180
ендi неде болса деп, селдiрей бастаған тұстан қоршауды жарып шықпаққа оқталды да, атын
тебiнiп қап, қатты ақырып:
— Қанды басың берi тарт! — деп iлгерi ұмтылды.
Соны көрген Табындар қоғаша жапырылысып, керi серпiлдi. Батыр ендi астындағы
атын қатты-қатты тебiнiп қап, олардың естерiн жидырмай, қоршаудан ойқастап шыға бердi...
* * *
Елмырза батырдың ендi алдырмасын бiлдi. Ең жаманы, оның жаңа шауып келе
жатқанда мұны көрiп қалғаны болды. Бұдан аман-есен қалса, батырдың өзiн сау
қалдырмайтынын сездi. Сосын неде болса деп, шайқасқа белсене кiрiсiп кеткен де едi.
Бiрақ батырдың алдыратын түрi жоқ. Оның атақ-даңқынан-ақ шошыған жiгiттер
бойдағы бар қайратынан айрылып, үркектей бердi. Батыр ендi қоршауды жарып шығайын
деп оқталғанда, бұл оның сауытының жоғарғы жағындағы қарсы iлгегiнiң салынбағанын
көрiп қалды. Байқап, қараса, дәл өндiршектiң тұсы! Ол қасында не iстерiн бiлмей, ызадан
жарылардай боп тұрған Ақсақалға айқайлай сөйлеп:
— Ана өндiршегiн көрдiң бе? Содан дәл көздеп ат! Болмаса ол бәрiмiздi қырып кетедi!
— дедi.
— А, солай ма? — деп Ақсақал садағын ала сап, қорамсақтан қозы жауырынды жебенi
суырып алып, дәлдеп көздей бастады.
Елмырза оның құралайды көзге атқан мерген екенiн талай естiген. Бiрақ атқанын
көрген емес. Оның жүн-жүн бiлегiне, шапыраштанып кеткен екi көзiне қарады. Ақсақал ұза-
а-ақ көздедi. Ортада атын ойнатып жүрген Тоғанақ бiр орнында тұрмағандықтан, мұның
қолы да қозғала бердi. Әсiресе, батыр керi айналып кеткенде Ақсақал қалш-қалш ете қалады.
Сыртынан атқанменен тоғыз қабат сауыттан жебенiң өте қоюы қиын. Бәр дәме — жаңағы
ашық қалған өндiршекте. Ақсақал ызалана бiр түкiрiп, садағының сiрiсiн соза тартып көздеп
тұр. Астындағы аты да шыр айналып кете бередi. Елмырзаның дызығып, жаны қалмады.
Қашан атады деп, iштей ширығып бiттi. Ақсақалдың әлi ататын түрi жоқ.
Сол арада Тоғанақ батыр қатты ақырып, бұлар тұрған жаққа бұрыла берiп, атын тебiнiп
қап, iлгерi атылды. Осы сәттi күткен Ақсақал садағының жебесiн аңырата жiберiп кеп
қалды. Отыз-жиырма қадамдай жерде берi бұрылып, қозғала берген Тоғанақтың өндiршегiне
дәл тиген қозы жауырынды дiр-дiр ете түсiп, кiрш етiп қадалды. Тоғанақ дереу найзасын
тастай сап, тамағына жармасты.
Соны көрiп, қорқып кеткен Ақсақал да, Елмырза да кейiн шегiне бердi...
* * *
— Ә, ажалым ендi жеткен шығар, — деп Тоғанақ аузынан қан түкiре сөйлеп, алқымына
жармасты.
Жебе сынық сүйемдей бойлап енген екен. Қармақ сықылды қарсы жағы сұғына кiрiп
кетiптi. Оны суырып алуға болмайтынын емiс-емiс сезiп, Тоғанақ батыр ат жалына еңкейе
бердi. Аты бiр пәленiң болғанын сезгендей, iлгерi қарай ытып кеттi. Батыр ат үстiнен
құламай шақ қалды. Ат шоқырақтаған қалпы қара төбенiң басына шыға келгенде, қарт
батыр есiнен танып, бүгiлiп, ер үстiнен жерге құлай бердi. Құлап бара жатып қайратты
қолымен ердiң қасынан ұстап үлгерiп, әзер дегенде оң аяғын үзеңгiден суырып ап, жерге
дүрс ете қалды. Батыр аяғы қара жерге тигенiн бiлдi. Сосын шылбырды қоя берiп, алқымын
қос қолымен ұстаған қалпы көзi аларып, аузынан қан атып, iлгерi қарай бiр-екi адымдады.
Алдарында анталап тұрған әлдекiмдер шошып, кейiн шегiнгендей болды. Олардың кiм
екенiн, бұл арада нағып жүргенiн қарт батыр түсiнбедi. Санасында әлдеқандай ауыр тұман
орнай қалғандай, дүние шыр көбелек айналып, аспан жерге қарай құлап бара жатты. Батыр
сол сәтте: “Ажал деген осы ма?” — деп бұлыңғыр арасынан ойлаған болды. Сосын есiне
жасынан моллалар айта беретiн бiр дұға оралды. Ақырын ғана күбiрлеп: “Ла ил-Ләһа ил-
Алла”, — дей бердi де, әрi қарай айтуға тiлi ағаш сықылды боп оралмай, тiзесi қалт-қалт етiп
бүгiле бердi. Бiрде есi кiрiп кеткенде, құбылаға қарап, сарта жүгiнiп отыр екен. Өңiрi қан-
қан. Аузынан тынымсыз қан атып жатыр. Ол әлдеқандай елестер ойнап, толып кеткен мына
дүниеге селқос қарады. Есеңгiреп тұрып, адамдардың бiр-бiрiне қысастық жасайтынын,
өлтiретiнiн, айла-шарғы жасайтынын тез-тез ойлап қойды. Содан кейiн тағы да көз алды
бұлдырап кеттi. Бiр қараса, Сырдарияның етегiнде жалаңаяқ қалпы қозы бағып жүр екен.
Құбыла жақтан әдемi бiр жылы леп еседi. Алдынан кенет үлкен бiр даруаза ашылып, әр
жақтан күңiрене тартқан сырнайдың даусы естiледi. Бұл қозы-лағын тастай сап, со жаққа
қарай жүгiрiп барады. Бiр қараса, жаңағы сырнай алыс жақтан шығады. Баяғыда моллалар
ақырзаман боларда, көктен Иса түседi, жерден Мәдi шығады, екеуi сосын арасат соғысын