184
алшақтап кеттi. Ол жақта арнайы бармасаң, қиын. Оның үстiне мына қайғылы қазадан кейiн
Жәнiбек өзiнiң Сыр бойында тұрақтап отыра алмайтынын анық байқады. Бүгiн-ақ мұның
Қуаң бойына көшiп келгенi орыс ұлығына жеткен де шығар. Жетпесе, елдiң ыбыр-сыбырын
баққан саққұлақтар жеткiзедi. Сосын ол мұны ұстап әкелiңдер деп атты казактарын жiберсе,
өзiнiң ажалдан қашып құтылып кете қоюы қиын. Оның үстiне бала-шағасы да осы жақта.
Олардың жаудан қорлық көргенiнен гөрi, шет жақта болса да, аман-есен жүргенi жақсы емес
пе? Сол ойға табан тiреген ол бара сала ауылын Құлға көшiрмекшi болды.
Олар терiскейге жақындап келе берген сайын күн райы сынайын дедi. Аздап салқын
леп соқты. Жаманшығанақтың бойына жеткенде бұлар бiр қалың өскен мысыққұйрыққа
кездестi. Аттары жүрiп келе жатып, олардың басын шалып қояды. Мысыққұйрықтардың
ақшыл бастары тұтаса түсiп, терiскейден соғып тұрған майда самалдан сәт сайын толқып,
ырғалақтап, теңiзше толқып кетедi. Сонда бұлар қара жер емес, тiзеден су кешiп келе
жатқандай болады. Айналадан әлдеқандай шөптiң әдемi бiр жұпар иiсi шығады. Жәнiбек
басы айналғандай боп, көзiн жұмды. Мына бiр жұпар ауаны құмарлана жұтты. Сүйтiп келе
жатқанында, Қалдыбайдың шошып қалған даусы шықты:
— Жәке, анаң қара!
— О не? — деп бұл көзiн ашып жiберiп қараса, терiскейден бiр топ салт атты суыт
жүрiп келедi екен.
Жәнiбек анықтап қарады. Түрлерi қолпаң киiмдi қазақтарға ұқсай қоймайды. Кеуiлi
бiрден күдiк алып:
— Мыналардың жүрiсi тегiн емес қой,— дедi.
— Шынында да солай, — дедi Қалдыбай қолымен көзiн күннен көлегейлеп қарап
тұрып. — Мыналарың атты казактар болып жүрмесiн.
— Қой, қайдағыны айтпа.
— Айтайын, айтпайын, Жәке, сақтанайық.
— Онда... аттың басын керi бұрып, Кекiрелiге қарай салайық.
— Сүйтейiк. Ана ауылдардан аулақ алып кетейiк.
Жәнiбек атының басын бұрып ап, күншығыс жақты бетке ұстап, кете барды. Жiгiттерi
соңынан ерiп келедi. Жаңағы аттылар бұларды көрiп, iздерiнен салды. Жүрiстерi өте ширақ.
Жәнiбек ендi бұлардың жау екенiне күмәнданбады. Аттарын шоқырақтата отырып, бiр-екi
төбеден асып барып, сары аяңға көштi. Олардың қарасы көрiнбей кеткесiн барып,
Қасқырбайға бұрылып:
— Сен мына сәйкемен жүрiп отыр да, ауылға бар. Түнде тез Құлға көшсiн де! Кейiн...
бiздер артынан қуып жетемiз, — дедi.
— Мақұл, айтайын, — деп Қасқырбай атына қамшы салып, сәйкеге түсiп ап, қиястап
кете барды.
Бұлар ендi төбе басына шығып, жаңағылардың қарасын шолып байқады. Жүз қаралы
атты кiсi бұлардың iзiмен жүрiп келедi екен. Олардың аттарын қинағаны сонша, аралары
едәуiр жақындап қапты. Жәнiбек ендi атына қамшы сап, қайтадан шоқыраққа көшiп, тез
жүрiп отырды. Аналар да бұлардың соңдарынан қалмады. Аздан кейiн бұлар әлгiлердiң екiге
бөлiнгенiн көрдi. Бiр тобы, шамасы, Қасқырбайды байқап қалса керек, Кекiрелiнiң арқа
бетiне қарай аттарының бастарын түзеп ап тартып кеттi. Қалғандары бұлардың iздерiнен
салды.
— Мыналар атты казактар, — дедi ендi Қалдыбай күдiгi қалмай. — Не iстедiк, а?
— Не iстейiк? Қарсы шабардай қолымызда қаруымыз да жоқ. Ендi атымызға ғана
сенемiз. — Жәнiбек ыңыранып, аз-кем iркiлiп қалды.
— Мына ыстықта аттар шыдамайды.
— Мен де соны ойлап келе атырмын. Кешке дейiн жеткiзбесек, түнде құтылып кетер
ек.
— Кешке дейiн әлi бiраз бар ғой.
— Менiң таңғалып келе атқаным, олар неге бiздi қуып келе атыр?
— Шамасы, бiлген болуға тиiс, — дедi Қалдыбай.
— Сонда қайдан?
— Айтатын кiсiлер табылады ғой. — Ол артына жалтақтап қарап қойды. — Әне, олар
шын шабысқа көштi.
Жәнiбек жалт қараса, олар шыныменен құйғыта шауып келедi екен. Атты казактардың
қолдарына ұстаған найзалары осы жолы анық көрiндi. Ол атын ерiксiз тебiне берiп:
— Ал, кеттiк! — дедi.
— Тарттық! — деп, жiгiттер шу ете түстi.
Бұлар да шаба бастады. Бағанадан берi шоқырақпен келе жатқан аттар еттерi қызып,
бастарын ала-ала қашып, мазалап бiткен-дi. Ендi бар ерiк өздерiне тигенiн сезiп, ағыза
жөнелдi. Сатырлаған болат тұяқтардан тандырдай боп таңы кебе бастаған даланың төсi
дүңк-дүңк еттi. Арт жақтарында шұбалған шаң тұтасып тұрып алды. Атты казактар ендi