Стр. 192 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

191
iшiнен: “Қарамасаң, қарама! Ертең тоқал ғып алғанда, бiр-ақ қарарсың”, — деп сылқ-сылқ
күлдi...
29
Ақкербез түнiмен ұйықтай алмады. Анадай жерде жылтырап жатқан сексеуiлдiң
шоғына қарап, бүрiсiп отыра бердi. Iшiнен қан жылап отыр. Ауылда қалған кiшкене бөпесiн
ойлағанда, тұла бойы дiрiлдеп, көзiнiң алды қарауытып кете бередi. Кеудесiн ащы
тырнағымен бiрдеңе осып-осып алғандай болады. Ондайда әйел жаны шыдамай, өксiп-өксiп
жiбередi. Жылай-жылай көзiнiң алды iсiп кеттi. Мына жан-жағында өзiнен көз алмай
отырған дiнi, нәсiлi басқаларға шошына қарап, басына әлдеқандай жаман ой түсе бередi.
Әсiресе, әне бiр сарғыш мұртты, көк көзi шақшиған орыстан өлердей қорқады. Оның бұған
қарағаны-ақ жаман. Көзiнде нәпсi оты тұтанып, мұның тұла бойын тiнте қарап өтедi.
Сондайда бұның аза бойы қаза болады. “Мына кәпiрдiң көзi қалай жаман едi!” — деп
тiксiнiп, көзiн тайдырып әкетедi. Бiрақ бiр үрей оның кеуiлiн мазалай бередi.
Елдiң алды жатты. Жол соққан казактар пырдай боп жатыр. Анда-санда күзетiп
отырған казактың жөтелiп қойғаны есiледi. Ақкербез ойы әр саққа жүгiрiп, кiрпiк iле
алмады. Мыналардың тырнағынан ептеп-септеп құтылмаса, артының жаман болуы мүмкiн.
Қолына түскен қыз-келiншектi қандай дұшпан өз ырқына көндiрмеген? Онан кейiн өз
байыңа қайтып барып, қандай береке табасың? Адал асын арамдап алғандай о да жеркенiп
болмай ма? Одан да... мұның өлгенi жақсы.
Ақкербездiң есiне Құлдағы жайлаулары түсе бердi. О жақ бiр жер жаннатындай едi.
Ешкiм көп мазаламайтын. Жәнiбек соңғы кездерi Қуаңның боы жайлы көп айтып кеттi.
Содан-ақ бұл шоши бастаған. Дәл көшердiң алдында, түнде оңаша қалғандарында,
батылсыздау үнмен: “Сояққа көшпей-ақ қойсақ нағылады? Мына абыр-сабыр басылсын да”,
— деген-дi. Жәнiбек күлiп: “Қорықпа! Қуаңның бойына атты казактар келе қоймайды”, —
деген. Ендi өзiнiң сол қорқынышының өңiне айналғанына көзi жетiп отыр. Қызылдың түнгi
салқыны мұның тұла бойын тiтiркентiп жiбердi. Үстiндегi жеңсiзiнiң өңiрiн қаусырынып,
басындағы орамалын дұрыстап тартып отырды. Дәл со кезде өзiне қарай келе жатқан аяқ
дыбысын естiп, шошып кеттi. Жалт қараса — Ережеп! Ол келе мұны қапсыра құшақтап
алды. Демi тұла бойына тiтiркендiре тиедi. Ол сыбырлап:
— Айқайлама! Мен сенi алам! — дедi.
— Жiбер, оңбаған! Кәзiр айқай салам! — дедi Ақкербез бұлқынып.
Ережеп жiбере қоймады. Сосын болмағасын қатты бұлқынып қалып едi, оң қолы
құрсаудан шығып кеттi. Со кезде Ережеп мұны жерге атып ұрды да, үстiне мiне түспек
болды. Ақкербез жан ұшырып, бос қолымен оның бетiн тырнап кеп алды. Ережеп оған да
қарамай, қатты қимылдап, мұның омырауына қолын салмаққа әрекет жасады. Өзiнiң
салмағы ауыр екен. Ырс-ырс етiп, үстiне мiнiп ап, кеудесiн жаншып барады. Ақкербез бұдан
кейiн жағдайының қиынға айналатынын бiлiп, екi қолын қатты бiр жұлқып босатып ап,
оның кеудесiнен тiреп, бiр қимыл жасады. Ережеп бiр жағына қарай аударыла бердi. Ол
мұны намыссынып, қайтадан қимылдай бергенiнде, дәл арт жағынан Қалмырзаның:
— Әй, қайнаға, мұның ұят емес пе? — деген даусы шықты.
Ақкербез қуанғанынан жылап жiбердi. Орнынан атып түрегелiп, Ережептi өңменiнен
бiр түйiп, Қалмырзаға қарады:
— Ағатай, мына пәледен құтқара көршi!
Қараңғылықта Қалмырзаның жүзi көрiнбейдi. Ол жақын кеп, ызалы дауыспен:
— Ереке, мал боп кетпеген шығармыз. Бiреудiң ақ некелi қатынын масқаралаймын
деген не сұмдық? Осы азамат басыңызға лайқат па? — дедi.
Ережеп орнынан тұрып, үстi-басын сәл қағынып қойып, кiжiнiп:
— Сен қатынды ма, осыдан... көрермiн, — дедi де, әрi қарай кеттi.
Қалмырза басын шайқап:
— Бiз осыларды да ел ағасы деп жүрмiз-ау. Iстейтiн шаруасының түрi мынау, — дедi.
Сосын бұған қарап: — Мен ендi осы жерде болам. Мен тұрғанда, бұлардың бiр де бiрi
тиiспейдi, — дедi де, шоқ жанына барып шөкелеп отырды.
Ақкербез өлердей қорланды. Жаңа Ережеп жабысқан кезде, көйлегiнiң омырауын
жыртып жiберген екен. Соны жапқыштап, бүк түсiп отыра бердi. Ызадан жылармандай
болса да, көзiне бiр түйiр де жас келмедi. Тақа болмағасын аспанға қарады. Зеңгiр көкте
сирек жұлдыздар әр жер әр жерден жылтырайды. Ай әлдеқашан батып кеткен. Таң атуға
дейiн әлi бiраз бар. Ақкербез басына әлдеқандай бiр батыл ой шауып, бүйтiп қорлық
көргенше, мына жапан далада қаңғырып өлгенiм жақсы, деп түйдi. Тақымына ат тисе,
мұның жетi қараңғы түнде де өз ауылын тауып барары анық. Бiрақ ат қайда? Анда-санда
жөткiрiнiп отырған күзетшi казак мұны тiрiде жiбере ме? Қашам десе, ол шу көтерiп, елдiң