28
атайын деген жiгiттер жиналып та қалыпты. Бұл атынан түсiп, сәлем берiп кiрiп келгенде,
Лұқпан батырдың үйi ақсақал, қарасақалдарға толы екен. Мұны көрiп, ортаңғы жерден
ысырылып, бiреу орын бердi. Олардың сөз iләмдарын байқап, аман-саулық сұрасқаннан
кейiн Жаманқұл желдей есiп:
— Кеше ғана өздерiң менiң айтқаныыды тыңдамадыңдар. Ана Дадабек ит те болса,
мұсылман едi. Ал ендi кәпiрге жем болыңдар, — деп табалап, Лұқпан батырдың сол
шайқасқа қатысқанын бетiне салық қып өттi. Сосын жұрт назарын өзiне аударып алғанын
бiлiп: — Ендi не iстейтiн амал бар? Күштi қашан да қорқытқан. Көпке топырақ шаша
алмайсың. Өзi... бiр жағынан қорлыққа көну де қиын, — дедi.
— Мұнан да өлген жақсы шығар, — дедi бiр шал кiжiне сөйлеп. Шамасы, ол кешегi
таланған ауылдың бас көтерер кiсiсi болса керек.
— Иә, солай.
— Бiрақ осы орысқа әлiмiз жетер ме екен? — деп бiр теке сақал кiсi сол арада кәуiп
айтты.
— Неге жетпейдi, жеткенде қандай. — Лұқпан батырдың даусы саңқ ете қалды. — Әй,
түлкi, — дедi ол Жаманқұлға қадалып, — сенi мұнда қай құдай айдап келдi? Әйдә, жөнiңдi
тап! Болмаса, кәзiр көрiмдi көресiң.
Жаманқұл қорқып кеттi:
— Менiкi... жәй... былай... ағайыншылық қой, — дедi де, оны iшiнен сыбап бiр боқтап,
сыртқа қарай ата жөнелдi...
Ауылдан ұзап шыққасын, ол әлденеге кiжiнiп кетiп, у-шу боп жатқан ауылға қарап:
— Ертең көкелерiңдi көздерiңе көрсеткенде сөйлесермiн сендермен, — деп,
жұдырығын түйдi...
* * *
Аңқаулау Татыран Тәбекен сол күнi ауылына келiсiмен, қасына қосшы ертiп,
Қызылдың бiр түкпiрiнде жатқан Жәнiбектi iздеп жолға шықты. Өз ауылын атты
казактардың аяғы жете қоймас Аралдың әрiректегi қолтығы — Ұялы басатына қарай
көшiрiп жiбердi. Әлiмнiң алты баласының үлкенi Жаманақтың ортаншы ұлы Өрiстен
дөрейтiн Есенәлi мен Әйдәрбектiң соңғысынан тарайтын оның руы бiраз ел едi. Ардана,
Татыран, Алтынбай, Күлiк делiнетiн төрт атадан атқа мiнген өзi ғана. Сондықтан мұның
сөзiн ешкiм де қайт етпейтiн. Ол аталас туыстарын жинап ап, көшi-қон жөнiн айтып, жолға
тартып кеттi. Iшiнен ана Кiшкененiң балаларын қатырдым дедi...
* * *
Байбосын сол күнi ауылына кеп, тырп етпей жатып алды. Жолшыбай соққан кiсiлердiң
бәрiне өзiн Тоғанаққа кеттi дегiзiп айтқызды. Сосын ауыл-ауылға жiгiттерiн жiберiп, мына
қаулап келе жатқан өрттiң ақырын байқайын деп, құлағын сақ түрiп, жата бердi...
9
Жәнiбек ауылына аман-есен жеткеннен кейiн, осы жердегi үлкен кiсiлердi жинап,
құдажолы жасады да, әңгiме үстiнде кейiннен жас көктей қаулап өсiп келе жатқан жас
балаларды оқытсам деген ниетi барын айтты. Оны осы маңайдағы ауылдардың кәрi-жасы
түгел қолдады. Сосын күз болып қалғаннан соң мектеп салуды келесi жазға қалдырып, өз
үйiнiң жанына алты қанат қара үй тiктiрiп, балаларды оқыта бастаған-ды. Осы хабарды ести
сала, Құлдың төңiрегiн жайлаған Кедей руының балалары топталып кеп, бұдан дәрiс
алмаққа талап қылған-ды. Содан аз ғана күннiң iшiнде жиырма шақты баланың басы
құралып та қалды. Жәнiбек олардан ақы алған жоқ. Тек қасына көмекшi етiп алған, осы
төңiректегi Аспандардың пiрi боп саналатын Мағзаманның бiр бұтағынан тараған
Қожабайға ақы төлеттi. Ол өзi ауыл молласынан оқып, сауатын бiраз ашқан екен. Жәнiбек
оған жаңадан келген балалардың сауатын аш деп тапсырды. Ара-арасында өзi де дәрiске
қатынасып, оқудың барысын тексерiп қояды. Қожабай балаларға араб әрiптерiнiң қалай
жазылатынын, әр дыбыстың қалай айтылатынын соншалықты ымдағатпен үйретiп жүр. Ендi
“Кұранның” сүрелерiнен аятты жаттатып жатқанда, бiр күнi түске таман мұның ауылына
Татыран Тәбекен келiп жеттi.
Бұл Хиуаның осындағы бектерiмен қаншама жүзтаныс болып жүрсе де, Дадабектi
паналаған онымен бiр рет те жүздесiп көрмеген едi. Осы жолы да бiр көргеннен түрi