201
Ақкербез мұның даусын естiп, артына жалт қарағандай болды. Бұлар жақындай
бергенде жан ұшырған келiншек дереу ат үстiнен құмаққа қарай атқып кеттi. Құлап түсiп,
үстi-басы шаң-шаң боп, орнынан түрегеле бердi. Сол мезет оған соңынан келiп қалған бiр
атты казак қылышын жалаңдатып тұра ұмтылды. Ақкербез қорқып, қолымен басын
қорғаштай бердi де, керi шегiнiп барып, шалқ ортасынан құлады. Осы кезде еңкейе берген
атты казакты Қалдыбай сойылымен қақ басқа бiр қойды. Анау құлап бара жатып, қылышын
бiр сермеп үлгердi. Қылыш тая тиiп, шың ете түсiп, жерге барып қадалды. Казактың өзi
болса, жерге қарай аузынан қан атқылап құлап бара жатты.
Жәнiбек жетiп келген бойда казактарды қылышымен шауып, түрiп тастағанды мақұл
көрдi. Бiр сепкiл бет, жирен казак бұған қарсы ұмтылды. Қылышын сермеп қалғанда бұл
қылышын тоса алмай қалды. Оның қылышы сойылына тиiп, тайып барып, оң самайын тiлiп
түстi. Ол екiншi рет сiлтей берем дегенше Жәнiбек атын тебiнiп қап, ытқып шығып үлгердi.
Оның қылышы атының сауырын тiлiп кеттi. Қарақошқыл қан шыпшып шыға келдi. Жәнiбек
оған қарамай, анадай жерде сексиiп тұрған Ақкербезге ұмтылды. Келе оған қолын созып,
сол жақтағы үзеңгiсiн босата бердi. Ес-түсi қалмаған Ақкербез мұны көрiп, дереу қолынан
шап етiп ұстай алды да, үзеңгiге аяғын салып, артына бiрден мiнгесiп алды. Жәнiбек ендi
басқаларға қарамай, керi қарай шаба жөнелдi. Ақкербез мұның белiнен қатты ұстап алған.
Жәнiбек алды-артына қарамай, дария жаққа бет қойды. Өңгебайдың жiгiттерi де мұны көрiп,
атты казактарды тастай сала, керi қарай шаба жөнелген екен. Өңгебай айқайлап:
— Қайттық! Қайттық! — деп келедi.
Жәнiбек бiр қараса, атты казактар ендi естерiн жиып, бұлардың соңдарынан қуып
келедi екен. Егер бұларды дарияның жағасына қамап, алыстан мылтықтарын атқылай
бастаса, — бәрiнiң де бiткенi. Шауып келе жатқанда есiне сол емiс-емiс келiп, әр жағын
ойламай, Жәнiбек жағалыққа жете бере атының тiзгiнiн тартты. Өңгебайлар да келiп,
тоқтай-тоқтай қалысты. Ол алқынып тұрып:
— Ендi нағылдық? — дедi.
Алас-қапаста Жәнiбек ақыл таппай:
— Қаралаңға қарай тартсақ кәйтедi? — дедi.
— Кеттiк онда! Жiгiттер, ерiңдер соңымнан! — деп Өңгебай айқайды салып,
күнбатысқа қарай шаба жөнелдi.
Жәнiбек те шауып келедi. Астындағы аты екi кiсiнi ауырсынып, онша құйғытып шаба
алмады. Ақкербез қорыққанынан көзi бақырайып, мұның белiнен қатты ұстап алған. Ендi ол
арық қолдарымен мұның мойнынан құшақтай алды:
— Сенi де көретiн күн бар екен-ау? Амансың ба? Иә, құдай, — дей бердi.
Жәнiбек келiншегi қолымен тамағын қысып бара жатқасын:
— Азырақ босат! Қылғындырып тастадың, — дедi.
Оны тыңдап жатқан Ақкербез жоқ. Қысып ұстаған қалпы:
— Ендi iж арманым жоқ. Құдайға мың да бiр рахмет! Сенi де көрдiм, — дей бередi.
Осы кезде соңдарынан қуалап келiп қалған атты казактар мылтықтарымен патырлатып
ата бастады. Бiрнеше оқ бұлардың алдындағы топырақты бұрқ-бұрқ еткiздi. Жәнiбек алға
қарай еңкейiп, мiнгесiп отырған Ақкербезге:
— Еңкей! Еңкей! — дедi.
Ақкербез де еңкейе бердi. Оқ жан-жақтарынан зулап өтiп жатыр. Бұлар Қаралаңға
жақындай бергенде, атты казактар қуып жетiп те қалған болатын. Осы кезде Ережеп
бастаған топ сойылдарын көтерiп, бiр бүйiрден тиiстi. Жәнiбек ең бiр қиын шайқастың
басталғанын бiлдi. Сосын артындағы Ақкербезге мойнын бұрып:
— Сен түс те, ана жиде iшiне жасырынып тұр. Бiз, — дей бергенше болмады,
Ережептердiң бiр жiгiтi бұған сойылын сiлтеп кеп қалды. Жәнiбек қолын тоса қойды. Сойыл
бұған тимей, артындағы Ақкербездiң қара құсынан барып сарт ете қалды. Ақкербез жан
даусы шығып:
— Ойбай, өлдi-i-м, — дедi де, қатты қысып отырған қолдары ерiксiз жазылып, құлап
бара жатты.
Жәнiбек оның шапанының желкесiнен бүрiп ұстай алды. Сосын атын тебiнiп қап, әлгi
жiгiтке қарамай, ұрысып жатқан топ арасынан аулақ шыға бердi. Өзiне не болғанын бiлмей,
Ақкербездi жерге құлатпастан, жырылып шықты. Бiр арада оны көтерiп алды да, ердiң
алдына жатқызып, керi қарай шаба жөнелдi. Бiраз жерге барғасын, етпетiнен жатқан
Ақкербездiң аузынан кесек-кесек қара қан түстi. Жәнiбек атын тоқтатып, жерге дүрс етiп
түсе қалды да, Ақкербездi ақырын көтерiп, дарияның жағасына апарып, құмшауыт жерге
шалқасынан жатқызды. Сойыл Ақкербездiң қара құсынан тиген екен. Оның ес-түсiн бiлмей
талып жатқанын көрдi. Аузынан қан ағып жатыр. Өзi аздап тыныс алып қояды. Кеудесi бiр
басылып, бiр көтерiлiп, тiршiлiк белгiсi барын көрсетiп, мұны дәмелендiре бердi. Жәнiбек
көзiнен аққан ыстық жасын тия алмай, орамалмен әйелiнiң аузынан аққан қанды сүрттi.
Сосын не iстерiн бiлмей, орнынан тұра сап, жан ұшырып барып, орамалды дарияға малып