199
қап, мылтықтарын иықтарынан жұлып-жұлып алысты. Сосын бәрi қосыла гүрсiлдетiп ата
бастады. Бiрнеше жiгiтке оқ дәл тиiп, табан астында тiл тартпай құлады. Жiгiттер оған қарап
жатпады, арлаған қалпы шуылдап, ағызып келедi. Бәрi де найза мен сойылдарын ыңғайлап
ұстап алыпты. Жәнiбек топ алдында келе жатып, не iстеп, не қою керектiгiн анық бiлмедi.
Бар бiлгенi — ана топтың ортасында тұрған Ақкербездi құтқарып алу ғана. Ақкербез де
бұларды таныса керек, жұлқынып, бiрдеңе деп, iлгерi ұмтыла бердi. Бiр казак оның атын
жұлқа жетелеп, былай алып бара жатты. Жәнiбек атын тебiне түсiп, ақыра ұмтылды. Со
кезде атты казактар қанаттарын жайып, мылтықтарын тағы да қатарынан бiрнеше рет тарс-
тарс еткiзiп атты да, қынаптарынан қылыштарын суырып-суырып алысты. Сүйттi де бұларға
қарсы, Ақкербездiң алдын орай шапты. Әп-сәтте қазақ жiгiттерi мен олар ию-қию араласа
кеттi.
Жәнiбек ат үстiндегi ұрысқа әбден төселiп қалған едi. Оған қоса атты казактардың
шайқасу әдiсiн бiлетiн. Келе көзiмен Нахаевты iздедi. Ол анадай жерде жүр екен. Оның бер
жағында екi-үш казак жанталаса шайқасып жатыр. Қазақ жiгiттерi сойылдарын сермеп,
олардың қылыштарын бойларына дарыта қоймады. Бiр-екеуiн тобықтан ұрып, жерге
ұшырып түсiрдi. Жәнiбек оңтайына келген бiр еңгезердей казакты қиялай шауып, қақ бөлдi.
Қылышының жүзiнен жылып аққан қанға қарамады. Екiншi казакты және де шауып түсiрдi.
Сол арада Нахаев кеп қылышын бұған қарай сермеп кеп қалды. Жәнiбек қылышын тоса
қойды. Болатқа болат соғысып, шың ете түстi. Иттiң қолы қарулы екен, тайып барып, мұның
атының сол құлағын кесiп түстi. Сол екен, астындағы аты ытқып кеттi. Ол ытқып бара
жатқанда Жәнiбек жалма-жан қылышын көтерiп ап, оң қолтықтың астынан сұғып үлгердi.
Нахаевтың бақырып жiберген даусы естiлдi. Жәнiбек қылышты қайта тығуға үлгермей
қалды. Аты атқып кетiп, шайқасып жатқан басқа бiр топқа кiре бердi.
Сырым мен Аю жiгiттерi де арпалыса шайқасып жатыр екен. Казактардың да,
бұлардың да қатарынан өлiп жатқандар баршылық. Жәнiбек атын тебiне түсiп, Ақкербездi
көзiмен iздедi. Сүйтсе, он шақты атты Ақкербездi еркiне қоймай, Қазалыны бетке алып,
шауып барады екен. Жәнiбек өзiне не болғанын бiлмей, атын қылышының қырымен бiр
қойып, ұрысып жатқан топтан шыға бердi. Мұны көрiп қалған кейбiр жiгiт:
— Қашты! Қашты! — деп айғай сап, аттарының бастарын бұрып алысты.
Сол екен, жаңа ғана арыстанша айқасып жатқан қазақ жiгiттерi керi серпiлдi. Бәрiнде де
бұрынғы батылдық қалмаған. Соны сезген атты казактар ендi еркiнсiп, оңды-солды
қылыштарын сiлтей отырып, ана қашып бара жатқандардың соңдарынан салды. Жәнiбек
айқайлап, керi серпiлген жiгiттердiң басын қайта қосып:
— Қорықпаңдар! Iжкiм де қашқан жоқ! Қуайық! — дедi. Өзi олардың соңынан салып
барады.
Сырым Өңгебай бастаған жiгiттер ендi қашып бара жатқан казактарды қуа түстi.
Қалдыбай мұның қатарында келе жатыр едi, казактардың атқан оғы оң иығынан тиiп,
ауытқып, шаққа дегенде құламай қалды. Ол шауып келе жатқан қалпы қанжарымен
тоқымнан кесiп ап, оқ тиген иығына сол қолымен басты. Тақа болмағасын киiздi лақтырып
жiберiп, шаба бердi. Жәнiбек оған қарап:
— Тоқта! Қолыңды таңып ал! Қансырап қаласың! — дедi.
— Iждеме етпес, — деп Қалдыбай мұның айтқанын тыңдамады.
Жәнiбек ақырып:
— Тоқта дейiм саған! Жарақатыңды таңып ал! — дедi.
Сонда ғана Қалдыбай кейiндеп қала бердi.
Қашып бара жатқан казактар ау-тауық тоқтай ғап, бұларға қарай оқты қарша боратып,
жандарына жолатпады. Ережеп бастаған ана топ көз алдарында ұзай бердi. Соны көрiп,
Жәнiбек жаны қалмай, iлгерi ұмтылып едi, бiр оқ ысқырып кеп оң шекесiн жалап өттi.
Демде самайын ыссы бiрдемелер қарып алғандай болды. Бiрақ оған қарап жатпай, iлгерi
қара шаба бердi. Казактар бұларды жақындатпай, әлсiн-әлсiн оқ атып, Қазалыға қарай кете
барды. Бұ күзде Сырым мен Аю жiгiттерiнiң қатары селдiреп те қалған едi. Өңгебай бiр
араға келгенде тоқтай қап:
— Жәке, бұдан iждеме енбейдi, текке қырыламыз. Одан да бiр ұтырын табайық, —
дедi.
— Қандай ұтыр? — дедi Жәнiбек самайынан аққан қанды қолымен сүртiп тұрып.
— Олар кәзiр арғы бетке өтпей ме? Онда да Қаралаңнан барып өтедi. Ал бiз осы жерден
тура атты жалдап өтейiк. Сүйтiп оны арғы беттен қарсы алдынан күтейiк.
— Бұ да дұрыс екен. Бiрақ кәзiр дария толық қой. Ат жалдап өту оңай емес.
— Ендi бұдан басқа қандай амал бар?
— Амал да жоқ. — Жәнiбек көп ойланып жатпай: — Жарайды, өтсек, өтейiк, — дедi.
Сосын жiгiттерiне қарап: — Тарттық! — дедi.
—Тарттық! — деп жiгiттер мұның соңынан ердi.
Олар ендi атты казактарды қумай, керi бұрылып, Сырға қарай тарта жөнелдi.