Стр. 199 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

198
Жол соғып, шаршап келген жiгiттер бiрден қор ете түстi. Жәнiбек екi көзi бақырайып
әлi жатыр. Кiрпiгiне ұйқы оралар емес. Қара көк аспанға қарап, әр нәрсенi ойлап кете бередi.
Ақкербездiң қолға түскенi анық болды. Ол байғұс ендi кәйтiп жатыр екен? Ана атты
казактар масқаралап... Жо, жо-жо-о-қ. Оның одан әрмен ойлағысы да келмедi. Бiр бүйiрiне
батып жатқан бiлезiктi алып, қолымен оның бұдыр-бұдыр өрнегiн сипады. Сосын мұрнына
апарып едi, одан келiншегiнiң таныс исi шыққандай болды. Кеуiлi босап, бiлезiктi аз-маз
ұстап тұрды да, қайтадан жан қалтасына салып қойды. Сүйтiп жатып әр түрлi нәрсенi ойлап
кете барды. Сөз жоқ, мұны iстетiп отырған Ережеп. Ақкербездi тұтқындап алып бара
жатқанына қарағанда, мұны әйелiн iздеп келедi, сосын қолға түсiремiз деп жорамалдаған. О
да ана сұмның қулығы болуға тиiс. Жәнiбек сол арада iшiн әлдеқандай улы бiрдеменiң
жандырып бара жатқанын сездi. Көз алды қарауытып, тiсiн қашыр-қашыр еткiзiп,
жұдырығын ерiксiз түйе бердi. Осы тұрғанда кездессе, кiм-кiмдi де аямай, шауып, туралап
өлтiргiсi барын байқады. Қолы қалып алған дағдысымен қылышының балдағына әлденеше
рет барып қайтты.
Жәнiбек азырақ тынығайын деп көзiн жұмды. Басы солқ-солқ етедi. Бiрақ ұйқы келер
емес. Сол арада баяғыда Төлеу Малдыбайдың ауылын шауып, Ақкербездi алып кеткенде,
iзiнен қуып барып, осындай бiр төбе баурайында жатқаны есiне түсе кеттi. Онда да осындай
бiр хал кешкен. Сондағы Елдестiң айтқан сөзi де жадында. Сонан бермен талай жыл өтсе де,
тiршiлiктегi не бiр қиын жағдайдың ұмытылмайтыны өзiн таңғалдыра бердi. Бұл Ақкербезге
талай рет iштей күдiктенiп қарады. Оның өзiне дегенде еш кiнәсi жоқ екенiн бiле тұрса да,
бiр қызғаныш бас көтерiп, кеудесiн осып-осып алғанда, не болғанын бiлмей кетедi. Онысын
сыртына шығармай, iшiнен тынатын. Соның бәрi перзент сүйгесiн барып басылып,
ұмытылып кеткендей де едi. Ендi мына жағдай тап боп, баяғы күдiктiң үстiне күдiк
жамалып, iшi иттей ұлып жатыр. Жәнiбек өзiнiң Ақкербезсiз мына дүнияда тiршiлiк ете
алмайтынын, күн көрсе де, оның ажарсыз, қызықсыз болатын алғаш рет анық сездi. Сол
арада қалған тiршiлiгiнiң бәрi мағынасыз бiрдеме сықылды көрiнiп кеттi. Ендi қалайда да
қайрат қылып, Ақкербездi жау тырнағынан босатып алуы керек. Болмаса, екiнiң бiрi. Сол
қамшы боп, ол орнынан тұрып кеттi. Құм арасында әрлi-берлi жүрiп, көрер таңды көзiмен
атырды.
Таң атқасын жiгiттер iз кесiп қарады. Бұл арадан ешкiм де өтпептi. Қалдыбай көзiн
қыса қарап тұрып:
— Олардың басқа жерден өтуi мүмкiн емес. Қолына олжасы түскесiн асықпай келе
жатқан болуы керек, — дедi.
— О да мүмкiн.
— Бiз ғой осы онша көп емеспiз. Бар болғаны отыз шақтымыз. Мына арада
Боғанайлардың ауылдары бар. Соған барып, көмекке жiгiт жинап қайтсам кәйтедi? — дедi
ол бұған қарап.
Жәнiбек тыңнан табылған ақылға қуанып кетiп:
— Мұның дұрыс екен. Барсаң, тез барып қайт. Сен келгенше, бiз оларды әурелей
тұрармыз, — дедi.
Қалдыбай тез аттанып кеттi. Ол түс болмай қасына жиырма-отыз жiгiттi ертiп келдi.
Бәрi де сойыл, найзаларын қолдарына ұстап алыпты. Арасында сирақты қара мылтықты
бiреу жүр. Жәнiбек жiгiттермен жылы ұшырай амандасып, ыңғайсызданғандай:
— Осындай бiр жағдай басқа түсiп қалды, — дей бередi.
— Жәке, мұның iж айыбы жоқ. Ағайын басына күн туғанда, бiз қалай қарап жатамыз?
Неде болса бiр көремiз, — дедi Сырым Өңгебай қаттырақ сөйлеп. Ол Сырым руының
осындағы бiр беделдi биi едi.
— Алдыраз болсын. Жақсылықтарыңыз құдайдан қайтсын.
Осы кезде қарауылда тұрған бiр жiгiт:
— Әне, көрiндi! — деп айқайлап жiбердi.
Жәнiбек орнынан тез атып түрегелiп:
— Кәнеки, атқа қоныңдар! — деп бұйрық бердi. Өзi атына қалай қарғып мiнгенiн
бiлген де жоқ.
Олар төбе басына самсап шыға келгенде, атты казактар алдағы қара төбеден берi қарай
ойға құлап келе жатыр екен. Бұларды алдарынан күтiп алады деп ойламаса керек, дереу
тоқтай қалысты. Жәнiбек оларды одан әрмен састыра түсейiн деп, қынабынан қылышын
суырып алып:
— Жiгiттер, бәрiмiзге бiр құдай жар болсын! Тарттық алға! Дөйт! Дөйт! — деп атын
тебiнiп қалды да, ағызып шаба жөнелдi.
— Дөйт!
— Дөйт! — деген ұранды жапа-тармағай салып, қалған жiгiттер де тұра ұмтылысты.
Жұлқынып тұрған аттар араларын алшақ сап, бытырай шапқанда таудан ақтарылған
селше үлкен бiр қол келе жатқандай боп кеттi. Бұларды көрген атты казактар иiрiлiсiп тұра