203
Таң алдында Ақкербез қысыла бастады. Ыңырсып, қол-аяғы дiрiлдеп, бозарып сала
бердi. Кемпiр аузына су тамызып, бүк түсiп жылап отыр. Жәнiбек те көзiнiң жасын көл еттi.
Ақкербез қайтадан қысылып, ышқынып, басын көтермекшi болды. Кеудесi көтерiлiп-
басылып, аздан соң тынысы тарыла бастады. Қол-аяғы бiрте-бiрте суып барады. Жәнiбек
оның қол-аяғын уқалап, жылап, не iстерiн бiлмедi. Ақкербез тағы да бiр ышқынып барып,
басын сәл-пәл көтерiп алды да, ақырын жастыққа құлай бердi. Бойына әлдеқандай дiрiл
жүгiрiп, қалш-қалш етiп тұрды да, сәлден соң тишая бастады. Жәнiбек мұны жақсылыққа
жорып отыр едi. Бiраздан соң қараса, Ақкербездiң аузынан ақ көбiк шыға бастаған екен.
Әйелi тағы да қатты-қаты қозғалды да, кенет тиышталғандай, бiр түрлi балбырап, қимылсыз
қалды. Тұла бойының дiрiлi де басылды. Жәнiбек жан ұшырып, қол-аяғын уқалап жатып:
— Кәзiр, кәзiр, — дей бердi.
Сол арада кейуана кемпiр жылап тұрып:
— Балам, сабыр қыл! Құдайдың жазғаны осы да! Кетiп барады. Тездетiп иманын үйiр,
— дедi.
Жәнiбек сонда ғана есi кiрiп, қалт тоқтай қалды. Өзi уқалап отырған Ақкербездiң қол-
аяғы суып сала бергендей болды. Қолын тез тартып ала қойды. Сосын дымғада
түсiнбегендей, кемпiрге қарады. Ол бұған тiке қарай алмай:
— Қарағым, иманын үйiр, — дедi.
Сонда барып, Жәнiбектiң санасына мына жағдайдың шын мағынасы жеткендей болды.
Дереу өкiрiп жылап жiбердi. Көз алды қарауытып, ағарып атып келе жатқан таңды
әлдеқандай қаратүнек басып кеткен тәрiздендi. Көзiнен өз-өзiнен ерiксiз ытып жатқан ыссы
жасты тоқтата алмады. Күнде жатқа бiлетiн дұғасын ұмытып қап, аузына ештеңе түспедi.
Кемпiрдiң Ақкербездiң бетiн орамалмен жауып жатқанын көрiп, өзiне не болғанын бiлмедi.
Қайтадан өкiрiп жылап жiбердi. Тағы да көз алды қарауытып кеттi. Бiрде қараса, түндiктен
түскен жарық қап-қара екен. Жәнiбектiң басы айналып кеттi...
Осы кезде үйге кiрген ауылдың әйелдерi бiр-бiрiмен көрiсiп, шулап, жылап қоя бердi.
32
Бiр күннен кейiн Ақкербездiң сүйегiн кiлемге орап, бiр түйеге тиеп, Жәнiбек
Қызылдағы ата-бабасының қорымына алып жүрдi. Түйенi өзi жетелеп, Қалдыбайларға қару
алдырып, сақ бол деп қатты тапсырды. Олар төбе-төбенiң басына шығып, жан-жаққа көз
жiберiп, барлаумен болды. Жәнiбек түйенi жетектеп келе жатып, өзiнiң iшiнде бiрдеменiң
үзiлiп кеткенiн байқады. Баяғыдан бермен тырмысып-тыртысқан мына тiршiлiктiң ешқандай
да қызығы қалмай, кеше ғана жалт-жұлт етiп тұрған өмiр шiркiннiң бар ажары солғындап
сала бергендей болды. Алысып-арпалысып жүргенде ертеңгi күнi бүгiннен де жақсырақ,
бүгiннен де қызығырақ сияқты боп көрiнетiн. Сол үшiн бұл басын тауға да, тасқа да соғып
болды. Хиуа жағына шығып, мына Сыр бойына кеп, емiн-еркiн қожалық жасап жатқан ақ
патшамен соғысты. Талай рет оқтан да, оттан да аман-есен қалды. Ендi мiне мына
дүниядағы ең бiр қимас адамын белгiсiз бiр жаққа аттандырып, iшiнен қан жылап, түйенi
жетектеп келедi. Өмiрi мұндай жағдай болады деп бұл ойламаған-ды. Оған Ақкербез
қасында мәңгi жарқылдап, ойнап-күлiп жүре беретiндей көрiнетiн. Ақыры сол үмiтiнiң де
жiбi үзiлдi. Мiне, кеше ғана жайнаңдап жүрген ең бiр қимас адамының денесiн қара жерге
тапсыруға алып келе жа-тыр.
Жәнiбек күрсiндi. Сосын анада Құлдан берi қарай көшерде Ақкербездiң қозғалмай-ақ
қояйық деп өтiнгенi есiне түстi. Сол екен, iшiн әлдеқандай нәрсе ащы тырнағымен осып-
осып алды. Жәнiбектiң көзiнен жас шығып кеттi. Иегi дiрiлдеп, кемсеңдеп қоя бердi. “Қасқа,
сонда-ақ бiр пәленi сезген екен ғой. Бұяққа көшiрiп нем бар едi? Сонда-ақ отыра бермедiм
бе?” — деп өкiнiп, ат үстiнде теңселiп кете барды.
Бiр мезгiлде барып есiн жиып, жан-жағына көз салды. Бұлар бұ кезде Қуаңға жақындап
та қалған едi. Күн ыссы. Шақырайып, көк төрiне шығып алған қуатты күн ештеңе де
болмағандай сәулесiн жерге аямай төгiп тұр. Аспанның әр жер әр жерiнде жұлма-жұлма
бұлт бар. Олар да аңқасы кепкендей, өз бойын өздерi ауырлап, жалпақ даланың төсiне қона
кетердей салбырай түсiптi. Аракiдiк балпақтар iндерiнен шығып, екi қолдарын алдына
қусырып, шоқиып қарап тұрады да, бұлар жақындай бергенде, iндерiне зып бередi.
Бұлардың тегiн келе жатпағанын сезгендей ау-тауық далпылдап ұшып жүрген қара құстар
да кездеседi. Жәнiбек бәрiне де селқос қарап келе жатыр. Кеше олар ақылдасып, Ақкербездi
ата-бабасының мазарына апарып қоялық деген. Сол арада Қазалыдан атты казактарды ертiп,
Ережеп пен Елмырза Қызылға қарай шығыпты деген суық хабар дүңк ете түстi. Жұрт сасып,
ендi қалай болар екен деп, абыржи бастаған едi. Жәнiбек оған құлақ түрмедi. Бұған ендi бәрi
бiр едi. Өңгебайдың айтқанын қылмай, бiр түйесiн сұрап ап, жолға шығып кеттi. Содан берi
жайымен жүрiп келедi. Қандай жағдай болып қалар деп Қалдыбайларды дайын ұстап, өзiнен