Стр. 24 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

23
айдынының төсiн қып-қызыл етiп тастапты. Құдды ағып жатқан қан сықылды. Аспанда қап-
қара бұлт бар. Оның да бауыры қан-қызыл.
Атты казактар қалың жыңғылдың арасындағы соқпақ жолмен жүрiп келе жатқан-ды.
Осымен барып кең жазыққа шығатын-ды. Кенет олардың аттары дүр ете түсiп, дiрiлдеп,
үркiп тұра-тұра қалысты. Алда келе жатқан Нахаев шошып қап, қылышын жалма-жан
суырып ала бердi. Сол кезде ол шетте жүрiп келе жатқан бiр казактың ат үстiнен ұшып
түскенiн көрдi. Жалт қараса, тайыншадай екi жолбарыс бұларға қарсы атылып үлгерген де
екен. Бiреуi казактың атының қарнын жарып жiберiптi. Екiншiсi қазакты жерге құлатып
түсiрiп, оның алқымына сойдақ тiстерiн батырып, бұлардың көз алдарында қара қанға бояды
да тастады. Соны көрiп, зәресi қалмай, қорқып кеткен Нахаев бетi ауған жағына қарай зыта
жөнелдi. Алас-қапаста қолындағы тiзгiнiн түсiрiп те алды. Ендi тiзгiнiнң босағанын бiлген
астындағы аты екi көзi алақтап, басын ала-ала қашып, айдалаға қарай лаға шапты. Қалған
казактар да алды-арттарына қарамай, қашып келедi.
Олар бiр сағатқа жуық шапты. Аттары қан сорпа болғанын бiлгенде барып, естерiн
жинап, жай шоқыраққа көштi. Күнi бойы батырсынып келе жатқан Нахаевтың ендi ұяттан
бетi қып-қызыл боп, жерге кiрiп кете жаздады. Атты казактар оны мазақ қылып келедi;
— Василий Николаевич, бұ қалай ала мышықтан сонша қорқып?
— Сенiң батырлығың қатын-қалашқа ғана екен қой.
— Сен бүйтiп ертең шайқаста қашып жүрме. Қашсаң бар ғой, тап көк желкеңнен атып
түсiрем! — дедi бiр қартаң казак цигарының түтiнiн бұрқ-бұрқ еткiзiп келе жатып.
Сол арада Нахаев шыдамай:
— Егорыч, сен үйдеме. Мен түрiк майданының кавалерiмiн, — деп қалды.
— Бiлем, сенiң қандай кавалер екенiңдi. Талай жолдасыңды жауға тастап қашқан
шығарсың.
— Жоқ, мен қашқан емеспiн.
— Қашпасаң, ана желкеңдегi тыртық не? — дедi қартаң казак оны өкшелей түсiп.
— Ол деген тұрiк майданында болды. Хорунжий менi шақырып ап: “Сен менiң
жанымда бол. Кәзiр басурмандарға қарсы шабуылға шығамыз”, — дедi. Мен құп дедiм.
Сонымен не керек, алға қарай жүгiрiп келемiз. Бiр кезде қарасам, хорунжиiм жоқ. Оған
қарауға мұрша қайда, түрiктердi келiп, өйдәй туралай бастадым. Онда пистольдiң жаңа
шығып жатқан кезi. Түрiктер сонымен қаруланған екен. Оған қарап жатқан мен жоқ,
келгенiн келгендей, была-а-ай, туралап қылышпен шаба бердiм, шаба бердiм. Дәл сол кезде
бiр қаңғыған оқ келiп дәл көк желкеме тидi.
— Шабуылдап, алға ұмтылып келе жатқаныңда ғой?
— Әрине.
— Өтiрiк, — дедi қартаң казак ызалана мырс етiп. — Әй, сен осы кiмдi ақымақ көресiң,
а? Әгәр сен шабуылға шығып, алға ұмтылсаң, түрiктер алдыңғы жақтан атпай ма?
— Иә, — дедi Нахаев сұп-сұр бола бастап.
— Алдыңғы жақтан атады, — дедi қартаң казак өзiн-өзi қоштай сөйлеп. — Сен егер
алға қарай ұмтылсаң, онда оқ дәл ана маңдайыңнан тиер едi. Ал сен қашқансың. Қашып бара
жатқаныңда оқ көк желкеңдi жалап еткен. Қор-р-қақ! — деп ендi қартаң казак бұған жеркене
қарады.
Басқа казактар ду етiп күлiстi:
— Егорыч дұрыс айтады!
— Сен қашқансың!
— Болмаса ок маңдайыңнан тимей ме?
Нахаев дем арасында жындана түсiп, қынабынан қылышын суырып ала бердi. Со кезде
басқа бiр еңгезердей казак жетiп кеп, сарғыш бетi қарауыта түскен Нахаевтың қолына
жармасты:
— Тиыш! Ендi үнiңдi шығарсаң, өлтiремiз де, дарияға лақтырып кетемiз! Жайыңа жүр.
Ызадан қалш-қалш еткен Нахаев оларға артық ештеме дей алмай, көгерiп қатты да
қалды.
Атты казактар ендi оған қарап жатқан жоқ. Олар темекiлерiн бұрқырата шегiп, ертерек
фортқа жетiп алайық деп, жылдам жүрiп отырды. Ақ көбiк болған аттарына қарамады. Сол
арада тас қараңғы болды да кеттi. Бұл жақтың жолын онша бiле бермейтiн казактар неде
болса тәуекел деп iлгерi қарай жүре бердi. Сонау терiскей жақтан жылт-жылт еткен отты
жандарына медеу тұтып, бiр қараға iлiнермiз деп, тартып келедi. Түн осы кезде мүлдем
суытып кеткен едi. Шинельдерiнiң тылтиған жағасын көтерiп ап, фуражкаларын баса киiп,
мұздай боп қаруланған қарақшы топ түнде жортқан ұялас қасқырларша бүлкiлiнен танар
емес. Аздан кейiн барып Қазалы фортының оты көрiнгенде казактар қуаныштарын жасыра
алмай, айқайлап жiбердi. Олар ендi самбырласа сөйлесiп келедi:
— Бағана бишара киргиз-кайсактарға қиянат жасаған жоқпыз ба, а?