185
бұларды ұтылап қууға кiрiстi. Бiр тобы iлгерi шығып, келесi тобы кейiндеп келе жатты.
Оларды маңдарына жолатпайын деп Жәнiбек Шiрiк Рабат қарай салды. Қызылдың осы
тұсында бытпылдығы көп қалың жыңғыл баршылық. Әсiресе, жайқын жатқан кең алқапта
кiсi бойы келерлiк ши өсетiн. Соған табандары бiр iлiксе, әр жағында құтылып кетудiң ебiн
жасайды. Оның үстiне бұлардың жандарына медет етiп келе жатқаны — атты казактардың
аттары мына ыстыққа шыдамсыз, шамалыдан кейiн барлығып қалады. Үйтпеген жағдайда,
бұлардың жағдайлары қиын.
Жәнiбектер ендi ағыза отырып, Кекiрелiнiң тұсынан өтiп, алдарында мұнартып көрiнiп
тұрған кiшкене тауларға қарай беттедi. Ол таулар көзге сағым көтерiп шалынғанмен, әлi де
алыс. Күн болса, жаңа ғана екiндiге құлап бара жатыр. Жәнiбек ендi аттарды шаршатпайын
деп, атты казактардың артта қалғанын көрiп, шоқыраққа көштi. Қатты желдiртiп отырып,
олар бiр кезде бiр ауылдың тұсынан өтiп бара жатқандарын көрдi. Қалдыбай қаттырақ
сөйлеп:
— Мына ауылға соғып, жiгiттерiн жинасақ кәйтедi? — дедi.
— О да ақыл екен, — деп Жәнiбек атының басын солай қарай бұрып алды.
Бұлардың суыт жүрiсiнен ауылдың үлкен кiсiлерi шошып кеткен екен. Барлығы сыртқа
атып-атып шықты. Жиырма-отыздай бозбала әлден-ақ сойылдарын қолдарына алып, шын
шайқасқа дайын-ақ тұр. Жәнiбек олардың қастарына келiп, асығыс амандасты. Сүйтсе, бұл
Жолай Пiрәлi бидiң ауылы екен. Бидiң өзi басқа бiр жаққа қыдырыстап кетiптi. Жолайлар
шеттерiнен батыр, ақи боп келедi. Жәнiбектi көрiп, қошқар тұмсық, сүйегi салалы бiр жiгiт
жанына аяғын байпаңдай басып кеп:
— Жәке, сiздi танып тұрмын, — дедi. — Осыншама сасардай не болды?
— Соңымыздан атты казактар қуып келедi, — дедi Жәнiбек аптыға сөйлеп.
— Олар қай арада?
— Ендi шамалыдан соң осы жерге келiп те қалады.
— Ау, онда не тұрыс бар? — Ол жiгiттерiне қарады. — Кәнеки, бiрiң қалмай атқа
мiнiңдер. Сойылдарыңды алыңдар. Ол иттердi қырып салайық!
— Кәне, кеттiк!
— Бол, тез!
— Әкел сойылды! — десiп, Жолай жiгiттерi бiрден жапа-тармағай белдеуде тұрған
аттарына ұмтылысты.
Сасып келгенде Жолайлардың өзiне медеу болғанына сүйсiнген Жәнiбек оларға қуана
қарады. Дем арасында олардың қырық шамалы жiгiт сойылдарын қолдарына оңтайлай
ұстап, ауылдан ұзап шыға бердi. Жәнiбек жас жiгiттердi атты казактарға қарсы шығармай,
бiр бүйiрден апарып соқтырғанды мақұл көрдi. Бұл кезде атты казактар бұлардың iзiмен
салдыртып келедi екен. Жәнiбек: “Мыналар қалай адаспаған?” — деп таңғалып, олар жаққа
көз тастап едi, бiрден топ алдында келе жатқан қолпаң киiмдi қазақты байқады, бiрақ оның
кiм екенiн ажырата алмады. Олар да бұларды көрiп, аттарының бастарын бұрып-бұрып
алысты. Сол сәтте Жәнiбек қулық ойлап:
— Жiгiттер, әуелi қашқан боп, оларды ауылдан аулақ алып кетейiк. Сосын қалғанын
көре жатамыз, — дедi.
— Мақұл. Бұ да ақыл екен, — деп Жолай жiгiттерi керi қарай салды.
Дүркiрей қашқан бұларды көрiп, ендi атты казактар өршелене шапты. Арт жақтан тарс-
тарс етiп мылтық атылды. Әзiрге оқ жетпей, орта жолда шаңды бұрқ-бұрқ еткiзiп түсiп
жатты. Жәнiбек жiгiттерiнiң алдына шығып ап, құйғытып келедi. Астындағы жарамды ат
ендi етi мүлдем қызып, екi көзi танадай жарқырап, төрт аяғын тең тастап, пырылдай
жөнелдi. Жәнiбек ат жалына қарай еңкейiп, жабысып алған. Алдынан салқын леп соқты.
Көзiнiң алды жасқа толып кеттi. Әлгi ауылдан бiраз ұзап шықтық-ау дегенде барып, ол
атының басын iрке бердi. Мұны көрiп, арлап келе жатқан Жолай жiгiттерi де аттарын
шоқыраққа көшiрдi.
Бұл кезде күн еңкейiп, батуға тақап қалған да едi. Бұлардың көлеңкелерi арт
жақтарында ұзарып, ерең-серең етедi. Батысқа қарай шауып келе жатқасын, атты
казактардың көздерi күнге шағылысқан аттары жөндеп шаба алмай келе жатқан едi. Әзiрге
жете қоймаған оларға ау-тауық ызалана қарап қойып, Жолай жiгiттерi:
— Жәке, қашқан деген өлiм емес пе?
— Бiр шайқасып көрелiк!
— Көп болса, бәрiмiздi қырып салар!
— Ол қайда!
— Бiз де еркек шығармыз.
— Онан да қарсы шабайықшы, — деп қылқылдап қоймады.
Жәнiбек сар желiп келе жатып: