Стр. 208 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

207
қояды. Әсiресе, күлген кезде оң қолымен аузын баса қоятын бiр әдетi әлiге дейiн көз
алдында. Пақыр өле өлгенiнше мұның бетiне тура қарамай өттi. Не бiр артық сөзi
болмайтын. Қашан көрсең де, именiп, ұялшақтап бiтетiн. Түнде төсекке бiрге жатқанда да
батпай, көпке дейiн мұның қасына жолай қоймайтын. Ана бiр жолы Айжамал ұрғашылық
жасап, бұған тiл тигiзгенде, ол бәрiне өзiн кiнәлi санап, түнiмен солқылдап жылап шыққан-
ды. Жәнiбек оны аймалап, жалынып, қоя қой десе де болмаған. Не болды дегенiне жауап та
бермеген. Тек қана егiлiп жылай берген. Сол түннен бастап Ақкербез тұйық тартып,
бұрынғы жайдары мiнезiнен арыла бастағандай болған да едi. Ақыры Айжамалмен екеуi
апалы-сiңiлi кiсiдей боп кеттi. Қашан келсе де, бұл екеуiнiң шаңқылдап бiр ұрысқанын
көрген емес. Бұрын қызғаншақ, ашушақ деп ойлайтын Айжамал да басқа мiнез ашып, мына
от басының бәйбiшесi екенiн бiлiп, көшелi тартқан. Ақкербез шаршап, қабағын түйе қалса
болды, аяқ-табақты өзi жуып, асты-үстiне түсiп болатын. Жәнiбек осы әйелiн сүймейтiнiн
бiлсе де, соңғы кездерi оның адамшылық қасиетiне сүйсiнiп, жаны жылып жүретiн. Ендi,
мiне, оның Ақкербездiң қазасын өз сiңлiсiнiң қазасындай көрiп, ана шешесiз қалған екi
жетiмектi маңдайынан сипап, бауырына басқанына мүлдем ырза болды. Соңғы кездерi
мұның кеуiлiнде оған деген бiр ыстық сезiм оянып та жүр. Бiрақ Ақкербездiң қасiретi мұның
жанын қатты жаралап кеттi. Мына дүниядан баз кешiп, ас iшпей, жатып алды. Анда-санда
тәбетi шапқанда ғана шұбат iшедi. Содан қалған уақытта Бұхарадан алып келген “Құранын”
оқып, отырады да қояды. Анда-санда мұның кеуiлiн көтермек болған Ниязбен де онша
шүйiркелеспейдi. Атағы осы атырапқа тарап та үлгерген жырау жiгiт жақында Ақкербездi
жоқтап, бiр өлең шығарып, зарлы бiр әуенмен айтып жүр. Оны тыңдаған ауыл кiсiлерiнiң
жыламағаны жоқ. Нияз мұңлы бiр мақаммен айта кеп, ара-арасында өксiк сықылды бiр рет
уһ деп қалғанда, талай кiсiнiң көзiнен ыстық жасы ерiксiз ытып кететiн. Ондайда Жәнiбек
мүлдем бор боп сала бередi. Соны көрген Нияз мұны егiлте бермейiн деп, соңғы кезде ол
өлеңдi айтуды қойды. Мұның қасында отырып, небiр күлкiлi әңгiмелердi айтып бағады.
Сондайда Жәнiбектiң езу тартқанын көрсе болды, қуанып, жүзiне ырай кiредi.
