183
* * *
Жәнiбек қасына серiктерiн ертiп, ауылына қайтты. Бұл кезде мамыр айының соңы
болып та қалған едi. Күн ыси бастаған шақ. Кеше ғана көздiң жауын алып, найқалып тұрған
қалың шалғын, бидайық пен еркек ендi күн нұрының қуатына шыдамай, сарғайып пiсе
бастапты. Ойдым-ойдым жантақтардың бастары қоңыр сары бүрiн жаңа жарып келедi.
Жусандардың бастарындағы бүртiктерi бозарып, айналаға ащы бiр ақырған исiн таратып
тұр. Жәнiбек сол иiстi құмарта жұтып, жайымен жүрiп келе жатқан ат тұяғының бiр
қалыпты дүсiрiне құлақ сап, өзiмен өзi боп келе жатты. Есiнен Тоғанақ батыр шықпай
қойды. Қатар жатқан ағайынды екi елдiң тентектерi айлалы жаудың айтағына ерiп, бiр-
бiрiмен қырқысып, ақырында арқа сүйер батырын өз қолымен өлтiрiп тынды. Сонда не
ұтты? Сүйткенде кiмнiң тауын қиратам дедi? Кiмнен кек алып, кiмге жақсы атты болам
дедi? Апырау, соны бiр осы ойлап көрдiк пе? Ағайынмен аузымыз ала болғанда тапқан
пайдамыз кәнеки? Бiздердi арамза жау өзара атыстырып-шатыстырып қойып, әлсiреген
кезде, өзi төбе би боп шыға кеп, жерiңдi де, аузыңа түсер нәпақаңды да тартып алып жатқан
жоқ па? Соны осы бүгiн де көрiп те жүр емеспiз бе? Көрiп жүрмiз. Бүгiнде атасы басқа жат
жұртқа мазақ боп, табан астында таптала бастадық па? Таптала бастадық. Бүгiнде сенiң ен
жатқан далаңа қожалық еткен жау ертең отбасыңа, қатын, бала-шағаңның тағдырына қол
салмайды дейсiң бе? Шариғаттың жорасын былай лақтырып тастап, өзiнiң естi кiсiнiң
ақылына қона бермес үрдiсiн әкелiп, зорлап таңбайды дейсiң бе? Әрине, таңады.
Қуырдақтың көкесiн со кезде көресiң. Әккi дұшпан қай кезде де, ең алдымен, кiсiнiң
отбасын, жылы ұясын бұзады. Содан кейiн барып ата қонысыңның берекесiн қашырады.
Артынша тiлiңдi де, дiнiңдi де бүлдiредi. Ол кеткесiн, ешқандай да халық жоқ. Заман азды,
жер тозды дейтiн нақ осы. Соны осы ел жақсылары неге ойламайды? Оның орнына барлығы
да өз руының, өз тайпасының дәрәжәсынан аса алмайды. Аса алмайды? Сонда өзiң асып не
iстедiң? Сен де өз аталығыңның ар-намысын қорғап жүрген жоқсың ба? Исi халық үшiн не
жасадың? Осы сұрақ оның кеуiлiне тiкендей қадалды. Ол ойлы көзiн қылт-қылт етiп келе
жатқан атының қиған қамыстай екi құлағының ортасына қадап, үн-түнсiз келе жатты. Не
iстедiң? Ау, бұл деген өз руының аманшылығын көздедi. Кеше Хиуа бектерiнiң тұсында өз
руы қиянат көре бергесiн, ана Ережептiң қысымынан құтылдырып, сардар болды. Әркiм
осылайша өз руының, өз тайпасының ар-намысын, мүддесiн қорғаса, түбi жаман болмайды.
Сүйтiп тайпалардың ту көтерер басшылары бiрiге кеп, бүткiл бiр халықтың намысын
көздесе, одан артық бақыт та, байлық та жоқ. Ондай дәуiр исi қазақтың тарихында болды да
ғой. Кешегi ақ табан шұбырынды, алқакөл сұламада Алшын Әйтеке би, Үйсiн Төле би,
Қаздауысты Қазыбек би үшеуi бiрiгiп, Жоңғардан шыға шапқан қалмақтарды бiр қырған едi
ғой? Сол ауызбiршiлiк, сол татулық кәзiр қайда? Бүгiнде жұрттың бәрi қит етсе осылай деп
зарлап қоя бердi. Бiрақ сырт айнала бере, өз ағайынының пайдасын ойлап кетедi. Ондайлар
жүрген жерде еш береке болмайды. Жарықтық Тоғанақ батыр бүткiл ел-жұрттың абырайын
ойлап тiршiлiк еткен едi. Ендi о да о дүниялық болып кеттi. Өмiр деген осы. Бүгiн барсың,
ертең жоқсың. Тек артыңда өз iсiңдi жалғастырар ұрпақ қалса жарайды да, соны кеуiлге
медет тұтасың.
Жәнiбек күрсiндi. Көптен берi өзiн қинап жүрген осы ойдың ұштығына жете
алмайтынын бiлiп, жол үстiнде ешкiммен сөйлеспей келе жатты. Оның кеуiл күйiн байқаған
серiктерi де үндемедi. Күн бұл кезде көтерiлiп, ыси бастаған едi. Көлеңкелерi қастарында
қалбақтай ерiп келедi. Сәлден соң ол мына ыстықтан апшысы қуырылғандай қысқара түсiп,
сары аяңмен жүрiп келе жатқан аттардың бауырына кiрiп-кiрiп кетiстi. Жәнiбек шөлдеп, жан
қалтасына қол салып, жарты құрт тауып алды. Соны аузына салып едi, құрттың қышқылтым
дәмi бiрден тiлiн үйiрiп әкеттi. Ол соны малта қып, аузының дәмiн алып, жүрiп келе жатты.
Биыл Жәнiбек туған жерiн сағынып, көктем туысымен Құлдан Қуаңға қарай асыға
көшкен едi. Iшiнен: “Менiң мұнда келгенiмдi орыс ұлығы қайдан бiледi?” — деген. Ендi
көшерiн көшсе де, Тоғанақ батырдың қазасынан кейiн, сонысына өкiнiп келедi. Арғы-бергiнi
ойластыра отырып, бұл осы батырдың өлiмiнiң әр жағында бәрiн терме алашаның
өрнегiндей етiп астыртын тоқыған бiреудiң барлығын iштей сездi. Ол адам өзi майданға
ашықтан-ашық шықпай, қазақтың даңғой батырсымақтарын бiр-бiрiне қарсы үрит соқ деп
айдап сап, қызығына көлденеңнен қарап отыр. О кiм сонда? Ана Елмырза ма, әлде Ережеп
пе? Жоқ әлде Захваткин бе? Мұның кеуiлi осыған қарай ауа бердi. Iшiнен бiр пәленiң
жандаралдан шығып жатқанын аңғарғандай болды.
Жәнiбек осы жаққа көшпестен бұрын, ұстазына хат жазып, мына iнiмдi мәдрәсәға
орналастыр деп өтiнiп, Әлжанды Бұхараға оқуға жiберген едi. Оны Бұхараға апарып,
орналастырып қайтқан Қасқырбай Әлiбектiң шынымен молла бола бастағанын, ұстазының
оны мақтап отырғанын айтып келдi. Бұл соған да дардайып қалды. Балаларының өзiнiң iзiн
қуа бастағанына кеуiлi марқайғандай болды. Ендi Қуаңға көшкелi Бұхарамен аралары