық.
Олар сол арада екi күн жатты. Үшiншi күнi түн ортасы ауа Қожболат Қыстаубайдың
қолының керi қайтып кеткенiн айтып келдi. Елмырза ендi әлденеге жымың ете түсiп,
қасындағы Ақсақалды бүйiрiнен түртiп:
— Ендi қайрат көрсететiн кезiң келдi,— дедi.
Аздан кейiн таң атты. Шығыс жақтан ұлы күн қызарып шығып келе жатты. Ақсақал
ендi кiдiрмей жiгiттерiн атқа қондырды. Табындар желiгiп, қиқу салып, алда тұрған төбе
басына шауып шықты. Қол алдында келе жатқан Төлеу батыр төбе басына шыққасын,
атының басын тартып, ту көтерушi жiгiтке қарап, жарлық бердi:
— Сал ұранды!
Сол мезетте жүздеген дауыс қосылып айқайлаған:
— Тостаған!
— Тостаған! — деген ұран тиыш жатқан боз даланы жаңғырықтырып, ұзаққа дейiн
өшпей тұрып алды.
* * *
Тоғанақ батыр сол түнi шырт ұйқыда жатқан едi. Көптен берi мазасы қашып, бұл алғаш
рет тып-тиыш ұйықтап кеткен болатын. Оның есесiне кемпiрi әлсiн-әлсiн қозғалақтай бердi.
Тоғанақ сол түнi түс көрдi. Түсiнде баяғы Аспан Әйбек биге барып, өзiнiң көрген түсiн