187
— Жәнiбек бүлiкшiлер талқандалғасын, Бұхара жағына ауа көшiп кеткен едi. Кәзiр Сыр
бойына қарай жақындап келiптi деп естiдiм.
— Ояққа баруға бола ма?
— Болғанда қандай! Әскер берсеңiз, оны қол-аяғын байлап ұстап әкеп берем, — деген
Ережеп құлшына түсiп.
— Мiне, дұрыс сөз. Ондай бүлiкшiлердiң көзiн құрту керек, — деп Захваткин тағы да
үстелдi жұдырығымен бiр қойып, сиясауытты төңкерiп түсiрген. Үстелдiң үстiне көк сия
жайыла аққан. Бiрақ Захваткин оған қарап жатпады, Нахаевты шақырып ап, бiрден бұйрық
берген: — Сен мына кiсiмен бiрге барасың. Ана Жәнiбек... дейтiн бүлiкшiнi тiрiлей не
өлiлей алып келесiң.
— Құп, ваше превосходительство, — деп Нахаев сымдай тартылған. Содан олар көп
кешiкпей Қызылға жүз шақты атты казакпен суыт жүрiп кеткен едi.
Әуелгiде олар ел арасына кiрмей, ауылдарды айналып өтiп, жұртты дүрлiктiрмейiн деп,
түнде жүрiп отырды. Жолда келе жатып Ережеп Тоғанақ батырдың қаза тапқанын естiп,
шошып кеттi. Ағайын арасының әңгiмесi қанша асқынса да, бұлай бола қояды деп еш
ойламаған едi. Бұл iшiнен дұғасын оқып, бата қылып күбiрлеп, бетiн сипады. Нахаев бұған
қарап:
— Бұ не? — деп сұрады.
Оның сөзiн қасында келе жатқан Дiнәлi тәржiмәләп жеткiздi. Ережеп ыңғайсызданып
қап:
— Бiз деген мұсылмандармыз ғой. Бiр кiсi қайтыс болған екен. Соның руһына
бағыштап дұға оқыдым, — дедi бiр түрлi кiнәлi адамдай.
— Е, — дедi де, Нахаев әрi бұрылып кеттi.
Олар Қызылға табаны iлiккесiн, Жәнiбектiң ауылы отырған түс осы-ау деп Көсеге
келдi. Онда ел жоқ екен. Содан тартып отырып, Сарыбұлақ арқылы Жаманшығанақ аспақ
болды. Сол арада бұлар келе жатып, қарсы жақтан көрiнген шаңды байқады. Олар да
бұларды көрсе керек, дереу бағытын өзгертiп, қиястап жүре бастады. Ережеп со жақты
сiлтеп:
— Ана бiр жiгiттердi қуалап көрейiк. Бұлар тегiн емес, — дедi.
Нахаев мұны бiрден қоштады:
— Қусақ қуайық!
Олар содан әлгi аттылардың iзiнен салды. Олар да жiтi жүрiп отырып, бұларды жуық
арада қастарына маңайлатпады. Ережеп алдыңғы жақта iзбен жүрiп келе жатып, бiр арадан
Жәнiбектiң атының iзiн анық таныды. Дереу Нахаевқа қарап:
— Мынау бiздiң iздеген адамымыз, — дедi.
— Онда жақсы болды. Кәнеки, казактар, қудық! — деп Нахаев атын шторымен екi
өкпеге тепкiлеп, iлгерi ұмтылды.
Басқа казактар да қиқулап шаба жөнелдi. Ережеп олардан қалғанын өзiне ар санап,
атына қамшы басып, ағыза бастады. Олардың алдына түсiп ап, сәлден соң жұлындай боп
үзiлiп шықты. Астындағы қарагер ат бәйгiге қосылмаса да, осындай шабысқа келгенде
есесiн жiбере қоймайтын жануар едi. Етi қызып алған ат ендi шын шабысқа көштi. Бауырын
жазып, дұрыстап кеп шапты. Сонда да Жәнiбектер бұларды паңайлата қоймады. Ақыры
болмағасын бiр араға келгенде, ырсылдаған атын қызыл май ғып тастамайын деп, Ережеп
тiзгiнiн тарта бердi.
Мұны көрiп, Нахаев та тiзгiн тартты:
— Мырза, не болды?
— Ендi аздап демалайық. Бүйте берсек, аттар болдырып қалады. Сосын... қиын, — дедi
Ережеп ентiге сөйлеп. Сосын iштей бәрiн есептеп жiберiп, Нахаевқа: — Сiздер осы топты
қуа берiңiздер. Бiздер Жәнiбектiң ауылына барайық, — дедi.
— Е, неге?
— Негесi сол, оның ауылында әйелi, бала-шағасы бар. Бiз соларды тұтқындап алсақ,
бәрi оп-оңай бiтедi. Оларды Қазалыға апарып, қамап тастаймыз. Сосын Жәнiбектiң тұтқынға
өзi кеп түседi.
— Жарайсыз! Мынау не еткен қулық! — деп Нахаев таңғалып, басын шайқады. —
Ендеше бiз кеттiк!
Олар кеткесiн, Ережеп қасына елу шақты атты казак пен Дiнәлiнi ертiп,
Жаманшығанақтың бойын бетке алып жүрiп кеттi. Бұ кезде күн еңкейiп қалған да едi. Сонда
да дала әлi ыстық. Күндiзгi аңылжыған аптаптың пәтi әлi қайта қоймаған. Ережеп аттарды
қинамай, шоқырақпен жүрiп отырып, Жаманшығанақтың бойына келдi. Жақын маңда
отырған ауыл көрiнбейдi. Сосын ол әрлi-берлi iз кесiп, бiр арада жақында өткен көштiң iзiн
ұшыратты. Атынан түсiп, анадай жерде жатқан жылқының құмалағын қолына ап, уқалап
көрiп едi, — әлi жас екен. Ол атына қайта мiнiп, жаңағы сүрлеумен тартты да отырды.