Стр. 193 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

192
бәрiн оятып, ұстап алатын шығар? Ол неге екенi белгiсiз, Қалмырзаға қарай бердi. Осы бiр
қараша жiгiттiң қабағында бiр жылу бар. Адамшылығы болмаса, жаңағы жерде мұны ана
жексұрынның тырнағынан құтқарып алар ма едi? Керiсiнше, мұның масқара болғанын қалар
едi ғой. Қалай десең де, мына жiгiт жаман емес.
Оның есiне баяғыдан бермен талқыға салынған тағдыры түстi. Ана жылы Төлеу батыр
елiн шауып, өзiн жайдақ нарға мiнгiзiп әкеткенде, басын шаққа дегенде арашалап алып
қалған едi. Сол сәтте оның көз алдында шатыр құрып, ақ дамбалы ағараңдап, iшке кiрiп
келген Төлеу батыр түстi. Ол сонда бiр сөзге тоқтап едi. Мына Ережептер сөзiңдi де, өзiңдi
де кәйтсiн? Бара-бара адам етiн тiрiдей жейтiн кiсiнiң қалпы анық сезiлiп тұр.
Ақкербез бүк түсiп отырып, кенет өзiнiң қалғып бара жатқанын сездi. Селк етiп оянып,
ернiн қырқа тiстеп, көзiн ашып алды. Жан-жағына қараса, атты казактар қалың ұйқыға
кiрiсiптi. Күзетшiнiң де жөткiрiнгенi естiлмейдi. Iшiнен: “Иә, Алла, жолымды оңғара гөр!”
— деп, ол орнынан сыбдырсыз тұрып, сәл-пәл еңкейiп, жан-жағына қарап алды. Ояу ешкiм
де көрiнбейдi. Сосын ол дiрiлдеп кете берген бойын шаққа дегенде билеп, биiк тақалы етiгiн
ақырын басып, iлгерi жүре берiп едi, тысыр еткен дыбыстан қалт тоқтай қалды. Иманы
ұшып кеттi. Арт жағына қараса, Қалмырза бұған қарап:
— Тиыш, — деп сыбыр еттi.
Ақкербез не дерiн бiлмедi. Қалмырза ақырын жүрiп кеп, жанына жете бере:
— Былай жүр, — дедi де, мұның қолынан ұстады.
Ақкербез оның ырқына ерiксiз бағынды. Қалмырза оны жәйiмен жетектей отырып,
пырдай боп жатқан казактардың арасынан аман-есен алып шықты. Мына шетте қалың
жыңғыл бар екен. Соған жетсе болды, бұлардың көзден таса болатыны айқын едi. Қалмырза
мұны жетектеген қалпы жыңғылдың қасына жете бере қалт тоқтап, ақырын ғана:
— Мынаның iшiне тығыла тұр, — дедi. Сүйдедi де өзi керi қарай кеттi.
Ақкербез жыңғыл iшiне кiрiп кеттi. Етегiн iлген әлдеқандай шөпке қарамады. Бiр қалың
жыңғылдың арасына кiрiп, жанын сақтар осы сияқтанып бұға қалды. Қалмырза қайда кеттi
деп ойлады. Ол шамасы, ат әкелуге кеткен болуы тиiс. Мынадай сайын далада көлiксiз қайда
барасың? Қара жаяу қалсаң, ертең шөлдеп өлесiң. Оның ойы сан-саққа жүгiрiп, мазасыздана
бердi. Әгәр оны ұстап алса кәйтем, деп бiр ойлады. Онда мұның бұл жыңғыл арасында
бөгелмегенi мақұл. Неде болса тәуекел деп, керi жүрiп, Қуаңның арнасына жетсе, әр жағын
көре жатады. Сол қамшы боп, орнынан тұра бергенiнде, жыңғыл арасы тысыр еткендей
болды. Ақкербез бұға қойды. Қараңғыда тысыр шыққан жаққа қараса, бiр кiсiнiң тұлғасы
қараяды. Мұның тұла бойы суық ұрғандай қал-тырап кеттi. Бақырып жiберуге шақ қалғанда,
Қалмырза:
— Бұл... мен ғой, — деп үлгердi.
Ақкербез аузын қолымен баса қойды. Қалмырза қасына кеп, қолынан жетектеп,
жыңғылдың арғы жағына қарай беттедi. Бұ жақ құмшауыт екен. Кейiн қарай ысырылып кете
берген құмды биiк өкшелi етiгiмен баса отырып, итiңдеген қалпы, Ақкербезбен екеуi iлгерi
жүре бердi. Құм шағылдан асып түскесiн барып, олар шiдерлеулi тұрған екi атқа тақап келдi.
Қуанғаннан Ақкербез не дерiн бiлмедi. Қалмырза болса тез қимылдап, шiдерлердi шешiп,
Ақкербезге қарап:
— Бол, атқа мiн, — дедi.
Ақкербез асығыс-үсiгiс үзеңгiге аяғын сұға бердi. Сосын жеңiл қимылдап, ер үстiне
қона түстi. Қалмырза атына лып етiп бiр-ақ қарғыды. Сосын екеуi аттардың бастарын бұрып
ап, қатты тебiнiп қап, желе жортып жүрiп кеттi. Бiраз жерге дейiн олар шапқан жоқ. Жаңағы
әскер жатқан жерден ұзадық-ау дегенде барып, Қалмырза атына қамшы салды да, бұған
қарап:
— Ал, бас қамшыны, — дедi.
Ақкербез де атқа қамшы салды. Астындағы аты бiр қос жүйрiк екен. Қамшы тиiсiмен
ытырынып кеттi. Ендi төрт аяғын тең тастап, сатырлап шаба жөнелдi. Алдан аңқып жел
соқты. Ақкербездiң құлағының тұсынан салқын жел ысқыра соққандай болды. Дәл осы
кезде арт жақтан әлдеқандай шу шыққан сықылданды. Әуелгiде бұл мұны желдiң
ысқырғаны шығар деп ойлап едi. Қалмырза арт жағына жалт қарап:
— Ойбай, қуғыншы келе атыр, — дедi. Сосын асып-сасып: — Менiң алдыма түс те,
шаба бер. Мына жұлдызды оң жағыңа ұста да, тарта бер! — дедi.
— Өзiң кәйтесiң? — дедi Ақкербез ағызып келе жатып, қаттырақ сөйлеп.
— Менен... қорықпа. Iзiңнен шауып отырам, — дедi де, Қалмырза кейiндей бердi.
Ақкербез ендi астындағы атқа қамшыны аямай салды. Ат ата жөнелдi. Заулап келе
жатып, арт жағына бiр бұрылып қараса, Қалмырза да қалмай, шауып келедi екен. Соны
дәтке қуат қып, бұл ат жалына қарай сәл-пәл еңкейiп алып, құйғыта бердi. Дәл осы кезде арт
жақтан сатырлап келiп қалған он шақты аттының аяқ дыбысын анық естiгендей болды. “Иә,
құдай, өзiң қолдай гөр!”— деп күбiрлеп, бiр аллаға жалына бастады. Ат жалына қарай
еңкейiп, жабыса түсiп, тастай боп қатып қалды. Екi тақымы қарысып қалғандай едi. Осы