Елдестiң үйiндегi жеңгесi көптен берi осы ауылда жүр. Айжамалға көмектесiп, тыным
таппайды. Бiр ретте Жәнiбек оның аяғы ауыр екенiн байқап қалды. Баяғыда Ақкербез де
аяғы ауырлағанда мүлдем сұлуланып кеткен-дi. Бiрiншi баласын көтергенде, өз-өзiнен
ұялып, мұның қасына жоламай қойған-ды. Әсiресе, босанғаннан кейiн ұялып, мұның жүзiне
тура қарамай, екi бетi қып-қызыл боп, төмен қарай беретiн. Бұл қасқа бiресе Хиуа деп,
бiресе Қоқан деп шапқылап, отбасындағы бала-шағаның қызығын да, қуанышын да онымен
бiрге көре де алмады. Алыс жолдан шаршап кеп, жата қалады. Сүйтiп жүргенде мойнына
асылып, еркелеп, тәттi тiлi былдырлап, еңбектеп жүрген жас баланың балдан тәттi
қылығының кәдiр-қасиетiн бiлмептi. Баласын алдына алып отырғанда, Ақкербездiң жүзi
гүлдей жайнап кететiн. Тұңғышы тәй-тәй баса бастағанда, бiр жолы күле отырып: “Ана
әкеңе бар! Ол сенi мен бiздi ұмытып кете бередi ғой”, — деп, баласын бетке ұстап отырып,
ойындағы бiр назын да айтып салған едi. Бұл қасқа соны да аңғармапты. Әйелiнiң алдында
еркектiк намысы ұстап, босап, осалдығын көрсеткiсi келмептi. Бұл баласын алдына алып,
өбектеп отырғанда онша ұната бермейтiн. Сүйтсе, соның бәрi кәте бопты. Iшiн жарып
шыққан перзентiн әкесiнiң жақсы көргенi, айналып-толғанғаны қандай әйелге де үлкен бiр
қуаныш екен-ау! Кезiнде соны қалай бұл аңғармаған, а? Әлде жастықпен ештеңенi бiле
бермедi ме? Қалай десең де, мұның аздаған қаттылығы Ақкербездiң кеуiлiне ауыр тидi-ау.
Соны ойлап жүргенiн бiлсе де, бұл қасқа онша назар аудара қоймапты. Ендi соның қадiр-
қасиетiн жаңа бiлiп, опық жеп жатыр. Шамасы адам баласы басына тиiп өкiнбейiнше, еш
нәстенiң кәдiрiн бiлмейтiн болса керек. Өмiрi айрылмастай көретiн әйелi ойда-жоқта басқа
бiр дүнияның есiгiн ашып, мұнымен арыздаспай да кетiп қалғанда барып, тiршiлiктегi ең бiр
қызығының не екенiн анық аңғарды. Орны толмас қызығының не екенiн бiр-ақ бiлдi. Соңғы
айдың көлемiнде ол етiнен арылып, қатты жүдеп кеткен ол тiршiлiктегi әңгiме-қауғаға
араласпай, өзiмен-өзi болып отыра бердi.
Бүгiн де таң сазарып атты. Күн арқан бойы көтерiле бере көптен бермен соқпай кеткен
Қалдыбай келдi. Қасында Қожақ бар. Олар амандасып боп, шәй iшiп отырып, Сыр бойына
барып қайтқандарын айтты. Анадағы уақиғадан кейiн Ережеп пен Елмырза атты казактарды
ертiп, бұның ауылын iздестiрiптi. Бiрақ берi қарай келуге бүгiндерi жол торып, айдалада
жеке жортып жүрген Байбарақтан сескенген тәрiздi. Сосын олар керi қайтып, Қазалының
арғы жағында отырған көрiнедi.
Қалдыбайдың екiншi бiр айтқан жаңалығы — Сыр бойында бұрынғыдай хан
сайланбайтын болыпты. Оның орнына үйез дейтiн құрылыпты. Үйездiң бастығы боп Данзас
дейтiн бiреу келiптi. Оның мойыны қып-қызыл боп тұрады екен. Соған қарап қазақтар оны
Қызылмойын деп атап кетiптi. Захваткин болса, Орынбордан келген көп әскердi бастап,
Созақ, Шымкент жағына аттаныпты. Жақын маңда ақ патша ол жақты да аузына қаратады
деген хабар дүңк-дүңк естiлiп жатқан көрiнедi.