200
31
Дария биыл қатты толық едi. Көктемге таман Сыр арнасына сыймай, шiрей тасып,
мына тұрған Қазалының алабын тегiстей алып кететiндей ыңғай көрсеткен-дi. Ақырында
қызыл су шiрей кеп, биiк жарқабақтан ендi-ендi асып, лақ етедi-ау деп тұрғанда, iлгергi
жақтан бiр-бiрiне мiнгесiп, сiресiп қалған қалың сең кенет бұзылып, қызыл су Арал жаққа
жөңкiле ақты. Қазалының паңайындағы жатақ Қаракесектердiң қуанышында шек болмады.
Атты казактар да су тасыған кезде ауа көшетiндей боп тақталып отырған-ды. Су қайтқасын
олардың кеуiлдерi орындарына түскен-дi. Ендi мiне, сүйткен Сырдария қанасына сыймай,
ыңыранып жатыр. Терiскейден соққан суық желден ақ жал толқындар көтерiлiп, жағалауға
жете бере шылп-шылп ұрып, ақырын-ақырын керi қайтады. Жағада қайықшы жоқ екен.
Жәнiбек мына толқын тұрғанда арғы бетке өтудiң оңай емесiн бiлдi. Ат жалдап өткенмен де
әбден қиыншылық көредi. Оның үстiне арғы бет тiк жар екен. Одан аттың шыға қоюы қиын.
Сол себептi олар күнбатысқа қарай жағалап бiраз жүрдi. Бiр араға келгенде дарияның екi
жағасының да жайпауыт екенiн көрдi. Сыр бұл арада сарғыш тартып, лайланып ағып жатыр
екен. Демек, бұл араның онша терең болмағаны. Сырым Өңгебай жiгiттерiне бұрылып:
— Осы арадан өтiп көрейiк, киiмдерiңдi ердiң үстiне салыңдар. Өздерiң аттың жалынан
ұстап өтiңдер, — дедi.
Жiгiттер тездеп аттарының шылбырларын бастарына орап, киiмдерi мен қаруларын ер
үстiне салып, дайындала бастады. Жәнiбек те сүйттi. Таярланып болғасын, ол бiрiншi боп
суға қойып кеттi. Күн сәл-пәл суықтау болғанымен, су жылы екен. Жәнiбек жас кезде
Қуандарияға түскенi ойына оралып, аттың жалынан ұстаған қалпы, аяғымен есе жөнелдi.
Қасында аты пырылдай жүзiп келедi. Майда толқын оның тұмсығын әлмә-һәл көмiп кете
бередi. Сондай да аты iлгерi ұмтылып қап, басын кегжитiп ап, төрт аяғымен күрей еседi.
Жәнiбек атын аяп:
— Асықпа, кәзiр, кәзiр, — деп қояды.
Олар шамалыдан соң арғы бетке өттi. Жiгiттер табаны сусымалы қайырға тиген бойда-
ақ аттарын жетелеп, құрғаққа шығып, тез-тез киiне бастады. Сосын ерлерiн салып, айыл-
тартпаларын тарып, аттарына мiндi. Жәнiбек пен Өңгебай жiгiттердi бастап, Қаралаң
өткелiне беттедi.
Бұ кезде зауал ауып қалған да болатын. Сырдан ұзай бергесiн-ақ күннiң ыстығы бiрден
бiлiндi. Дала күйiп тұр екен. Жiгiттер арттарына ала шаңды қалдырып, жiтi жүрiп отырып,
атты казактардың жолын кесуге асығып келедi.
Бұлар Қаралаңға жақындай бергенде, атты казактардың жайбарақат келе жатқанын
көрдi. Қуанып кетiп, Жәнiбек Өңгебайға қарап:
— Неде болса, тиiселiк! — дедi.
— Ал, жiгiттер, тарттық! Бiр тобың ана келiншектен көз айырмаңдар. Ретi келсе, соны
ала қашу керек, — дедi де, найзасын бiлемдей ұстап, атын тебiнiп қалды.
Аздан кейiн алпыс-жетпiс шамалы жiгiт ұран сап, екiндерiмен тапап тастардай боп,
атты казактарға шүйлiге шауып келе жатты. Атты казактар бұларды көрiп, сасып қап, тағы
да мылтықтарымен тарсылдатып ата бастады. Сол екен, ысқырған оқ бiрнеше жiгiтке тиiп,
ұшырып-ұшырып түсiрдi. Қол алдында келе жатқан Жәнiбек ештеңеге қарамады. Қылышын
төбесiнде жалаңдатқан қалпы ағызып кеп, казактарға қойды да кеттi. Келе, оң келгенiн
оңыңнан, сол келгенiн солынан шаба бердi. Мына төртпақ денелi қазақтың жанын
шүберекке түйгенiн бiлген казактар үрпиiсiп, керi серпiле бердi. Өңгебайдың жiгiттерi де
қайрат қып, сойылдарын сартылдата соғып, казактарды ат үстiнен ұшырып түсiрiп жатты.
Казактардың қылыштарын бойларына дарытпай, ұзын қайың сойылмен Өңгебай да
тақымдықтың тұсынан ұрып жатыр. Сәлден соң ызы-қиқу басталып, ала шаң көтерiлiп,
бiреудi бiреу танымайтындай жағдай болды да кеттi.
Жәнiбек бiр казакты шауып түсiрдi де, атын тебiнiп қап, Ақкербездi iздей бастады.
Содан көтерiлген шаң арасынан былай шығып қараса, Ережеп бастаған топ оны алып қашып
барады екен. Жәнiбек ышқынып кеттi. Қатты айқайлап:
— Ананы қуайық! Ананы! — деп iлгерi қарай шаба жөнелдi.
Оның соңынан Өңгебайдың жiгiттерi салды. Қасында ағызып келе жатқан Қалдыбай
тiстене сөйлеп:
— Анау ит қалыңға кiрiп кетпесе едi, — деп қойды.
Шынында да, Ережептер дария жағасында өскен жиде тоғайға қарай ағызып барады
екен. Бiр-екi казак Ақкербез мiнген атты қамшыларымен аямай сабалап, қастарында шауып
барады. Қалдыбай шыдамай:
— Ақкербез! Ақкербез! Аттан құла! Құла! — деп айқай салды.