Стр. 183 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

182
— Анау кетiп бара атқан солар! Бет алысы Аламесек! — деп көз ұшында бара жатқан
аттыларды қолымен нұсқап көрсеттi.
Жәнiбек анықтап қараса, көз ұшында шаңы бұрқырап, аттылар қашып барады екен. Сол
арада өзiне не болғанын аңдамай:
— Тарттық! — дедi де, атына мiне сап, сатырлатып шаба жөнелдi.
Қалған жiгiттерi мұның соңынан салды. Олар iзбен жүрiп отырып, әлгiлердi қуа бердi.
Бiрақ жете алмады. Табындардың қолы жеткiзбей, жiтi жүрiп отырды. Бұлар аттарын
қаншама ала өкпе қылғанымен, бүгiн олардың қарасына жақындай алмасын бiлдi. Бiр араға
келгенде Жәнiбек атының тiзгiнiн тартып, ызалана бiр боқтап:
— Қап! Құтылып кеттi! Бұлай боларын бiлгенде ме?! — дедi.
— Ендi жеткiзбейдi, — дедi Қалдыбай қап-қара боп тұрып.
— Ертең де күн бар ғой. Әлi көремiз, — деп Жәнiбек тiстене сөйлеп, атының басын
керi бұра бердi. — Төкеңнiң ауылына барайық. Жаңғыз үйлi кемпiрдiң жан-жаққа хабар
беретiн кiсiсi де жоқ шығар. Қолымыздан ақ жуып, арулап көмейiк! Пақыр иманды болсын.
Олар келгенде қайдан естiгенi белгiсiз, жақын маңдағы ел-жұрт жиналып қалған екен.
Бiр молда кiсi батырдың иманын үйiрiп, қол-аяғын уқалап жазып, оң жаққа салып та
үлгерiптi. Аспан, Бозғұлдың шалдары тегiс жылап жүр. Бұларды көрiп, бәрi жаппай көрiстi.
Жәнiбек шыдамай, алғаш рет өкiрiп жылап жiбердi...
* * *
Сүйтiп, Сыр бойына атақ-дәрпi жастайынан жайылған, туған ел-жұртын талай рет
қаскөй жаудан қорғап, омырауын оққа тосқан, бұқара халықтың қорғаны бола бiлген ұлы
батыр бұ дүниядан қайтты. Кiндiк қаны тамып, шыр етiп жерге түскен шағынан басталып
келе жатқан ұлы көштiң тоқтаған тұсы осы болды. Баяғыдан бермен қарай бiрте-бiрте
жақындай түскен, бүткiл халық қайғы-қасiрет шеккен, аза тұтқан сол бiр қаралы күн туды...
27
Тоғанақ батырды бүкiл халық боп қойды. Оң жақта үш күн бойы ұстап, ат жетер жақын
жердегi Төрт Шөмекейдiң бар жақсысына хабар берiлдi. Бұл хабарды естiген бойда елдiң
сорпаның бетiне шығарлары азаға салатынын айдап әкеп, тегiс жиналды. Бес Бозғұлдың
кiсiлерi кеуiл айтушыларға арнап жиырма шақты қараүйдi тiгiп тастады. Сол күндерi ойдан-
қырдан ағылып келiп жатқан елдiң есебiн алып болғысыз едi.
Жәнiбек өз ауылына Қалдыбайды жұмсап, үш түйеге артып саба-саба қымыз алдырып,
он шақты қысыр биенi азаға салды. Өз алдына жеке үй тiктiрiп, Аспан руы атынан Тоғанақ
батырдың қабiрiне топырақ салам деушiлердi жеке күттi, мал сойдырып, аспаздарды тыным
таптырмай, келген кiсiлердiң жайын жасаумен болды.
Алғашқы күннен бастап-ақ Бозғұлдар бес-алты молланы шақырып, құран оқыта
бастады. Соңғы күнi ғана олар құран хатым қылды. Үшiншi күнi азанда сүйекке кiрген жетi
кiсi Тоғанақтың мәйiтiн ақ жуып, пәклеп болғасын, Сейтпембет қожаның бiр шөбересi
жаназасын шығарды. Содан кейiн батырдың кiлемге оралған денесiн төрт кiсi көтерiп,
Қызылдың кiсi аяғы баса қоймайтын бiр үлкен төбесiне апарып жерледi. Батырды зиратқа
түсiрерде тағы да құран оқылды. Содан кейiн ел-жұрт жылап тұрып, ұлы батырымен
қоштасып: “Жатқан орның жайлы болсын!” — деп, топырақ сала бастады.
Жәнiбек те бiр түрлi боп, тар лахатқа барып орналасқан батырдың денесiн майда
ұлпадай топырақтың көмiп бара жатқанын көрдi. Өзi де тие берсiн деп, майда топырақтан
сала бердi. Аздан кейiн қабiр топыраққа толды. Мына сайын даланың тиыштығын күзетiп,
ағайынның арын арлап, талай рет атқа қонған кешегi алып батыр ендi, мiне, қара жерге
айналып, томпиып қана жатыр. Бұл дүнияда болмағандай жым-жылас. Өттi, кеттi. Жәнiбек
күрсiндi. Құран оқылып болғасын, бетiн сипап, дүния деген осы деп, орнынан түрегеле
бердi...
Аздан кейiн ұлы батырды жерлеуге жиналған халық орындарынан тұрып, ақырындап
бет-бетiне тарап бара жатты. Бес Бозғұлдың ақсақалдары тiгiлген үйлерге келгесiн, өзара
ақылдасып, батырдың жетiсiн ертеңiне берiп жiберелiк деп келiстi де, жиылған ел-жұртқа
тарамаңыздар деп өтiнiш еттi.
Ертеңiне тағы да мал сойылып, құран оқылып, ұлы батырдың жетiсiн берiлдi. Жетiсi
аяқталғасын, бiр жылдан соң Төрт Шөмекейдiң жақсылары Тоғанақтың басын қарайталық
дестi. Сол уәдемен батырдың азасына жиылған ел тарқай бастады.