29
ұнамады. Оның тегiннен-тегiн жүрмегенiн бiлiп, iшiн тартып ала қойды. Одан Сыр
бойындағы жағдайды сұрастыра отырып, ақ патшаның да елге жайлы бола қоймағанын
аңғарды.
Татыран Тәбекен сиректеу сақал-мұртын қайта-қайта сипағыштап отырып:
— Сүйтiп ұлықтың атынан келдiм. Ол ендi сендерге iжкiм де тиiспейдi, елге қарай
көшсiн дедi, — деп қойды.
Жәнiбек қабағын шытып:
— Тәке, қатты айтуға жасыңыз үлкен. Мен орыс ұлығының уәдесiн бiлетiн адаммын, —
дедi.
Содан кейiн олардың әңгiмелерi жараспады. Ертеңiне Татыран Тәбекен қабағы түйiлiп,
сызданған қалпы ауылына қайтып кеттi.
Ол кеткеннен кейiн Жәнiбек әлденеге мазасыздана бердi. Бұрын ат үстiнде жүрiп, ел
басқарып үйренiп қалған ол мынадай өзiмен өзi болатын томаға-тұйық тiршiлiкке
шыдамайтынын аңғарды. Қалай десең де ел iсiне бiр бүйрегi бұра бередi. Оған бар шаруаны
жинастырып қойып, бiратола бел шешiп кiрiсiп кетейiн десе, осы талабынан кешелерi жеген
қоқайы жетерлiк. Жоқ, мұның осы алданғаны да жетер. Ендi бұл Хиуаға да, ақ патшаға да
қосылмай, өз бетiнше өмiр сүредi. Мұның осындай бiр мазасыз ой үстiнде жүргенiн байқаса
керек, соңғы кездерi мүлдем есейiп, бұған ана сияқты қамқор боп кеткен Айжамал бiрде
бұған бұрып:
— Сен осы әуреңдi қойсайшы. Бiрде болмаса бiрде пәлеге қалып жүрерсiң. Ана
шиеттей бала-шағаң өсiп келедi. Оларға әке керек шығар, — дедi.
Бұрын өзiнiң сүймей алған осы әйелiн Жәнiбек ұрысқақ, ашушақ деп ойлаушы едi. Ендi
оның мына сөзiне ырза боп:
— Мен де солай ойлап жүрiм, — дедi. — Бiрақ мына елдiң жағдайы алаңдата бередi.
Тиыш жатайын десең, ертең не болады дейсiң. Ертеңiңдi ойламасаң жәнә киын. Тып-тиыш
жатып алуға тағдыр-талайы сынға түсiп тұрған ел-жұртыңнан ұяласың. Мен бiр екi оттың
ортасында қалдым ғой. — Ол шынын айтты.
— Оны бiз де бiлiп жүрмiз. Бiрақ қолдан келер амал қайсы. Қанша дегенмен ер кiсi —
от басының тiрегi емес пе? Сен кетсең, мына екеумiздiң iшкен асымыз бойымызға
тарамайды. Балаңның алды жiгiт боп қалды. Оның да жайына қара.
Жәнiбек не дерiн бiлмедi. Мұның ең тұңғышы, әжесiнiң бауырында өскен Әлiбегi кәзiр
ондарға келiп қалды. Бұларды ол әке-шешем деп ойламайды да. Айжамалға жеңiше дейдi.
Бұл әрлi-берлi шапқылап жүрiп, со баласын оқытуды да ескермептi. Оқытқанда, анада өзi
қасына алып, хат танытып, иманшартқа жеткiзiп қойған. Одан кейiн қолы тимей кеттi. Мына
жүрiсiмен мұның өз баласына дұрыстап бiлiм бере алмасы анық. Ол ұзақ толғанып отырып,
ақыры бiр iске бел буды. Сол күнi ол бәйбiшесiнiң үйiне барып жатты. Көптен берi мұның
үлкен үйiне басын сұғып тұрғаны осы. Анада Орынбордан келгенде бiр түнеген де, содан
кейiн Ақкербездiң отауынан шықпай қойған. Қанша дегенмен әйелдiгi ұстап, Айжамал сәл
қысыла күлiмсiреп:
— Құдайдың мұнысына да шүкiр. Қой, бақан сындырмасақ болмас, — дедi.
— Кетшi! Сен де бiр! — деп Жәнiбек шынымен ырза боп, күлiп жiбердi.
Түнде қасында жатқанда Айжамал мұның төсiне бетiн басып, үнсiз жылады.
Соны
көрiп, Жәнiбек қаралай қысылды. Осы бәйбiшесiне қиянат жасап қойғандай, өз-өзiнен
абыржып, не дерiн бiлмей, қара терге түстi. Сонда барып оның есiне мына қыздай алған
келiншегiнiң бар-жоғы отыздан жаңа ғана асқан, әйел қалпына ендi-ендi келе бастаған,
қуатты тәнi еркек бойындағы жеңсiк асын қатты дәмететiн жан екендiгi сарт етiп түсе кеттi.
“Ойпырмай!”, — деп, ол сол арада өз-өзiнен абыржып, өз жағасын өзi ұстағандай болды.
Содан толғанып жатып, ендiгi жолы мұны ренжiтпейiн деп түйдi.
Ертеңiне үлкен үйде шәй iшiп отырғанында, Жәнiбек екi әйелiне жағалай қарап:
— Басыма мынадай бiр ой келiп отыр. Ана Әлiбекжан сәлiгiрдей жiгiт боп қалды ғой.
Ол ана әжесiнiң қасында қашанғы асық ойнап жүре бередi? Ендi оның болашағын ойлайтын
кез жеттi. Соны Бұхараға апарып, мәдрәсаға берсем кәйтедi? — дедi.
Айжамал қуанғанынан жылап жiбердi. Ақкербездiң де жүзi жарқ ете қалды. Соның
iзiнше анасы екенi есiне түссе керек, Айжамал баспалап отырып:
— Оның дұрыс қой. Бiрақ бауырына басқан баласын әжесi сағынбас па екен? — дедi.
Оның мұнысы көптен берi көрмеген баласын Бұхараға барар болса, бiр көрiп қалайын
дегендiгi едi. Жәнiбек оның ойын түсiнiп:
— Сағынса, ара-арасында келiп тұрады ғой. Болмаса өздерiмiз барып тұрармыз, — дедi
де қойды.
Шәйден кейiн ол қасына Әлжанды ертiп, әкесiнiң ауылына қарай тартты. Анадағы
балалығынан кейiн Әлжан ыңғайсызданып, бұның көзiне көп түсе бермейтiн. Барлығын
бүлдiрген Тиышбек екен. Ол Әлжанға жүйрiк ат мiнгiзедi, Елмырзаның қосынына кiр деп
азғырыпты. Соған алданған бала неме ешкiммен ақылдаспастан көп қолға ерiп кете берген.