Стр. 19 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

18
— Апырмай, ә? Рас болса, онысы ұят екен.
— Ұят болғанда, нағыз машқара! Сол сөзi үшiн оған қарсы шығып, соғыс ашуға елден
ұялам. Бiрақ оның мына азары өтiп-ақ барады, — дедi ол әлденеге зығырданы қайнап.
— Ау, үйтетiн болса, елден несiне ұяласың? Күш атасын танымас деген. Қол жина да,
бар да шап!
— Үйтейiн десем, ол... ана Тоғанақтың туысы. Сосын аяғы не болады деп кәуiп
айлаймын. Сосын... өзiңмен... кеңесейiн деп...
— Кеңескенде... бiз Шөмекейлермен қоңсылас отырған елмiз. Олармен өштестiгiмiз
жоқ. Ендi... өзi былай, — дедi Байқадам өзiнiң бұл араға кiрiспейтiнiн аңғартып.
Төлеу iштей тыжырынды. Сосын кiлт сөзден тиылды.
Осы кезде iшке қолына құман мен леген алып Ақсақал кiрдi. Ол Төлеуден бастап,
қонақтардың қолдарына су құя бастады. Меймандар қолдарын жуып болғасын, екi табаққа
салынған ет келдi. Жiгiттер еттi асықпай, ұзақ отырып жедi. Соңынан ұн шылаған сорпа
iштi.
Дәмнен кейiн қонақтар сыртқа шығып, төбе басына отырып демалды. Бұл кезде күн
батуға тақап қалған едi. Күз нышаны Сыр жағында жаңа-жаңа бiлiне бастаған екен. Кеше
ғана Қырдың ызғырық желiнiң өтiнде боп келген жiгiттер мына жақта қабыздап, қалың
киiмдерiн тастап, жеңiлденiп алған болатын. Кеш болса да, әлi салқын түсе қоймаған.
Сырдың соры шығып жатқан жерiн жатырқап, бұлардың аттары қара от iздеп, қырға қарай
шашырай жайылып кетiптi. Дарияның маса-сонасынан қашып, үнемi самал соғып тұратын
жерде отырған аз ғана ауылдың ұсақ жандығы өрiстен құлап келедi. Соңында бұрқыраған
ала шаң. Мына жақта он шақты түйенiң қарасы көрiнедi.
Төлеу Байқадам батырды мұншама кедей деп ойламайтын. Ат арқасында жүрген
батырды енапат жатқан малды айдап әкеп, өз бүйiрiн әбден майлап тастаған шығар дейтiн.
Ендi оның сiңiрi шыққан кедейлiгiн көрiп, бiр түрлi боп қоңырайып қалды. Басында осы
жаққа қарай шыққанда, Сыр бойында он шақты күн боламыз деген едi. Ендi бұ жерде көп
жатудың ыңғайы жоқтығын бiлiп, iштей түйiлiп қалды.
Жiгiттер ақырын сөйлесiп отыр:
— Бұяқтың кiсiлерiнiң сөздерi бөлектеу екен.
— Аздап өзбек шатыс сықылды,
— Жерiнiң реңi де бiр түрлi, соры шығып жатыр ғой
— Шiркiн, өзiмiздiң сусылдаған құмымызға не жетедi? — деп бiр жiгiт армандап
қойды.
— Тәк әрi, жерден жердiң артықшылығы жоқ. Одан да елдiң сақилығын айтсайшы, —
деп Төлеу әлгi жiгiттi тыйып тастады да, орнына тұрып, қолымен шаң боп қалған
шекпенiнiң шалғайын қағып, ауылға қарай жүре бердi.
Түнде Төлеу Байқадаммен оңаша сөйлестi. Әсiресе, Бұхарбайға мұның кетiп жүрген
есесiн баса айтып, өзiн әбден қайрап бақты.
— Әгәрдә ондай атты күн туып жатса, кеудемде жаным болса жетем, — дедi Төлеу
нықтап сөйлеп.
— Мiне, бұл жөн әңгiме, — деп Байқадам көтерiлiп қалды. — Сенiң де басыңа күнi туа
қалса, мен де қарап жатпаспын. Сен онан да ана Қаратай сұлтанмен дұрыстап сөйлес. Бiздi
орысқа қызмет еткiзем десе, алдымен өзi айтқан уәдесiне берiк болсын.
— Мақұл, айтайын.
Ертеңiне Төлеулер елiне қайтып кеттi. Олар жолшыбай бiр ауылға қонып, бiр ауылда
түстенiп, мiнген аттарын қинамай, ауанымен жүрiп келе жатты. Жүргiншiлер Үшқараның
түсына жете бергенде, бiр бай ауылдың үстiне кеп құлады. Бұл Қошқаралы Дүзбайдың
ауылы едi. Оның жас алған тоқалы жақында арыстай ұл бала тауып, ауылынан құтты болсын
айта келген кiсiлер үзiлмей жатқан болатын. Бұлар соның үстiне тап келдi. Шығымсыздау
Дүзбай жадырап:
— Ойпырмай, құтты қонақ екенсiңдер, қуанышымның үстiне тура келдiңдер. Кәне,
түсiп, жайланып кетiңдер, — дегесiн, Төлеу осы ауылда бiрер күн кiдiргендi жөн көрдi.
Дүзбай келiм-кетiм меймандарға арнап бие сойған екен. Бүтiндей бiр қазысын бұларға
арнап қазанға салдырды. Қазанда бүлкiлдеп қайнап жатқан еттiң исiн сезiп, әлденеге қуанып
кеткен жiгiттер аяқ астында өзара қауқылдасты да қалды. Төлеу де кеуiлденiп, Дүзбайға
бұрылып:
— Апырмай, Дүзеке, мен мына сiзге айран-асыр қалып отырмын. Осы бiздiң жасымыз
болса ғой, қатар. Сүйтiп жүрiп бала таптыру деген өзi... Қалай... былай... — деп ол таңдайын
тақ еткiзiп қағып қойды.
— Ендi... о да бiр құдайдың берген қуаты ғой. — Дүзбай екi бетi жайыла түсiп,
кеңкiлдей күлдi.