206
Жәнiбек теңселiп, боп-боз боп тұрып, ақырын керi бұрылды. Аяғын аннан-саннан бiр
басып барып, атына келдi. Атын көлденеңдеп тосып тұрған жiгiттiң кiм екенiн аңғармады.
Аяғын үзеңгiге екi рет ұмтылып сұға алмады. Қалдыбай кеп, қолтығынан алып, оны шаққа
дегенде ерге қондырды.
Олар ендi аттарына мiнiп, Құл жақты бетке алып жүрiп кеттi. Жәнiбек ұзай түсiп, бiр
рет арт жағына бұрылып едi, басына орамал байланған шашақты найза қадалған қабiр
көзден алыстап кеткен екен. Найза ғана қылт-қылт етiп көрiнедi. Жәнiбек iшiнен жалын ата
күрсiндi. Кеудесiн өртеп бара жатқан бiрдеңе барын бiлiп, ат жалына еңкейiп кетiп, әзер
дегенде тiктелдi. Тағы да көзiнен ыссы жасы ытқып шыға келдi.
Арқан бойы көтерiлген күн айналада бас қатырар дәнеме де болмағандай, дүнияның
жалғаншылығын тағы да бұлардың естерiне салғысы келгендей, ертеңгi күннен күдер үзуге
болмайтынын бiлдiрiп, сарғыш сәулесiн жерге қарай құбылта шашып, зеңгiрге қарай
ақырын-ақырын өрмелеп барады...
33
Жәнiбектiң ауылы Құлға бармай, орыс әскерiнiң аяғы жете қоймайтын Қызылдың
iшiнде жаздай жайлады. Ақкербездiң қырқы мен жүзiн сол жерде бердi. Мынадай қайғылы
қазаны естiген жақын жердегi ауылдардың барлығы кеп, Жәнiбекке кеуiл айтысып жатты.
Сонау Қызылдың бiр түкпiрiнен Малдыбай бастаған топ та келiп кеттi. Шешесi, жақын
жеңгелерi жылап, азан-қазан ғып, онсыз да зор қайғыны көтере алмай тұрған ауылдың
қабырғасын қайыстырды да жiбердi. Айжамал жетiм қалған екi баланы бауырына басып,
қасiреттен бүк түсiп, демде қартайып кеткендей болды. Бұхарадан оқудан келген Әлжан ендi
ағасына қолғанат боп, шаруаның ауыр салмағын өз мойнына алып үлгерген де едi. Оның
үстiне Елдестiң жаңа ғана жетiлiп келе жатқан балаларының қамқорлығы да оған түстi. Ара-
арасында осы жерге жақын маңды жайлап отырған Қалдыбай кеп, бұған көмектесiп кетедi.
Нияз болса, күнi-түнi Жәнiбектiң қасында. Ол да Жәнiбектiң қайғыдан бүк түсiп, бiр ай
бойы нәр татпай, әбден арып-ашып кеткен жағдайынан қорқатындай.
Ақкербездiң жүзiн берiп, құран оқытып жiбергесiн, Жәнiбектiң бетi берi қарағандай
болды. Адаммен сөйлеспей, әлдеқандай кiтаптарды ашып, күнi-түнi оқумен ой үстiнде
жүрген ол Ақкербездiң жүзiнен кейiн анда-санда үстiне кеп кiретiн Айжамалмен бiр-екi ауыз
сөз айтып тiлдесiп, балалардың жағдайын сұрады. Айжамал қатты күрсiнiп, кiшкентай
сәбидi алдына алып отырып:
— Тiрi жан тiршiлiгiн қылады ғой. Арманда кеткен ол байғұсты айтпасаң, — деп
көзiнен аққан жасын жеңiмен сүртiп жатты.
Жәнiбек оған бiр түрлi қарады. Ол әдетте екi әйелдiң арасында болатын қызғаныш
дейтiн пәленi мына келiншегiнiң ұмытқанына таңғалғандай боп, ойлы көзiн бұған тура
қарамай, тайдырып әкете берiп:
— Ана бикүнә жетiм сорлыларға ендi өзiң ана бол! Маңдайынан қақпай өсiр! — дедi.
— Олар үйтпей кәйтем. Олар да менiң балам, — деп қайғылы, әйел бауырында отырған
кiшкене сәбидi құшырлана қысып-қысып, маңдайынан сүйiп қойды.
Жәнiбек осы балаға көп қарай бермейтiн. Қараса болды, одан Ақкербездiң бейнесiн
көргендей болатын. Сол-ақ екен, кеуiлi босап, солқылдап қоя бередi. Кәзiрде де кеуiлi
бұзылып, қолымен ымдап, Айжамалды қасына шақырып алды да, кiшкентай нәрестенiң
жүзiне көз салды. Ол болса тәмпiш танауының желбезегi жыбырлап, ақырын ғана дем алып,
қара көзiмен бұған қарайды. Мұны танып, кiшкентай қолдарын iлгерi созып, талпына
бастады. Жәнiбек қолын созып, нәрестенi алдына алды. Көзiнен аққан жас сақалына
құйылды. Еңкейiп барып, баласының бетiнен сүйiп едi, киттәй сәби мұның мұрты
қыдықтағасын, тыржиып, бетiн әрi тартты. Әлсiз қолымен мұның сақалынан ұстап,
тартқылағандай болды. Жәнiбектiң кеуiлi босап, ақырын ғана:
— Мынау ит нағылады, әй, — дедi.
— Сақалың тиген ғой. Берi әкел, жылап жүрер, — деп Айжамал оған қарай қолын
созды.
Жәнiбек жөргектегi баланы оған қарай ұсына бердi. Айжамал оны ала сала, әуп-әуп
деп, бiр-екi рет көтерiп, бауырына басты. Нәресте емiренiп, кiшкене қолдарын оның
омырауына қарай созып, қыңқылдай бастады. Айжамал сүт шықпаса да, көйлегiнiң өңiрiн
ашып, омырауын баланың аузына салды. Нәресте қаймалап, нәп-нәзiк ернiмен емшектiң
ұшын сора бастады.
Соны көрiп бұл тағы да шыдамай, солқылдап кеттi. Дереу терiс қарап жатып алды.
Бүгiн де нәр татпай, қызыл iңiрден төсегiне қисайды. Анадай жерде екi баланы бауырына
басып жатқан Айжамалмен сөйлескен де жоқ. Көз алдынан Ақкербездiң бейнесi кетпейдi.
Көзiн жұмса болды, әйелiнiң ақшыл жүзi, әдемi мұрны мен иегi көлбеңдеп, мүлдем кетпей