Стр. 180 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

179
қаумалаған топтан жырылып құтылып кету болатын. Сатырлап келiп қалған топ
“Тостағандаған” қалпы мұның iзiнен салды. Қашып бара жатып батыр алдыңғы
лектегiлердiң iшiнен бiр сом тұлғалы жас жiгiттi анық көрдi. Ақсақалы осы шығар деп,
iзiнен ерте түсiп, заулап бара жатты. Қара төбенiң басына шыға бергенде, бұл қулық жасап,
көлденеңдей шапты. Астындағы жануар бiр бел алып кетсе, анау-мынауға жеткiзбейтiн,
аяғының желi бар ат едi. Ендi ол делебесi қозып, көзi шоқтай жарқырап, зырлап келедi.
Соңынан түскен қуғынды сезген сайын, басын iлгерi соза түсiп, барынша заулағысы бар.
Бiрақ Тоғанақ батыр қашанғы тәсiлiне басып, оның басын толық жiбермей, ендi айнала
шапты. Табындар мұның iзiне еремiн деп аттарының бастарын кiлт бұрғанда, бiр-бiрiне
соқтығысып, апалаң-топалаң болды да қалды. Алдыңғы жақта келе жатқан атты жiгiт ұшып
түстi. Аунап қалған аты орнынан тұрамын дегенше, кейiнiнен келiп қалған нөпiр топ соған
соқтығысып, апыр-топыры шықты. Дәл осы кезде Тоғанақ атының басын бұрып ап,
Табындарға қарсы шапты. Ақырып, айғайлап, қолын дағы қарағай сапты найзамен қарсы
келген бiр жiгiттi ұшырып түсiрдi. Екiншiсiнiң сiлтеген шоқпарын қалқанымен қағып
үлгердi. Сосын оны қара саннан найзамен түйреп өттi. Анау бақырып жiберiп, ер үстiнен
сыпырылып түсе бердi.
Тоғанақ айнала шауып, ұран тастап, бағанағы жас жiгiттi iздедi. Ағызып келе жатып,
оны көре алмады. Заулаған қалпымен тағы да бiр-екi жiгiттi аунатып түсiрдi. Сол екен,
бағана жеп жiберердей боп келе жатқан Табындардың қолы кейiн қарай серпiлдi. Қашып
бара жатқан қолды көрiп, оның ұрыс әруағы ұстап, соңынан қызулыққа салып, қуып бердi.
Құты қашқан Табындар бытырай қашып барады. Тоғанақ олардың жеткендерiн жеткен
жерiнде шаншып, ат үстiнен түсiре бердi. Жерге құлап жатқандарына қарауға мұршасы
болмады. Асығыста бағана ол қылышын алуды ұмытып кеткен екен. Сол ойына түсiп,
атының басын шалт бұрып, ойда тұрған қараүйiне қарай ағыза жөнелдi. Сатырлатып келген
бойда бiрден тоқтай алмай, аты басын ала қашып бiраз әуре болды. Батыр айғайлап:
— Кемпiр, а кемпiр, тез, қылышымды алып бер! Қылышты бер! — дедi.
Кемпiрi үйге жүгiрiп кiрiп, ақсарыбастай жүрiп, бұған алтын балдақты қылышын
қыныменен бiрге бердi. Бұл қынын бiрден жерге лақтырып тастап, найзасын алға өңгерiп,
ендi қалған жауға қарай бұрыла бердi.
Осы кезде есiн жиған Табындар қайтадан топталып, берi қарай салып келедi екен. Бұ
жолғы екпiндерi жаңағыдай емес, байқастайтын сыңайы көрiнiп тұр. Тоғанақ сол арада
мына қаптаған топқа қарсы шауып жеңе алмасын бiлдi. Тағы да қаша ұрыс салып, жеткенiн
жеткендей ат үстiнен түсiре бермек боп, шығандай шапты. Соңынан Табындар ендi
өршелене қуып келедi. Бұ жолы олар бағанағыдай топталмай, араларын алшақ салып, қуа
бастады. Араларында садақшылары да бар екен, бiр жебе мұның құлағының тұсынан
ысқырып өтiп, ақ құмаққа дiр-дiр етiп қадала түстi. Соны көрiп, батыр сауытының өңiрiн
сипап қойды. Төс темiрi бар екен. Сол арада ол екiншi бiр жақтан қиқулап шауып келе
жатқан қалың топты көрдi. Олар бұған кесе-көлденеңдеп, екпiндерiмен аттан құлатып
түсiретiндей боп келедi екен. Тоғанақ әзер дегенде атының басын бұрып үлгердi. Қиястап
келген топ дүсiрлеген қалпы жанынан өтiп бара жатты. Тоғанақ олардың арасынан
Елмырзаны көрiп қалды. “Ә, кәззәп!” — деп сыбырлай сөйлеп, солай қарай ұмтыла берiп
едi, топ ортасында келе жатқан оған жете алмады. Оның есесiне шетте келе жатқан бiр
жiгiттi тағы да найзамен түйреп үлгердi. Сосын керi қарай шапты.
Осы кезде мұның артынан келiп қалған топ қара төбеге шығып үлгерiп, мұның жолын
кес-кестеп, төнiп келiп те қалған едi. Соны көрiп, Тоғанақтың көзi алды қарауытып кеттi. Бiр
сәт: “Ә, ажалым, ендi жеткен шығар”, — деп асығыс ойлап, қамашаудан қалай құтылудың
жолын ойлап, атының басын бұра бердi. Дәл осы кезде сатырлап келiп қалған топтың
алдындағы жiгiттiң аты мұның атына кеп омырауымен соғылды. Мұның мiнген аты әзер
дегенде құламай қалды. Ол бiр омақасып барып, тәлтiректеп, аяғына мiне бердi. Сол арада
Тоғанақ жаңағы жiгiттiң өзiне қарай сiлтеп қалған шоқпарынан қорғанып үлгердi. Ауыр
шоқпар мұның қалқанына сарт ете түстi. Сол сәтте Тоғанақ әлгi жiгiтке қылышының ұшын
тереңдете сұғып үлгердi. “Ойбай!” — деп бақырып жiберiп, қан-қан болған жiгiт жерге
құлай бердi.
Тоғанақ ендi ер үстiнде дұрысталып отырып ап, қоршалап келiп қалған жауға қарсы
ақыра ұмтылды. Қанша дегенмен мұның атына қанық жас жiгiттер қару сiлтеуге батпай,
қоғаша жапырыла бердi. Соны пайдаланып, батыр қылышын сиыра тартып, тағы бiр жiгiттiң
басын алмаша кесiп түсiрдi. Соны көрiп қалғандары, кейiн қарай серпiле бердi.
Осы кезде соңғы жақтан дүмелiп келiп қалған топ батырды қоршап алған да едi. Ендi
шоқпарлар сатырлап, сойылдар шарт-шарт сынып, сұмдық айқас басталды да кеттi. Тоғанақ
батыр сойылдарды бойына дарытпай, ұзын найзамен қасына ешкiмдi жолатпай, қорғана
шайқасып жүр. Оның жанын шүберекке түйiп алғанын бiлген Табын жiгiттерi ендi батпай,
қорқасоқтап, алыстан сойыл сiлтеген болады. Тоғанақ олардың құты қаша бастағанын бiлiп,