Стр. 203 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

202
әкелдi. Сосын орамалды Ақкербездiң маңдайына басты. Ақкербез жәйiмен ыңырсып, құп-қу
ернiн ақырын ғана қозғап, бiрдеме демекшi болды. Бiрақ тiлi сөзге келмедi. Көзi жұмулы
жатыр. Жәнiбек жылап жiбердi.
— Иттер-ай, жазықсыз қатында нелерi бар екен? Иттер-ай! — деп, әйелiнiң түрiлiп
кеткен етегiн төмен түсiрiп қойды. Сосын не iстерiн бiлмей, орнынан тұра сап, арт жағына
қарады.
Бұл кезде Өңгебайдың жiгiттерi мен атты казактар шын айқасқа кiрiсiп кеткен де екен.
Жәнiбек өзiнiң бұл арада тұрғанын қолайсыз көрдi. Аналарға барып көмектескiсi келдi.
Бiрақ Ақкербездiң қасынан кеткiсi келмедi. Ол алас-қапаста бiр ақыл тауып, Ақкербездi екi
қолымен көтерiп ап, бүкшеңдей жүгiрiп, анадай жерде тұрған жиде тоғайға кiрiп кеттi. Бетiн
жырған тiкенектерге қарамастан, жайлы жер iздеп, бiраз жүрдi. Ақырында бiр жиденiң
түбiне Ақкербездi жатқызып, су-су орамалын маңдайына басты да, өзi дереу керi қарай
жүгiрдi. Асып-сасып келсе, аты анадай жерде өзi кеткен жаққа қарап, оқыранып тұр екен.
Жәнiбек атына қарғып мiндi. Қылышын қынабынан кiжiне суырып алды. Сосын айқайлап,
қырғын шайқасқа қайтадан кiре бердi.
Атты казактар бұларды жеңе алмасын бiлiп, аздан соң кейiн қарай бытырай қаша
бастады. Нахаев топ алдында зытып барады. Өңгебай оларды қуа түстi де, атының басын
тартып:
— Қума! Қума! — деп жiгiттерiне қарай айқайлады.
Жiгiттер бiразға дейiн тоқтай алмады. Ақыры Өңгебай айқайлап жүрiп, оларды керi
қайтарды. Бiразы жарақат алыпты. Қылыш тiлiп кеткен беттерiн екi жiгiт шүберекпен басып
келедi. Он шақты жiгiт мерт болыпты. Жәнiбек қап-қара боп, не дерiн бiлмей, Өңгебайға
қарап:
— Бұ жақсылығың құдайдан қайтсын! Мына шәйiт болғандарды жатқан-жатқан
жерiнде жерлейiк! — дедi.
— Айтпақшы, Ақкербез қайда? — дедi Өңгебай оған бұрылып.
— А-а, — деп Жәнiбек сонда ғана есi кiрiп, атын тебiнiп қап: — Мұнда, — деп, тоғайға
қарай сатырлатып шаба жөнелдi.
Келсе, Ақкербез әлi есiн жимаған екен. Жәнiбек келiншегiн қос қолымен көтерiп,
тоғайдан шықты да, Өңгебайлардың қасына келдi.
Өңгебай мұны көрiп, түсi бұзылып:
— Ойпырмай, жанды жерден тиген екен. Арты жақсы боп кетсе едi, — дедi. Сосын бiр
жiгiтке киiз күйдiртiп бастырды.
Ақкербез кешке дейiн есiн жия алмады. Ақырын ғана ыңырси бередi. Өңгебайдың
жiгiттерi мерт болғандарды асығып жүрiп, сол жатқан-жатқан жерлерiнде жерлей салғасын,
бұлар ендi бөгелмей Қаралаңнан өттi. Арғы бетке шыққасын, Ақкербездi алдына алып, жәй
жүрiп келе жатқан Жәнiбекке Өңгебай:
— Жәке, мынадай жүрiс жеңгемiзге ауыр соғар. Кәзiр бiздiң ауылға барып
демалдырайық, — дедi.
— Сүйтсек, сүйтейiк, — дедi Жәнiбек келiншегiнiң құп-қу жүзiне көз салып қойып.
Олар Өңгебайдың ауылына келгесiн, Ақкербездi бөлек үйге жатқызды. Көптi көрген бiр
кейуана кемпiр Ақкербезге өзi қарайтын болды. Ол жарасына киiз күйдiрiп басып, аузына
ағаш қасықпен су тамызып, жанынан бiр кетпей қойды. Жәнiбек те соның қасында болды.
Көзi iсiп кеткен. Әйелiн қатты аяп, не iстерiн бiлмей, бас жағында әлi отыр. Анда-санда
Ақкербез ыңырсып қойса, мұның жаны шығып кете жаздайды. Өзiн қоярға жер таппай,
қолынан ұстай алады. Кейуана кемпiр көзiнiң жасын жаулығының ұшымен сүртiп жатып:
— Бiр құдайға тапсырдық. Қайдан бiлейiн, жаман жерден тиген екен, — дедi.
Жәнiбек үндемедi. Мұның мына тiршiлiктегi соңғы талшығы, ең бiр қызығы осы
сияқтанып, соны басқа бiр дүнияға жiбергiсi келмей, тал қармаған кiсiнiң қалпы бар. Бiрақ
не iстерiн бiлмейдi. Ақкербездiң тiршiлiк белгiсiн көрсетiп, көтерiлiп-түсiп жатқан кеудесiне
әлдеқандай үмiтпен телмiре қарайды. Ғайыптан бiр жақсылық болардай күдерiн үзер емес.
Түн iшiнде Ақкербез қинала бастады. Қатты ыңырсып, бiрдеңе деп күбiрледi. Сосын
ышқынып, қолын әрлi-берлi сермеп, аунамақшы болды. Аздан соң кеудесi қатты көтерiлiп
тұрды да, ол ақырындап көзiн ашты. Тас шам жарығында әдемi қара көзi бiр түрлi боп
көрiндi. Жәнiбек оның қолынан ұстай алды да, көзiне телмiрiп қарады. Ақкербез мұны
танып, ақырын ғана күлiмсiреп, қаны қашқан ернiн жәйiмен қозғады. Бiрақ не дегенiн
ажыратып болғысыз едi.
Жәнiбек жылап:
— Iждеңе етпейдi. Әлi-ақ жазылып кетесiң! — дедi.
Ақкербез мұның айтқанын түсiнгендей, ақырын ғана күлiмсiредi. Сосын әлсiз қолымен
қаймалап, мұның саусағынан ұстап, жәймен ғана қысқандай болды. Қарап-қарап тұрып,
шаршағандай көзiн жұма бердi. Содан кейiн таңға дейiн көзiн ашқан жоқ.