193
кезде арт жақтан тарс-тарс етiп мылтық атылды. Ақкербездiң иманы ұшып кеттi. Ат жалына
онан әрмен жабыса түстi. Мылтық тағы да үстi-үстiне атылды. Бiр оқ ысқырып барып,
әлдеқайда, мына қараңғылықтың бiр жағына барып сiңiп жоқ болды. Келiншектiң зәресi
ұшып, мына ат сүрiнiп кетпесе екен деп тiлеп, әулие-әнбиелерге жалына бастады.
Астындағы аттың делебесi қозып, ендi мүлдем ытырына жөнелдi. Бұл сол арада ердiң
қсынан ұстап келе жатып, шабысына қарап, мына аттың Ережептiкi екенiн аңдады. Бiр сәт
насаттанып кетiп, iшiнен табалап: “Ә, бәлем, саған ба осы!” — деп қойды. Сүйтiп келе
жатып, арт жағына бiр қарады. Тас қараңғыда ешкiмдi көре алмады. Бiрақ алыстан сатырлап
шапқан аттардың тұяғының дыбысы анық естiлiп тұр. Бұл Қалмырзаны ойлап, атының
басын сәл-пәл iркейiн деп едi, қызып алған жануар әл бермедi. Сонда да қайрат қып, бұл
аттың пәтiн қайтарғандай болды. Ақыры шаққа дегенде тоқтатып, демiн ентiге алып, кейiнге
қарап, тың тыңдады. Жаңағы дүрсiл бұған қарай жақындап келе жатты. “Қалмырзаны тастап
кеткенiм ұят қой”, — деп, ол сәл-пәл кiдiргендi мақұл көрдi. Бiрақ тастай қараңғыда еш
нәрсенi ажыратып болар емес. Ол болмағасын шылбырды бiлегiне орай сап, жерге қарғып
түстi де, бұғып, арт жағына қарады. Тақтайдай даланың бiр шетiнде өзiне қарай ағызып келе
жатқан он шақты аттының қарасын көрдi. Қорқып кетiп, атына қайтадан қарғып мiнiп, шаба
жөнелдi. Бұл ұзамайын дегенге арт жақтан бiр атты заулап келiп те қалған едi. Қорқып кетiп,
жалт қараса, Қалмырза екен. Өзi ат жалына жабысып алыпты. Қайратты жiгiт шаққа дегенде
басын көтерiп, әлсiз дауыспен:
— Қар-рағым, ша-а-ба бер. Ма-а-ған қа-а-рама! — дедi.
— Неге? — деп Ақкербез iркiле берiп едi, Қалмырза кет дегендей қолын әлсiз ғана
сiлдедi. Ақкербез ағызып келе жатып, оған оқ тигенiн бiлдi. Оны тастап кеткенiн қолайсыз
көрiп, неде болса қарайлайын дей бергенiнде, Қалмырза қаттырақ сөйлеп:
— Кет! — дедi де, ер үстiнен сыпырылып құлай бердi.
Ақкербездiң зәресi ұшып кеттi. Оны көрiп шошып кеткен аты ата жөнелдi. Басына әл
берер емес. Осы кезде соңғы жақтан сатырлап он шақты атты келiп те қалған едi.
Қалмырзаға қарайласа, өзiнiң қолға түсерiн бiлiп, iшiнен қан жылап, Ақкербез шаба бердi.
Жолшыбай пора-пора боп жылап келедi. “Қасқа-ай, мен үшiн қор болды-ау”, — деп бойы
бордай босап кете бередi. Осы кезде тағы да мылтық тарс-тарс атылды. Ақкербез ат жалына
жабыса қалды. Ендi тақымын қыса түсiп, басы қатты аттан сыпырылып қалмайын деп, ағыза
жөнелдi. Алдынан тағы да аңқылдап жел соқты. Құлағының түбiнен әлдеқандай самал
ысқыра соғып, тез арада кейiндеп қалып барады. Ақкербез жаңа Қалмырза сiлтеген
жұлдызға қарап алып, оны оң қол жағында ұстап, тарта бердi. Сәлден кейiн арттағылардың
дыбысы естiлмей кеттi. Үрейi ұшқан келiншек алды-артына қарамай заулап келедi. Бiраздан
соң ат екi өкпесiн соғып, ырсылдай бастағасын, тiзгiндi тартып, оны жай шоқыраққа
көшiрдi. Мынадай алас-қапаста паңайына жылқы малын жолатпай, жау қолынан алып
шыққан жануарға ырза боп, қолымен оның жалын сипап қойды. Ат та соны сезгендей, басын
шұлғып тастап, тартып келедi. Ақкербез арт жағына алаңдап қойып, Қалмырза кәйттi екен
деп ойлап кете бердi. Қайтып баруға болмайтынын бiлiп, дел-сал болды. Ендi атының
тiзгiнiн тартып, жай аяңға көшiрдi де, жаңағы жұлдызға қарап алды. Қызу шабыс үстiнде сәл
қиястап кеткен екен. Оны оң қол жағына қайтадан ұстап, жүрiп келе жатты. Тақымы қатып
қалған екен, шаққа дегенде жазды. Сосын iлгерi қарай жүрiп кеттi.
Таң ағарып атып келе жатты. Шығыс жақ құланиектенiп, бозарып тұрды да, кенет қап-
қараңғы боп кеттi. “Таң қараңғылығы деген осы-ау”, — деп, Ақкербез жан-жағына елеңдей
қарап келедi. Сол мезетте сол бүйiрден бiрдеңе бүкiрейiп өте бердi. Астындағы аты
осқырынып, басын кегжитiп, қалш-қалш етiп тұра қалды. Ақкербез шошынып:
— Кет, әй! Бұ кiм? — дедi.
Анау бүкiрейген нәрсе қиястап өтiп бара жатып, арс ете түстi. Сол сәтте астындағы аты
қарғып кеттi. Ақкербез ерден ұшып түсе жаздап шақ қалды. Сосын дереу дұрысталып
отырып, мынаның қасқыр екенiн бiлiп, атына қамшы салып, қайтадан ағыза жөнелдi. Әлгi
қасқыр бұның iзiнен қуып келедi. Бүкеңдеп жүгiргенде, қалатын түрi жоқ. Сол арада
Ақкербез оның жаңғыз емес, бiрнешеу екенiн көрдi. “Құдай-ай, өзiң жар бола гөр!” — деп,
тiзгiндi делбеп, шаба бердi.
Қасқырлар мұны қамап алмақ боп, бiреуi алдын орай жүгiрдi. Ат үркiп, басын ала-ала
қашып, солға қарай шапты. Осы кезде арт жақтан жүгiрген бiрнеше қасқыр жетiп те қалды.
Кенет бiрi жете бере арс етiп қарғып едi, аузы жетпей, тырнағы мұның етiгiнiң қонышын
тырнап өттi. Ақкербез бақырып жiбердi. Астындағы атының жалына жабысып, шаба
жөнелдi. Бағана алас-қапаста қолына шыбық та алмағанына ендi өкiндi. Қасқырларды
жасқайтын дәнемесi де жоқ.
Ақкербез ұзақ шапты. Қасқырлар бiресе ояғынан, бiресе бұяғынан шығып, атын әбден
қызыл май қылды. Жануар жан ұшырып, бiр рет кiсiнеп қойып, ендi бетi ашыққа қарай
сатырлай шапты. Қасқырлар iзiнен қуып келедi. Өздерi бiр қалар емес. Ақкербез
жағдайының ендi қиынға айналғанын бiлдi. “Құрыдым-ау”, — деп келе жатқанында, кенет