Стр. 190 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

189
ақты. Қасқырбай қызып кетiп, оны iшiнен бiр тептi. Содан кейiн боқтап, оны тебе бердi, тебе
бердi...
Нахаевтың тапсырған хорунжийi бұлар iштен шықпағасын, одыраңдап өзi кiре берген
едi, — мына төбелестi көрiп, қалт тоқтай қалды. Сосын казактарға айқайлап:
— Көмекке келiңдер! Болыңдар! — деп айқай салды.
Бiрнеше казак аттарынан түсе сап, берi қарай жүгiрдi. Келе олар Қасқырбайды бас
салды. Аса қайратты Қасқырбай екi казакты iшiнен теуiп, мұрттай түсiрдi. Үшiншiсiн
шықшытынан бiр перiп, керегеге соқтырды. Осы кезде топырлап келiп қалған басқа казактар
бас салып, Қасқырбайға жабыса түстi. Қайратты жiгiт қанша бұлқынса да, жабыса түскен
көп қолдан шығып кете алмады. Хорунжий осы кезде жетiп кеп, жұдырығымен
Қасқырбайды мұрнынан перiп кеп жiбердi. Қасқырбайдың мұрнынан қан сау ете қалды.
Соны көрiп, үрейi ұшып кеткен Ақкербез екi көзi алақандай боп, жан ұшыра жүгiрiп кеп, екi
араға түсiп:
— Тимеңдер! Тимеңдер! — деп айқайлады.
Хорунжий Ақкербездi өңменiнен түйiп жiберiп, жерге жалп еткiздi де, Қасқырбайды екi
бұтының арасынан ыңқ еткiзiп бiр тептi. Қасқырбай сол арада ақырғы рет қайрат қып, iлгерi
қарай бiр атылып, хорунжийдi тақыр басымен иектiң астынан бiр соқты. Хорунжий
қалпақтай ұшты. Сол екен, казактар жабылып, Қасқырбайды жерге жығып сап, басқа-көзге
қарамай тепкiлей бастады. Сәлден кейiн басын қолымен қорғаған Қасқырбай есiнен танып
қалды. Оны өлiмшi ғып тепкiлеп жатқанда, Ережеп те есiн жиды. Ол орнынан тұра сала
жерде жатқан Қасқырбайды бетiнен етiгiмен бiр тептi. Оның аузынан қан сау ете түстi.
Ережеп тағы да бiраз тепкiлеп, ырс-ырс етiп демiн алып тұрып, Ақкербезге бұрыла бере:
— Ә, сайқал! Екi елдi бүлдiрiп жүрген қаншық! — деп, қамшысымен басынан бiр
тартып өттi.
Ақкербез басын қорғаштап, қолын тосып үлгердi, қамшы тайып тиiп, оң иығын осып
өттi. Ережеп ендi оны шашынан алып, сыртқа сүйреп алып шықты да, атты казактарға
бұйырып, бiр атқа жеке мiнгiздi. Сол арада оған ара түсiп:
— Әй, Ережеп, құдайдан қорықсайшы! Жазықсыз қатында нең бар? — деп, келе
қолына жармасқан Айжамалды кеудесiнен бiр түйiп, ақ шаңдаққа жалп еткiздi.
Көткеншектей құлаған Айжамалдың көйлегiнiң етегi түрiлiп кетiп, дамбалы көрiндi.
Казактар оған қарап, қарқ-қарқ күлдi:
— Мынау бiр күйi қатты қаншық екен!
— Өзi пiскен қарбыз секiлдi ғой!
— Шiркiн, былай... өзiн...
— Оған мына бастық рұқсат етпей отыр ғой. Болмаса...
— Киргизкаларды да бiр көру... керек-ау!
Сол арада бағанадан берi мынаған шаққа шыдап тұрған Дiнәлi қап-қара боп, ызаға
булығып:
— Бассыздықты доғарыңдар! — дедi.
— Немене? — дедi Ережеп оған қарай ақырын бұрылып.
— Аға-ау, бұ деген... бұл, бұл... ұят емес пе? — дедi ол қалш-қалш етiп.
— Ұят дей-й-сiң бе? Ал олар соны неге бiлмейдi? Әй, боқмұрын, сенiң әкеңнiң қолынан
билiгiн тартып алған осылар едi. Ендi сенiң соларға не қимаң қыши қалды? Өшiр үнiңдi! —
деп бiр ақырып, Ережеп казактарға қарап бұйырды: — Мына қатынды тездеп алып
жүрiңдер! Үйлерiн өртеңдер!
Кiсiлерi Тоғанақтың жаназасына кеткен ауылда еркек кiндiк аз едi. Соны пайдаланған
атты казактар еркiнсiп, ендi қатын, бала-шағаны сыртқа сатырлата сабап қуып шығып,
қараүйлерге өрт қойды. Соны көрген әйелдер ойбайлап, үрпиiсiп, бiр топ боп бөлек тұр.
Қараүйлер алғашында сытырлай жана бастады да, кенет лап ете қалып, лаулай жөнелдi. От
бiр үйден бiр үйге тиiп, ақырында қалың өртке айналды. Ережеп ендi бөгелмей, Ақкербездi
бiр атқа мiнгiзiп, жетегiне ап, Қазалыға тартып кеттi. Оның артынан елдiң ұлардай шулап:
— Көктеме!
— Көгерме!
— Бала-шағаңның рахатын көрме!
— Шаңырағың қирап, ортаға түссiн!
— Құдайдан тап! — деп қарғап жатқанын естiгiсi де келмедi. Iшiнен: “Қарғыстарың
қара бастарыңа!” — деп ол тарта бердi.
* * *