181
бастайды, со кезде сырнайдың даусы шығып, жұрт оған iлесiп, Кербаланың шөлiне барып
қырылады деушi едi. Мынау нағыз сол болды да қойды. Бұл әлгi кәрәмәт дауыстың iзiнен
бұл жүгiрiп барады. Артынан қуған кiсiлерге қарар емес. Бiр араға келгенде тамағы кеуiп,
алқымы iсе бастағандай болды. Бұл татарға бiр жұтым су таба алмай, ернi тобарсып, сонау
алыста бұлдырап жатқан сағымға көз тiгедi. Бiрақ қанша қуса да, оның жеткiзетiн түрi жоқ.
Соған жетемiн деп жүгiрiп келе жатқанда, баяғы Қарақ тауында қарсы ұшырасқан арлан
қасқыр бұған қарап басын шайқап қояды. О байғұс та әбден қаталапты. Бұнысы несi, деп
ойлайын десе, басын бiр түрлi ап-ауыр. Және де көз алды күңгiрт тартып, көз ұшында
жылтырай жанған бiр от лып-лып етiп сөнiп бара жатыр. Бұл қаншама тырысса да, әлгi
оттың қайта лаулайтын түрi жоқ. Батыр ақырғы күшiн жинап, басын шайқап-шайқап қалып
едi, санасы қайта оралғандай болды. Қан жуып кеткен көзiн шаққа дегенде ашып қараса,
анадай жерде көйлегiнiң етегi алау-далау боп, ойбайын салып, кемпiрi жақындап келiп те
қалған екен. Өзiн анталай қоршап тұрған дұшпандардың бiрi батып тие алмапты. Сол арада
кемпiрi аңырап кеп, мұны құшақтардай болды да, қан-қан өңiрiн, сұп-сұр болған жүзiн
көрiп, қатты шошып, керi шегiне бердi. Тоғанақ өзiнiң есi жаңа кiргенiн, ақырғы демiнiң осы
екенiн сезiп, оң қолының саусағымен кемпiрiн өзiне шақырды. Соны көрiп, кемпiрi ойбайын
салып, қасына келдi де, мұның аяғын ұстап, жылап жiбердi. Сосын қолын сүйiп жатыр...
Тоғанақ тағы да есiнен жаңылып қалды. Бiр рет есiн жиса, қайтадан баяғы бiр
сырнайдың iзiнен жүгiрiп бара жатыр екен. Бұ жолы анада қарақалпақтармен болған
соғыстағы жас жiгiт кезi екен дейдi. Үстiндегi сауыты жарқ-жұрқ етедi. Қолындағы ақ
алмасы қылпып тұр. Содан бұл әлгi дауысты қуып бара жатса, бiр жерлерге келгенде, iзден
адасып қалыпты. Содан өзiне қараса, сақалы ағарған шал бопты. Ендi дауыс қайдан шығады
деп, алақтап тұрса... қасынан кемпiрiнiң аңыраған даусы шығады.
Батыр ақырғы күшiн жиып, өз-өзiнен жұмылып кете берген көзiн зорлап ашса, кемпiрi
мұның аяғын құшып, зарлап жатыр! Ол оң қолын шаққа дегенде өз алқымынан жазып,
кемпiрiне қарай созды. Ағаштай боп қалған саусағының ұшы оның шашына тигенiн емiс-
емiс сездi. Басынан жаулығы ұшып кеткен кемпiрi мұның қолын ұстап ап, тағы да сүйе
бастады. Батыр ақтық күшiн жиып, әзәр дегенде тiлi сөзге келiп:
— К-к-ем... пi-iр... ыр-разы бол... мен... кеш-ш...тiм, — дедi де, қолы дiр-дiр етiп барып,
сәлден кейiн барып қимылсыз қалды.
Тоғанақ одан арғыны сезбедi. Ендi әлгi шырақ алыстан лып-лып етiп тұрып, бiртiндеп
сөне бастады. Батыр шөкелеп отырған қалпы дiр-дiр етiп тұрып: “Иә, Алла!” — дедi де, әлгi
дiрiл бiрте-бiрте басылып, құйған тастай нардай денесi қимылсыз қалды. Ұлы батыр бұ
дүниядан көше бердi.
Кемпiр даусын жырта аңырай бастады...
* * *
Батырдың бұ дүниядан өткенiн көрiп, Елмырза да, Ақсақал да қатты шошыды. Табын
жiгiттерiнiң де өң мен түсi қалмаған. Олар төбе басында сарта жүгiнiп, құбылаға қарап
қалған батырға жақындап бара алмай, аттарының бастарын керi бұрып ала сала, аямастан
қамшы сап, сұмдық болған жерден тезiрек қашып құтылып кетудi ойлап, бытырай шауып
бара жатты. Жол бойы ешкiм үндемедi. Елмырза болса, былай шығып бара жатып, бағана
жыңғыл түбiне Қожболатты қол-аяғын байлап, тастап кеткенiн жаңа ғана есiне алды. Оған
қайрылып баруға батпай, қолын бiр сiлтеп, жөнiмен тарта бердi.
Ақсақал былай шыққасын-ақ өз-өзiнен мазасызданып, түрi қуқыл тартып, iлелi сырқаты
бардай ат үстiнен бүгiлiп кете барды. Соны көрген Елмырза: “Мынаны әруақ атты! Ендi
қайтып қатарға қосылмайды”, — деп iшiнен бiлетiн дұғасын оқи бастады.
Осы кезде бiр жiгiт арт жаққа қарап:
— Шаң көрiндi! Шаң! — деп айғайлап жiбердi.
Елмырза жалт қараса, алыстан будақ-будақ шаң шығып келедi екен. Мыналардың
шынымен қуғыншы екенiн бiлген ол жiгiттерге қарап:
— Тарттық! — дедi де, ешкiмге қарамастан, сатырлатып шаба жөнелдi.
* * *
Қасына жиырма-отыз жiгiт ерткен Жәнiбек шауып жеткенде, Тоғанақ батыр әлдеқашан
жүрiп кеткен де едi. Ол тынан түсе сап, жақындап кеп, жылап жiбердi:
— Иттер-ай! Мұнда не атасының кегi бар едi?
Зарлап отырған кемпiр есiнен адасып қалғандай екен. Онан жөн сұрап болмады.
Қасында тұрған Қалдыбай сол сәтте: