19
— Сонда да пақуатты екенсiз. Сiздiң қатарларыңыз кәзiр бойынан қауқары кеткен кәрi
қошқар құсап селдiреп қалды емес пе? Олар тоқал алып, бала таптырмақ түгел, қара
басымен қайғы боп жүр.
— Бәрi де Алланың әмiрi ғой.
— Оған бәндәның қандай шәгi бар? — деп, Төлеу ендi мұның бетiне бiр түрлi
әжуалағандай боп күле қарады. — Кенжеңiздiң атын не деп қойдыңыз?
— Не деп қояйын, Кенжеғұл деп қойдым.
— Ә, мынауыңыз қатып кеткен екен. Бiрақ... сүт кенже деп... сонда әлi де алдан үмiтiңiз
жоқ па?
— Қой, осы да жетер. Қалғаның... кiм бiлiптi? — деп Дүзбай ырза боп, батық мұрнын
бiр сипап, күлген болды.
— Сонда да... әлi қайрат барында... — деп, Төлеу кеңкiлдей күлiп, жанындағы
жастыққа қисая кеттi.
Қалған жiгiттер де қалжыңдап жатыр:
— Дүзекеңнiң әлi қуаты қайтпаған ғой.
— Ойбай, ақсақал әлi де ататын оғы көп сұрмергендей емес пе?
— Сiздiң жасыңызға жеткенде, мына бiздер бiр мыжырайған жаман шал болып
қаламыз-ау!
— Со кезде тоқал алмақ түгел, төсекте тоңқалаң аса алмай жатармыз.
Дүзбай мына мақтау сөзге ырза боп кетiп, дереу малай қатынды жүгiртiп, қонақтарына
қымыз құйдыра бастады. Дүзбай ауылы қымызды әбден бабына келтiрiп ашытатын. Өзi
үнемi местiң пүшпағын шешiп, қымыздың тұнбасын ғана iшетiн. Екi бетi әлi де қып-қызыл
Дүзбай қонақтарына:
— Кәнеки, алыңдар, — дедi. Сосын Төлеуге қарап: — Сен де бiр тектi атаның баласы
едiң. Күз болғанда тегiн жүрмеген шығарсың. Ауылыма құдай айдап әкелдi, кәне, еркiн
жатып демал, — дедi.
— Алдыраз болсын, Дүзеке. Бiздер бiрер күн ғана аялдаймыз. Көп жатуға кәзiр шаруа
басты боп кеттiк қой. Елде малға қарайтын адамдарға бас-көз болмасаң, мына орыс орам
алып жатқан шақта... өзi.. Қиын да ғой.
— Оның да жөн. Мен де малыма күштi етiп күзет қойып, әзер алдалап ұстап отырмын.
Екi қүннен кейiн Дүзбайдың сыйына кеуiлi толған Төлеу ауылына қайтпақшы болды.
Кетерiнде Дүзбай оның арқасына былтыр Бұқардан сатып әкелiнген бiр жiбек шапанды
жапты. Соған қатты ырза боп кеткен Төлеу алғысын жаудыра-жаудыра отырып, кеуiлденiп
атқа қонды. Күн кешкiре бере сол қол жақтағы Қазалының кезiнен өтiп бара жатып, ол
атының басын тартып, кiлт тоқтай қалды. Басына бiр бұзық ой түсiп, кешкi апақ-сапақта
жiгiттерiне екi көзi жылтырай қарады. Оның ниетiн айттырмай-ақ түсiне қойған әпербақан
жiгiттер әлден-ақ желпiнiсiп, оны қоршап ала қойды. Төлеу сақалыпың ұшын қолының
добалдай саусағымен тартқылап тұрып:
— Әй, осы бiз бұяққа ендi қашан келемiз, — оны бiр құдай бiледi. Ат аунаса түк қалар
деген. Iзiмiзде бiр шу қалсын да. Мына кәпiрлерге ойран салып кетсек кәйтедi? — дедi.
Тентек жiгiттер дем арасында ду ете түстi:
— Шынында да, сүйтейiк.
— Ет жей-жей, әбден бала табатын қатынша семiрiп те кеттiк. Ендi бiр бойымыздағы
ұйыған қанды, өй, бiр таратайық!
— Осы мына пәни дүнияның төбелессiз не қызығы бар, ә?
— Ендеше, кәне өзiң баста!
— Е, бастаса несi бар? Бұл менiң жаңа көрiп жүрген қоқайым дейсiң бе? — деп әлгi
шойқара дөкiр жiгiт адырая түстi.
Олар сол арада аттарынан түсе қап, айыл, тартпаларын жақсылап тартып алды. Сосын
атқа қонып, жiтi жүрiп отырып, Қазалының маңайындағы бiр қара дөңге жақындап келе
бердi. Бұ кезде күн батып, қараңғылық қоюлана бастаған едi. Анадай жерден лаулап жанған
от көрiнедi. Олар Қазалыға жағындай бергенде, от жағып, ас пiсiрiп, апысы кiрiп, күпiсi
шығып жатқан бiр адамдарды көрдi. Олар өгiздерiн байлап, арбаларын қалағандай етiп
қатар-қатар қойыпты. От маңында ұзын етек қатындардың сереңдеген тұлғалары көрiнедi.
Мына жақта бес-алты ат жайылып жүр. Төлеу олардың мұнда көшiп келе жатқан атты
казактардың отбастары екенiн бiлiп, қанын iшiне тарта түсiп:
— Кәнеки, ұрандап шабайық! Бiр-екеуiң аттарын қуалап кете берiңдер! Бiздер
соңдарынан жетемiз, — дедi де, атын әлденеге кiжiне тебiнiп кеп қалды.
Төлеу батыр найзасын бiлеп жiберiп, алға түсiп ап, айқайды салып келедi. Оның
соңынан ерген жiгiттер де түнгi даланы ащы барқыраған дауыстарымен күңiрентiп
жiбергендей болды. Сасып қалған атты казактар тарс-тарс еткiзiп мылтықтарын айдалаға
атқылап, аттарына қарай тұра-тұра жүгiрiстi. Бұлардың жiгiттерi аттарға бұрын жетiп,
олардың шылбырларын қылышпен қиып-киып жiберiп, шыққан дыбылдан әлден-ақ елегзiп,