26
— Қойшы әрi!
— Ойбай, шын.
Сол арада Жаманқұлдың түрткенiн байқап, Ережеп жым болды. Қолына шампан толы
бокалын алып, Перонский түрегеле бастаған екен. Ол орынынан тұрып, қазақтардың ақ
патшаға деген iлтипат-ниетiне ырза екендiгiн бiр қыдыру сөз еттi. Сосын қазақтар мен орыс
халқының достығы нығая беруi үшiн алып тасталық, дедi. Сол екен, офицерлер бiрден шу
ете түсiп, орындарынан атып-атып түрегелiп, шампандарын iшiп қойды. Жаманқұлдың
шампан дегендi көрiп тұрғаны осы едi. Ол шампанды Елмырзаның тауысып iшiп қойғанын
көрiп, көзiн жұмып:
— Иә, Алла өзiң кешiре гөр, — деп сiмiрiп салды. Аздап ашырқанып, iшiп болғасын
көзiн ашты да, өлмей қалғанына қуанған кiсiше Ережептi түртiп: — Әй, мынауың өзiмiздiң
кәдiмгi ашытпа сияқты бiрдеме ғой. Соған да мыналар қыза ма? — деп сыбыр ете қалды.
— Ашытпадан аумайды. Бiрақ менiң осыған тәбетiм шабар емес.
— Қой, алып жiбер! Мыналар асымызды iшпей отыр деп, ренжiп қалар. Күнiң осыларға
түсiп отырғасын, құлдық деп құрдай жорғаламасаң, болмайды ғой, ойбай, болмайды, — деп,
сол арада Жаманқұл Байбосынға қарап, жағасын ұстады. Ол домаланған қалпымен
алдындағы шампанды үн-түнсiз қылғытып салып, тымырайып отыр. Iшiнен: “Бұ кәззәп кiсi
өлтiредi”, — деп, оны бүйiрiнен түртiп: — Әй, мынауың не? — деп сұқ саусағымен бокалды
көрсеттi.
— Ендi... iш дегесiн... Осы түспегiрiң бозадан қуатты деймiсiң, — деп Байбосын күңк
ете қалды.
Жаманқұл шиқылдай күлiп, қасында тымырайып отырған Жаңабайды мазақ қыла
бастады:
— Мына домаланған Домақ нағыз молла. Ертең сегiз пейiш күң сарайға барарда, бiздi
де қасыңа бiрге ала кет.
— Кетшi әрi! — деп оны Жаңабай жақтырмай қалды. Ол жақында Төртқараның бiр
елiнен алған жас тоқалының суық жүрiсi бар екен деген қаңқу әңгiменiң шыға бастағанын
ойлап, iшiнен мазасызданып отыр едi.
— Мынадан iшiп қой.
— Ойбай, атай көрме. Аузымды ластайтын жайым жоқ, — деп, Жаңабай азар да безер
болды.
Қазақтардың атынан сөздi Елмырза айтты. Ол орнынан түрегелiп, екi қолын қусыра
ұстап тұрып:
— Аса қадырданды тақсыр, — дедi Перонскийге қарап. — Жұртымыздың ақ патшаның
қол астына шын ықыласымен, шын ниетiмен қарағанын өзiңiз жақсы бiлесiз. Соны
көрсетейiк деп, кезiнде бiз қол кұрап, Ақмешiт қамалындағы қоқандықтармен бiрге
соғыстық. Бiрге қан төгiстiк. Бiрақ мына бiр жағдай ел арасына неше тұрлi сөз кiргiздi. Осы
арада, ашығын айтсам, жайына жатқан атты казактарға тиiскен тентектердiң өздерi кiнәлi.
Сондықтан да бiз сiздiң алдыңызда кешiрiм өтiнемiз. — Ол басын иiп, қоңыр көзi бiр түрлi
боп қарады. Сосын Перонскийдiң ықыласымен тыңдап отырғанын байқап: — Бұл арада
Захваткин мырзаның iж айыбы жоқ. Ол қазақтарға өз қылғанын өзiне iстедi, — дедi. —
Ендiгi бiздiң мақсатымыз ел арасына барып, үкiт таратып, ақ патша әскерi тимейдi деп,
бұрынғы орындарына қайтадан кешiрiп әкелу болмақ. Соған мына отырған қазақтың игi
жақсылары көмектеседi ғой деймiн. Мына дәмдi ендiгәрi осындай әрекет болмауы үшiн
алып тасталық!
— Браво! — деген дауыстар қаттырақ естiлдi.
Елмырза Перонскийдiң бокалымен бокалып сыңғыр еткiзiп соғыстырды да, шампанды
түбiне дейiн iшiп қойды. Ашырқанған кезiнде қара бұжыр бетi қып-қызыл боп кеттi. Сосын
жұртқа бiлдiрмей терiс қарай берiп, қалтасынан орамалын ала сап, аузын сүрттi.
Қалған жұрт та тегiс алып қойды. Содан кейiн бiр қызметшi үйiтiлiп пiсiрiлген торайды
бiр ыдысқа салып көтерiп әкеп Перонскийдiң алдына қойды. Перонский қолына пышақ
алып, торайдың қоң етiнен кесiп, бiр асады. Соны көрiп отырған Жаңабай тыжырынып:
— Осыны қалай жейдi екен? — дедi.
Жаманқұл шиқылдай күлiп:
— Соның өзi жал-жаямен тең бола ма деп тұрмын, — дедi.
— Кетшi әрi қайдағыны соқпай!
— Шын, шын.
— Әй, кетшi басымды ауыртпай! Аузың арақ сасып тұр! — дедi Домақтың байы
тыжырынып.
— Арақ сасыса, сасысын. Әйтеуiр, шiрiген ет сасыған сенiң аузыңнан артық қой.
— Кұры, оңбаған!
Отырыспаның соңына таман орыс офицерлерi мас болып, қайдағы бiр жоқтау сықылды
созып салатын әндерiн айта бастады. Олардың қысылып, бәрi бiрдей шулап айтқанын