Стр. 25 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

24
— Неге? Қайта оларға со керек. Олар кеше бiздiң арба жанындағы кiсiлерiмiздi шауып,
бiр қатынды тұтқындап алып кеткен жоқ па?
— Шапқан мыналар емес шығар. Кiнәсiз елдi үркiткенiмiз қалай болады? Егорыч, сен
қалай ойлайсың, а?
— Қайдам. Ояғын бастықтар бiледi
— Ендi... ол өзi... былай...
Олар ендi сөзден тыйылын, жiтi жүрiп отырып, Қазалы фортына келдi. Нахаев атынан
жерге дүрс етiп түсе қап, бүгiнгi “ерлiгi” жайлы баяндауға Захваткинге қарай жүгiре
жөнелдi. Сол арада бағанағы қартаң казак оның соңынан мысқылдай қарап тұрып:
— Бабник! Мерзавец! — деп, жерге бiр түкiрдi.
8
Сыр жағасындағы Қаракесектерге атты қазақтардың салған лаңы жайлы суық хабар ел-
елге тез тарады. Қуаң бойында отырған ауылдар әлден-ақ үркiп, алыпқашты сөздi көбейтiп,
iшкi жұртқа қарай ауа көштi. Қазалы мен Райымның төңiрегiндегi ауылдар да бiр
орындарында тұрақтап отыра алмай, атты казактарды әне келiп қалады, мiне келiп қалады
деп қорқып, бiр түнде жүктерiн түйелерге тиеп, Қыр арқылы Кiшi Борсыққұмның жықпыл-
жықпылына сiңiп кеттi. Тек қана Сырдың жағасында күрке тiгiп ап отырған азғантай жатақ
дихандар мен балықшы Жақайымдар ғана қалды. Бұны естiгенде Перонский тас-талқан боп
бүлiндi. Өзi күмiс қоңырауын сыңғырлатып, пар ат жеккен күймемен күнi-түнi жүрiп
отырып, Қазалыға жетiп келдi. Күймеден түсер-түспестен өзiн қарсы алып, қақиып қата
қалған Захваткиндi жақтан бiр тартуға шақ қалып, қалшылдап тұрып:
— Оңбаған! — дедi. — Саған бұлай ет деп кiм бүйрық бердi?
— Ешкiм де! — дедi Захваткин даусы саңқ ете түсiп.
— Ендеше неге үйтесiң? — дедi Перонский ақырып. Оның қатты ашуланғаны сонша,
күнге күйiп тотыға бастаған жүзi құп-қу боп кеттi.
— Ваше высокоблагородие, үйтпеске амал қалмай қойды. Олар бiздiң обозымызды
талап, бiр әйелдi күңдiкке алып кеттi.
— Ну и что? — дедi Перонский тағы да ақырып. — Алып кетпес үшiн күзеттi мықтап
қою керек. Сен, мерзавец, осындай ақымақ iстерiңмен ұлы патшаның ұлы мақсаттарына
нұқсан келтiресiң. Бiз Бiрiншi Петр ағзам жасаған жоспар бойынша, төрт теңiзге жол ашып
шығуға тиiспiз. Бiлдiң бе, ақымақ?
— Бiлдiм, Ваше высокоблагородие.
— Жо-о-оқ, сен бiлген жоқсың, круглый ақымақ. Сен ол жоспарға зиян жасап отырсың.
Мына бұратана жабайы халықты өзiңе қарсы қоюдың не керегi бар? Қайта оны арқасына
қағып, ақымақ қылу керек! Ақымақ қылу керек, бiлдiң бе? Бөлiп ал да билей бер деп
ағылшындар тегiн айтпаған. Мұндай саяси ой-өрiсi жетiспеген халықтың аңқау да
әңгүдiктеу батырларын бiрiне-бiрiн қарсы айдап сап, iшiне iрiткi кiргiзiп, бүлдiру қажет.
Көнбегендерiн пұлға сатып аламыз. Өздерiн өздерiне өлтiртемiз. Ұқтың ба? Бiз бұ жерде
судан таза, сүттен ақ боп қол қусырып отырған ғана боламыз. Екi жағын да қоштап қойып,
өзара қырылыстырып, iштен әлсiретемiз. Ұлы мәртебелi патша ағзамның ұстап отырған
саясаты осы. Ұлы Ресей империясы осы саясатты әлi талай жылдар бойы ұстануға тиiс. Ал
сен келiп... жабайы елдi шошытып... — Перонский қатты ашуланып, алдындағы үстелдi
қолақпандай жұдырығымен бiр қойып қалып едi, сиясауыт ұшып кетiп, анадай жерге барып
түсiп, сиясы жерге ақтарылды.
Захваткин жылп етiп, жетiп барып, сиясауытты ала сап, тұра бердi. Бұл оның ашуына
онан бетер тидi. Мұрты желпiлдеп:
— Отставить! — деп ақырып кеп жiбердi. — Мерзавец! Подлая душонка! Сендей
оңбағандарды осындай жауапты жерге кiмдер жiберiп жүрген? Сендейлер бүкiл Ресей
империясының мақсат-мүддесiн сатасыңдар!
— Жоқ, мен сатпаймын, Ваше высокоблагородие! — дедi сол арада Захваткин даусын
нықтай сөйлеп.
— Именно, сен сатасың! — дедi Перонский сұқ саусағын безеп.
— Кәзiр менi атып тастаңыз, мен сатпаймын.
— Сатасың! — деп, Перонский оның сөйлеп келе жатқанын байқап, қайтадан ақырып
жiбердi: — Молчать! Болмаса әскери трибуналға берем!
Захваткин жым болды. Заматында көзi мөлие қап, генерал-губернаторға сүтке тиген
мысықтай боп жалына қарады.
Соны байқаған Перонский қайтадан кәрiне мiнiп, кеңсе iшiнде әрлi-берлi кезiп жүрiп:
— Сен бiр кездегi крепостной шаруаның баласы едiң, — дедi қаттырақ сөйлеп. — Сен
керек болса әкең кiм, шешең кiм, — оны да бiлмейсiң. Сендей тексiздер, нәсiлсiздер көп.