Стр. 206 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

205
бұған қуана көз салатындай. Соған Жәнiбек iштей сендi. Ғайыптан бiр құдiрет мына жатқан
өлi денеге жан беретiндей. Мына тiршiлiктен күдерi үзiлген бұған қайтадан үмiт жiбi
жалғанып, бар қызығы мен қуаныш оралатындай. Кеше ғана басынан қашқан бағы қайтадан
кеп қонатындай. Жәнiбек көзiн жұмған қалпы, сақалына тамған ыстық жасын сүртпестен
отыра бердi.
Бiрде қараса, таң ағарып келедi екен. Басы мең-зең. Ол өзiнiң ұйықтағанын да,
ұйықтамағанын да бiлмедi. Анадай жерде жатқан Ақкербездiң денесiне қарап отыра бердi.
Шығыс жақтан ағарған жарық бiрте-бiрте сайын даланың төсiндегi қараңғылықты түрiп, бар
маңайды анық қып көрсете бастады. Түнде жылтырап тұрған жұлдыздар қуқыл тартып,
аздасын ана сеңгiр көктiң бiр жерiне сiңiп жоғалғандай мүлдем көрiнбей кеттi. Таң толық
атты. Жәнiбек ендi орнынан тұрып, қасына келген жiгiттерiне қарап:
— Бастайық, — дедi.
Өзi жүрiп барып, Ақкербездiң денесiн қос қолымен көтерiп алды. Кiлем iшiнде жатқан
келiншегi бұған ауыртпалығын салғысы келмеген кiсiше бiр түрлi жеңiлейiп сала бергендей.
Бұл кiлемнiң сыртынан оның денесiн, кеудесiн, қолын анық сездi. Сипалай ұстап, сыртқа
алып шықты да, құмшауыт жерге қойды. Сосын оның жаназасын шығара бастады.
Жәнiбек дұғасын оқып болғасын, Ақкербездiң денесiн қос қолымен көтерiп, қорым
жаққа алып жүрдi. Келе жатқанында көзiнен ыстық жасы ыршып-ыршып кеттi. Ол аяғын
теңселе басып, сүрiнiп кетпейiн деп, абайлап жүрiп келедi. Мына бiр тiршiлiктегi ең бiр әзиз
жанын қолынан түсiрiп алмайын деген адамның қалпы бар. Ол аяғын абайлай басып, көр
жанына келдi де, дененi көрдiң шетiне жәйлап қойды. Сосын сәл керi шегiнiп, жүрелей
отырды. Басқалар да отырды. Жәнiбек ендi сәлдесiн басына дұрыстап тартып, алай-түлей
боп кете берген кеуiлiн тыйып, қайтадан дұға оқи бастады. Ол даусын барынша қирағаттай
созып, зарлы бiр әуендi қылғына айтады. Кей арада даусы үзiлiп кететiндей боп дiрiлдеп
тұрып алады. Кей арада сөздерiн анық қып, нәшiне келтiре тақпақша созады. Содан кейiн
тағы да зарлы әуенмен үнiн құбылтып, қылғынып айтып кетедi. Оның даусында мына
дүниядан баз кешкен кiсiнiң қалпы бар. Отырғандарға кiм болса да ертең баратын ана
дүнияның есiгi сарт етiп ашылып, әлдеқандай салқын леп соғып қоя бергендей әсер етедi.
Тұла бойлары түршiгiп, бәрi де түнере қалған. Жәнiбек жаназаны ұзақ, асықпай оқып
шықты. Сосын Ақкербездiң рухына бағыштап, жақсы сөздер айтып, беттерiн сипасты.
Жәнiбек ендi орнынан ауыр тұрып, ауылдан шығарда жетi кiсiне кiргiзiп, ақ жуылған
Ақкербездiң мүрдесi оралған кiлемдi аша бастады. Кебiнге оралған ең бiр жақын жанына
көргенде, ол шыдамай, тағы да жылап жiбердi. Сосын көз жасын шаққа тыйып, жай ғана
аяқ-қолын созып жiбергендей боп жатқан Ақкербездi ақырын көтерiп, жиекке жақындатты.
Сосын оны жерге қойып, өзi лахатқа түстi. Сосын мүрденi Қалдыбай екеуi ақырындап, көрге
түсiрдi. Жәнiбек ақырғы рет сүйiктi келiншегiнiң тәнiн ұстап, мойынын уқалап, құбылаға
қаратты. Түрпiленiп кеткен қолына сұп-суық дене тигенде Ақкербездiң өзiнен ендi мүлдем
алыстап кеткенiн, қайтып келмесiн бiлiп, iшi алай-дүлей боп сала бердi. Бүгiлiп барып, шақ
құламай, көрдiң ернеуiнен ұстай алды. Қалдыбай мұны қолтығынан демедi. Сосын әлi
құрыған Жәнiбек iшiнен ақырғы рет қош-қош айтып, тағы да қолымен келiншегiнiң бетiн,
кеудесiн сипап аз тұрды да, қарлыққан даусымен:
— Кiнәм болса, кешiр! Жатқан жерiң жайлы болсын! Сегiз сарай бейiш тұрағың
болсын. Со жерде құдай бiздi қауышуға жазсын! Мен бәрiн де кештiм, сен де кеш! Иманың
жолдасың болсын! — деп жылап жiберiп, көрден сүйретiлiп шыға бердi.
Қалдыбай мен тағы бiр жiгiт оны екi қолтығынан алып, шаққа дегенде сыртқа
шығарды. Жәнiбек ендi жүрелей отырып, биссмилла деп, майда ұлпадай топырақты ақырын,
ақырын... көрге түсiре бастады. Ең қимас адамын қара жерге тапсырғысы келмесе де,
шамасы жоғын бiлiп, ақырындап топырақты ысыра бердi. Аздан соң жаңа ғана томпиып
жатқан Ақкербездiң денесiн боз топырақ жауып, жұтып қойғандай болды. Оның орнында
ендi кiшкене ғана төмпешiк жатыр. Адам деген осы, — мына тiршiлiкте жайраңдап жүрiп,
бiр күнi ақирет сапарына кете барасың. Ақкербез де сүйттi. Кеткенде мұнымен арыздаса
алмай, арманда кеттi. Дүния деген осы. Барлық көрген дәуренi бiр күншiдей болмай,
Ақкербез өттi де кеттi. Бұл үшiн бәрi бiттi.
Жәнiбек тағы да сарнатып құран оқи жөнелдi. Оқып болғасын, беттерiн сипасып,
орындарынан тұрып, кеше ғана көз алдарында жайраңдап жүрген Ақкербездiң қабiрiне тие
берсiн деп бiр-бiр уыс топырақ салды. Сосын Жәнiбек қимай, моланы екi рет айналып
шығып, белгi болсын деп, бас жағына қыл шашақты найзасын шанышты. Ұшына өзiнiң
талай жорықта бiрге алып жүрген орамалын байлады. Тағы да жылап тұрып, iшiнен
қоштасып, қабiрге топырақ салды. Сосын молаға қимай телмiре қарап тұрды да, ақырып
күбiрлеп:
— Қош бол, қарағым! Әлi-ақ артыңнан мен де барармын,— дедi.
Қалдыбай бұған шошына қарады.