Стр. 209 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

208
Әзiрге Қызылмойынның бет алысы жаман емес көрiнедi. Ол өзiне жәрдемшi етiп
Өңгебайды алыпты. Сол арада Жәнiбек әлденеге серпiлiп, Қалдыбайға қарап:
— Мынаусы... қызық екен, — дедi.
— Қызығы сол,— дедi Қалдыбай мұның тiл қатқанына iшiнен қуана түсiп, —
Қызылмойын оның айтқанын қайт етпейдi екен. Өңгебай оған Сыр бойында болған
жағдайды түсiндiрсе керек, жаңа ұлық ана Байбарақтарға Қырға қарай көшуге лұқсат етiптi.
— Мұнысы бiр жақсылық екен, — дедi Айжамал шәй құйып жатып.
— Жақсылық болғанда қандай? Жаңадан келген жандарал қазақтарға ендi тимеңдер
деген көрiнедi. Ол ауған елдi қайтадан көшiрiп әкелiңдер деп бұйрық берiптi дейдi, — дедi
Қалдыбай көтерiле түсiп.
Жәнiбек үндемей бiраз отырды да, қайтадан селқос тартып, тiршiлiктiң әңгiмесiне
қызықпайтын түр көрсеттi. Сосын кесесiн төңкерiп, дастарханнан керi ысырылып отырды.
Қожақ наннан бiр сындырып жеп жатып:
— Жақын арада жандарал Қазалыға кеп, елдiң бар жақсысын жинайды дейдi, — деп
қойды.
— Шамасы, ақылдасайын деген ғой, — дедi Қалдыбай оның әңгiменi жалғай түскенiн
қалап.
— Солай болар. — Ол аз-кем кiдiрдi. — Сонда көтерiлiске қатынасқандарға кешiрiм
етедi деп те жатыр. Ақ патша Қазалыдағы бұрынғы әскерiн алып кетiптi. Олардың орнына
келгендерi мүлдем басқа дейдi.
— Е, дұрыс екен, — дедi Айжамал тағы да сөзге араласып.
— Дұрысы сол, бұл жолғы келгендерi қазақтарға жайлы боп отыр. Ана Қасқырбай
сынған қолын салдырам деп, Алпардағы Айтқожа Қани сынықшыға барған екен, сол айтып
отыр, атты казактар бұрынғыдай емес, жуасып қалыпты деп.
Жәнiбек тағы да үндемедi. Қасқырбай ана жолы қатты жарақаттанып, бiр ай бойы
осында жатқан едi. Сосын қолының сынған жерi дұрыс бiтпегесiн, сынықшыға барайын деп,
қасына жолдас ертiп, Сыр бойына аттанған-ды. Содан берi бұл оны көрген жоқ. Қайратты
жiгiттiң мұның ауылының намысын қорғап, өле таяқ жегенiне ырза болған. Ана бiр күнi
Әлжанды шақырып ап, өз кеуiлiнiң белгiсi мен ыстық ықыласын көрсетiп, Қасқырбайдың
ауылына бiр үйiр жылқыны айдап апартып тастатқан-ды.
Жәнiбек мына жiгiттердiң өзiнiң кеуiлiн аулағысы кеп отырғанын бiлдi. Бұрын мұндай
әңгiмеге елти қоймайтын бұл осы жолы, неге екенi белгiсiз, бiр түрлi соны тыңдағысы келдi.
Тiл қатпаса да, iшiнен жiгiттер сол жайында айта түссе екен деп тiледi. Арада өткен екi-үш
айдың көлемiнде бар дүниядан баз кешiп, басын көтермей жатып алғалы ештеңеге
қызықпайтын болған-ды. Жатса-тұрса есiл-дертi Ақкербез жатқан жердi бiр көру едi. Ендi
сол ниетiнiң қайталан бас көтерiп сала бергенiн аңғарды. Өз жұртының қамын жеп, қолына
қару алып, абырой-намысын қорғаймын деп мына дүниядағы ең бiр жақын адамынан
айрылды. Ойға көшiп, қырға көшiп жүрiп, өзiне қарасты қауымның берекесi кете бастағанын
көрдi. Бұрынғы жайбарақат тiршiлiкке үйренiп қалған руластары мына жақты жерсiнбей,
бұған тура айта қоймаса да, Қуаң бойын сағынып жүргендiктерiн қасы мен қабақтарынан
бiлдiрiп те қалып жүр. Бұл не iстерiн бiлмей дал. Түн баласында екi көзi бақырайып жатып,
өзiн үнемi мазалап жүрген, тыншытпайтын, жетiспейтiн осы — туып-өскен жерi, кешегi
жайнаңдап жүрген Ақкербезi, Қуаң бойының саф ауасы екенiн аңғарды. Iштей армандап,
туған жерге барып, ата қонысын бiр көрсем болды дейдi. Сосын Ақкербезбен бiрге қатар
жатса, бұның басқа арманы жоқ. Кәзiр ойында басқа арманы да, мақсат та жоқ. Қалған
кiсiлер өз таландарына жазылғандарын көредi де дейдi. Айжамал аман болса, мына екi
жетiмек қарағын адам қатарына қосып, тәрбиелейдi. Үлкен ұлы Әлiбек жақында келiп
кеткен. Өзi жақсы оқып, бiраз нәрсенiң басын қайырып тастапты. Мұның жаралы жанына со
да бiр қуат. Ана Елдестiң балалары да әкесiне ұқсап, iрi боп, серейiп өсiп келедi. Олардың
алды бүгiнде шаруаға жарап та қалған.
Ол селт ете түсiп, Қалдыбайға көз салды. Талай қиын-қыстау кезеңде бiрге болған, не
қиыншылықты бiрге көрген жолдасы осы жолы да бұған қайрат бергiсi келгендей ашыла
сөйлеп отыр. Мұның iшi жылып:
— Сонымен Сыр бойында өзгерiс бар дейсiң бе? — дедi.
— Өзгерiс болғанда қандай. Бет алысы жаман емес. Бәрiнiң ақыры қайыр боп
кететiндей, — дедi Қалдыбай шешiле түсiп.
— Е, жөн екен.
Жәнiбек ендi сабырынан айырыла бастады. Көптен берi Ақкербездiң басын қарайтсам
деп жүретiн. Түсiнде оны талай рет көрдi. Ол бұған назар салып қарайды да, кел дегенiне
келмей, алыстап кете барады. Бұл ере түссе, қолымен керi қайт дегендей белгi бередi.
Жәнiбек сондай кезде талай рет шошып оянған. Қара тер боп жатып, басы мең-зең боп,
Ақкербездi қайтадан көрсем деп көзiн жұматын. Ендi оның орнына өзiмен талай рет бiрге
болған ана Тоғанақ батыр, құрдасы Шайқыслам, кешегi үзеңгiлес жолдастары, өз әкесi енедi.