Стр. 195 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

194
жаңағы қараңғылық дүр етiп серпiлiп, айнала әппақ боп сала бердi. Ақкербез қасқырларды
ендi анық көрдi. Олар мына жарықтан ұялғандай қуғандарын қойып, сәл бүкеңдеп, ере түстi
де, құйрықтарын арт-тарына қысып, шоқиып отырып қалды. Ақкербез оларға қарап қойып,
қаша бердi. Қасқырлар ендi мұны iндетiп қумай, төбе басына шығып, қарап-қарап тұрды да,
әй, сенi бiр көрермiз дегендей, ақырын бұрылып, бүкеңдеп керi қарай кеттi. Қорыққан
Ақкербез шабуын тоқтатпады. Ағызып келе жатып: “Апырмай, мыналар да естi екен ғой.
Адамның қасқырлары болса ғой...” — деп қойды. Қасқырлардың қарасы көрiнбей кеткесiн,
бұл аттың тiзгiнiн тартып, жан-жағына қарап, жер шамасын болжамақ болды. Бұрын бұл
араны мүлде көрмептi. Мына даланың шөбi Қуаңның бойына онша ұқсаңқырамайды.
Сортаңы, ащылығы көптеу. Қуаңның шөбi бозғылттау болатын. Аспанға қараса, түнi бойы
өзi бағдарын бiлiп келе жатқан жұлдыз қуқыл тартып, көрiнбей кетiптi. “Ендi кәйттiм?” —
деп келе жатып, ол кенет алдынан әлдене ыңыранғандай болған бiр сесi бөлек дыбысты
естiгендей болды. Қалт тоқтай қап, тың тыңдады. Бұ жолы ыңырынған дыбыс анық естiлдi.
Өзi соған қоса, бiр түрлi ысқырып соққандай бiрдеме! Неде болса деп, ол сол жаққа қарай
тарта бердi. Бiрнеше қырдан асқанда барып, Ақкербез өз көзiне өзi сенбей, тоқтай қалды.
Қарсы алдында сонау шетi көкжиекке барып астасып кеткен бiр шалқар көл ыңыранып
жатыр. Көл үстiнде ойнақы жел бар екен. Ақжал толқындар жайымен ысырылып кеп, бергi
жақтағы биiк жарқабаққа жете бере, дүрс-дүрс құлайды да, керi қайтады. Ол жаңағы
ысқырған дыбыстың осы екенiн, түнде қашып келе жатып адасып, Қазалының батыс
жағындағы көлдердiң бiрiнен кеп шыққанын аңғарды. Сосын анадай жерде шаңқылдай
ұшып жүрген шағалаларға қарап қойып, осы маңда ел бар-ау деп, өзi тұрған төбеден төмен
қарай ақырындап түсе бастады. Дәл осы кезде сырт жағынан шыққан көп аттың дүсiрiн
естiп, артына жалт бұрылып едi, iзiнен келе жатқан атты казактарды көрдi. Ақкербез сол
арада дем жетпегендей тынысы тарылып, тұла бойы қалтырап, ызалана жылап жiбердi...
30
Жәнiбектер арттарынан шыққан қуғыннан шаққа дегенде құтылды. Бұ жолы
қуғыншылар бұлардың iздерiнен адасып қалды. Қызылдың сусымалы шағыл құмына кiрiп
кеткен бұлардың iздерiн анық болжай алмаған атты казактар аздан соң керi қайтты.
Олардың қалғанын бiлiп, Жәнiбек ақ көбiгi шыққан аттарды ендi қинамай, ауанымен жүрiп
отырып, жаңағы қуғын-сүргiн болған жерден ұзай бердi. Аздан соң олар кең жазыққа
шығып, жер шамасын болжап алды да, Жетi Қарақшыны оң жақтарына ұстап, оңтүстiк-
терiскейге бұрылды.
Бұл кезде күн батып, ымырт үйiрiлiп қалған да болатын. Аспанда ай жоқ. Көк жүзiн
торлап қалған қап-қара бұлт мына жалпақ даланың үстiне өз салмағын ауырлағандай төне
түсiптi. Дала жым-жырт. Анда-санда шiлделiктiң шырылдағаны естiлiп қалады. Аттардың
топылдаған тұяқтарының жақындап қалғанын сезiп, тып-тиыш бола қап, бұлар өтiп кеткен
бойда қайтадан баяғы шырылына басады.
Жәнiбек қасында келе жатқан Қалдыбайға бұрылып:
— Олардың екi бөлiнгенi несi? — деп сұрады.
— Мен де соған таңғалып келе жатырмын.
— Ана Ережеп сұм... бiрдеңе деп...
— Қайдам.
Олар ендi артық тiлдеспей, тездеп жүрiп отырды. Түн ортасы ауа бере Қуаңның
жағасына құлады. Одан күнбатысқа қарай беттеп, өздерi кеше кеткенде отырған ауылдарына
бармақ болды. Қалдыбай сол арада атын тебiнiп қап, мұнымен қатарласа бердi:
— Жәке, мыналардың бiздi қумай керi қайтқанында бiр гәп бар сияқты.
— О не сонда?
— Байқадың ба, соңымыздан қуғандар, негiзiнен, атты казактар. Iштерiнде қазақтар
жоқ. Демек, аналар басқа жаққа кеткен.
— Сонда қайда?
— Қайдан бiлейiн. Кеуiлiме бiр күдiк кiре бередi.
Жәнiбектiң оны тыңдағысы келмедi. Өз кеуiлi де бiр түрлi боп өрекпiп келе жатқан-ды.
Жол үстiнде әлденеге мазасыздана бердi. Ойы сан-саққа жүгiрдi. Сосын өзiн-өзi зорлап
басып: “Қой, жамандық шақырмайын”, — дедi. Бiрақ та сол мазасыздық кетпей қойды.
Олар таң сыз бере ауылдарына құлады. Биiк қабақтан құлай бере барлығы да өз
көздерiне өздерi сенбей тоқтай қалды. Кеше ғана кеткендерiнде сонадайдан көз тартып, бiр-
бiрiне тiркесе жарасып, алқа қотан тiгiлген қараүйлердiң орнында күл жатыр. Күркелердiң
қасында бiреулер қарауытады. Жәнiбек шыдамай, атын тебiнiп қап, желе жөнелдi. Қара
жердi ат тұяғымен дүңкiлдете кеп, ауыл iшiне кiре бердi. Мұны көрiп, ағайын-туғандары