195
күркелерден өре түрегелiп, жылай дауыстап, көрiсiп қоя бердi. Жәнiбек атынан дүрс етiп
жерге түсе қап, жасы үлкендеу малшыдан:
— Әй, не болды? — дедi қаттырақ сөйлеп.
— Мырза, айтары жоқ. Ана Ережеп сұм келiп... — деп ол жасын жұтып, тоқтап қалды.
— Иә, сосын?
— Сосыны сол, ол атты казактарды бастап кеп, бәрiмiздi таяққа жықты. Қараүйлердi
өртеп жiбердi. Ең жаманы...
— Иә, бол айт! — дедi Жәнiбек ендi ақырып. Көз алды бiрден қарауытып кеттi.
— Жаманы, — деп әлгi кiсi иегi дiрiлдеп, кемсеңдеп, сөйлей алмады.
— Бол, айт! — деп Жәнiбек қайтадан ақырып жiбердi.
— Жаманы, сол, Ақкербездi тұтқын қып алып кеттi.
— Неме-е-не? — деп Жәнiбек қайтадан сұрады. Сосын сәл-пәл керi шегiнiп: — Алып
кеттi дейсiң бе? Сонда қайда? — дедi.
— Былай қарай, — деп әлгi кiсi Қазалы жақты сiлтедi.
Жәнiбектiң көз алды қарауытып кеттi. Ызаланып, қамшысымен жердi бiр тартты.
Сосын әлi құрығандай бүгiлiп бара жатты. Қалдыбай жүгiрiп кеп, оның қолтығынан алды.
Сүйемелдеп барып, анадай жерде жатқан жазының үстiне отырғызды.
Осы кезде бұлардың хабарын естiп, басқа бiр күркеден аңырап Айжамал шықты. Оның
екi көзi былаудай боп iсiп кетiптi.
— Мырза-ау, барсың ба? Тiрiсiң бе? Айдың-күннiң аманында шапқыншылыққа
ұшырадық. Қор болдық қой, ойбай, — деп өкiрiп кеп, мұның қолынан ұстай алды. Ол арық
саусақтарымен мұның қолын қармап, сүйiп жатыр, жылап жатыр...
Жәнiбек сонда ғана есiн жиды. Қасындағы Қалдыбайға екi ойлы боп қарады. Қалдыбай
оның ниетiн түсiнiп, әлгi кiсiге бұрылып:
— Кеткенiне қанша болды? — дедi.
— Кеше кешкiлiк кеттi ғой. Суыт жүрген кiсi көп болса, Көсенiң ояқ-бұяғына барып
қонады.
— Қарамы қанша?
— Елу шақты.
— Iшiнде кiм бар?
— Менiң танитыным Ережеп пен Қалмырза. Олар Қасқырбайды өлiмшi ғып сабап
кеттi.
— Айтпақшы ол қайда? Осында ма? — деп Жәнiбек ендi орнынан атып түрегеп, әлгi
кiсiге бақырая қарады.
— Ол шошып кетiп:
— Мырза, дәнеме етпес. Сүйегi сау. Ана күркеде жатыр, — деп қолымен көрсеттi.
Жәнiбек ендi сол күркеге қарай асыға қадамдады. Ол асып-сасып келсе, Қасқырбайдың
басын әлдеқандай шүберекпен таңып тастапты. Өзi төсекте сұлап жатыр. Аздап ыңырсып
қояды. Жәнiбек қасына кеп, қолын ұстап, өкiрiп жылап жiбердi:
— Бауырым-ай, саған азап берген қай ит екен? Кеудемде жаным тұрса, олардан кек
алмай тынбаспын, — дедi.
Қалдыбай да жылап жiбердi. Бұлардың даусын естiп, Қасқырбай дом боп iсiп кеткен
көзiн сәл-пәл сығырайтып ашты. Мұны танып, гүптей ерiндерiн ақырын қозғап:
— Ж... жә-ә-ке, — дедi де, әрi қарай айта алмай, аздап күлiмсiредi.
— Көзiн ашты, көзiн ашты, — деп Қалдыбай дауыстап жiбердi. Сосын оның жанына
бiр тiзерлей отыра қап: — Халың қалай? Жақсысың ба? — дедi.
Қасқырбай жауап бермей, ақырын ғана күлiмсiредi. Жәнiбек оны қатты аяп:
— Демал. Әлi-ақ аяғыңа мiнiп кетесiң. Бiз олардан кегiңдi алып беремiз, — дедi. Сүйттi
де орнынан тез түрегелдi. Күркеден шығып, егде малшыға: — Қасқырбайдың бар жайын
жасаңдар. Осы арада өзiңмен бiр-екi үй ғана қалсын. Қалғандарың Құлға көшiңдер, — дедi.
— Тиейтiндей қараүй де жоқ, — дедi егде кiсi.
— Барын тиеңдер. Ана Ниязға барыңдар. Менен сәлем айт, сол барлық жағдайды
жасайды. Бiр кiсiнi Хиуаға жiберiп, қараүйдiң сүйегiн алдырсын. Бiз соңдарыңнан барамыз,
— деп Жәнiбек ендi Қалдыбайға бұрылды.
Ол да мұның ойын түсiнiп отыр екен:
— Иттер онша көп ұзай қойған жоқ. Бiз төте жолмен тартайық. Сонда Мойшаққа
жеткiзбей алдарынан шығамыз.
— Ол дұрыс қой. Бiрақ... бiз азбыз, — дедi Жәнiбек екi оқты боп.
— Неде болса, қуайық. Ең болмаса, Ақкербездi құтқарып алайық, — деп жiгiттер сол
арада шу ете түстi.
— Жарайды, қайда қалмаған жан? — дедi де, Жәнiбек атына кеп мiндi. Қолына анадай
жерде жатқан найзасын ұстады. Сосын ойына бiрдеме түсiп, атынан түсе қалды да, күркеге