Стр. 198 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

197
— Апырмай, ә? — деп Жәнiбек те таңғалды. — Шынында да, мынау тегiн емес.
Жiгiттер, былай қылайық. Қалмырза да елдiң бiр азамат жiгiтi едi ғой. Мына төбенiң басына
қойып кетейiк. Сосын мына iзге түсiп көрелiк.
Бiр-екi жiгiт қанжарларымен ойып лахат қазды. Сосын Жәнiбек жаназасын шығарып,
Қалмырзаның қолымен уқалап көзiн жауып, киiмшең қалпы көрге көтерiп апарып салды.
Жiгiттер түнерiп тұрып, кеше ғана өздерiмен бiрге күлiп-ойнап жүрген қатар жiгiтiн қара
жерге тапсырып, майда топырақтан сала бастады. Сәлден кейiн қоңыр төбенiң басында бiр
обашық пайда болды. Моланың басына сексеуiлден белгi жасап, ақ шүберек байлап, тағы да
дұға оқып, беттерiн сипасқаннан кейiн аттарына мiндi. Ендi олар жаңағы жаңғыз атты
кеткен iзбен суыт жүрiп отырды.
Олар түске дейiн әлгi iзден жаңылыспай, қатты арлай тарта отырып, бiр жазыққа кеп
құлады. Одан әрмен iз жоғалып кеттi. Қалдыбай өте iзшiл болатын. Ол жазықтың арғы
тұсын кесiп жүрiп, iздiң ендi күншығысқа қарай беттеген жерiн тауып алды. Сосын олар әлгi
iзге түсiп ап тағы да сар желiп кеттi.
Күн сиыр сәскеден ауғанда әлгi iз бұйырғынды жермен жүрiп кеп, Қуаң жақты бетке
алыпты. Қалдыбай оған қарап:
— Мынау, сөз жоқ, Ақкербез болды, — дедi.
— Оны қайдан бiлдiң? — дедi кеуiлi қобалжып келе жатқан Жәнiбек сенер-сенбесiн
бiлмей.
— Олай дейтiнiм, мына iзге қарағанда, ол Қуаңда отырған ауылды iздеген. Сосын
аттың қиғаштап кете бергенiне қарағанда, үстiндегi кiсi еркек емес, әйел. Үйренбеген бөтен
ат жалпы әйелдерге көне қоймайды.
— Сонда... қалай?
— Оның iж қалайы жоқ. Мынау ат, сөз жоқ, Ережептiкi. Еркектiң қарулы қолына
үйренген ат әйел мiнсе, еркiнсiп кетедi. Аттың кей арада қиғаштап кете бергенi сондықтан.
Ал кеттiк! Тек аман-есен болса едi, — деп Қалдыбай ендi алға түсiп, арлап тарта жөнелдi.
Жәнiбек оның соңынан амалсыз ердi. Олар күн зауал ауғанша аттарын алмай қатты
жүрiп отырды. Iз бiресе оңға, бiресе солға қарай бұрыла берiптi. Бiр араға келгенде ат
тоқтап, сәл-пәл тұрғанға ұқсайды. Содан кейiн бiр бүйiрлеп шаба жөнелiптi. Бұлар сол iзбен
келе жатып, кенеттен әлгi жаңғыз аттыға тағы да бiр топ аттының iлесе шапқан iзiн көрдi.
Сар желiп келе жатқан Қалдыбай:
— Мыналар кешегi атты казактар. Солар қуған болды, — деп ендi атын тебiнiп қап,
шаба жөнелдi.
Жәнiбек те шыдамай атына қамшы салды. Жүйрiк ат ытырынып, iлгерi ұмтылды. Олар
құйғытып келе жатқанда бiр арада анадай жерде жылтырап жатқан бiр нәрсеге көздерi түсiп,
аттарының бастарын тарта бердi. Қалдыбай жерге қарғып түсе сап, әлгiнi қолына ұстап,
қуана айғайлап жiбердi:
—Мынау Ақкербездiң бiлезiгi!
— Қойшы? Рас па? — деп Жәнiбек атын тебiнiп, оның қасына кеп, бiлезiктi қолына
алды. Шынында да, бұл анада өзiнiң Бұхараға барғанда сатып әкелген бiлезiгi болатын.
Соны көрiп, Жәнiбек толқып кеттi. — Апырмай, мынау иттер тағы да қуған екен. Әйдә,
кеттiк! — деп бiлезiктi қалтасына сала сап, iлгерi қарай шаба жөнелдi.
Шамалыдан кейiн әлгi топтың жаңғыз аттыны қоршалап тоқтағаны iзден белгiлi болды.
Содан кейiн олар терiскейге қарай тартыпты. Көп iздiң iшiнде жаңағы аттың да iзi бар.
Қалдыбай бiрден санын соғып:
— Қап, босқа айналып қалдық-ау! Олар ұстап алыпты ғой! Ендi оларды қуып жете
алмаймыз, — дедi.
Жәнiбек ендi шыдамады. Үндеместен атын қамшылап, терiскейге қарай құйғыта
жөнелдi. Қалған жiгiттер iзiнен ере шауып келедi.
Олар содан күн екiндiге құлағанша шапты. Сосын ырсылдап, ақ көбiгi шыққан аттарын
шоқырақтата отырып, күн әбден батқанша суыт жүрiп отырды. Қуаңнан өтiп, бiр көш
жердей жүргесiн, Жәнiбек атынан түсiп, тақым жазып алғанды мақұл көрдi. Аттарды бiр-
бiрiне қосақтап байлап, қаңтарып тастады. Өздерi қоржындарынан суып қалған еттi алып,
туралап жедi. Бiр сағаттай демалғасын, ымырт үйiрiле қайтадан аттарына қонды.
Терiскейге жақындаған сайын ауа салқын тарта бастады. Әсiресе, түнге қарай алдан
салқын жел соғып, күнұзақ аптап қақтаған жiгiттер кеуде кере дем алғандай болды. Аттар да
ширақ жүрiп келедi. Жәнiбек Темiрқазыққа қарап ап, Қазалының тұсын ойша бағдарлап,
салдыртып жүре бердi.
Түн ортасы ауа олар Көкқатынның тұсына келдi. Айсыз қараңғыда iз кесу қиын болған
соң, Қалдыбаймен кеңесiп, неде болса таңды осы арада атырғанды жөн көрдi. Сосын
аттардың арқандарын сексеуiлге тарта байлап, су бермей, қаңтарып тастады. Өздерi киiмшең
қалпы ерлерiн бастарына жастанып, сусыған шеге топыраққа сұлай-сұлай кетiстi.