3
Жәнiбек олардың сөздерiне құлақ түрмей, ендi не боларын ойлап отыра бердi. Мұның
байқауынша, осыншама елпек қағып, барынша құрмет көрсетiп, өздерiн айлап жататындай
мықтап орналастырып жатқанына қарағанда, бұлардың Орынборда әлi де бола тұратын түрi
бар. Сонда ұлықтар не демек екен? Оның үстiне, соңғы кездерi Ережеп пен Елмырзаның
оңашаланып алып, күбiрлесуi жиiлеп кеттi. Ертеден араларында қыжылы бар Ережептiң
өзiне жақсылық ойламайтынын бұл жақсы бiледi. Елмырза соның сөзiне құлай кетсе, мұның
жағдайы қиын болмақ. Және оның қасындағы Ахияр бетi қып-қызыл боп алып, бiр аптаға
созылған жол үстiнде бұған бiр оң қабағын бермей-ақ қойды. Ендi кәзiр моншадан кейiн
шикiл сары екi бетi одан әрмен қызара түскен Ахияр татаршалап, әрдеменiң басын бiр
шалып, ұзақсонар бiр әңгiме айтып отыр. Оған ана екеуi бастарын шұлғып-шұлғып қояды.
Соны Қалдыбай да байқаса керек, шәйдi көп iшпей, кесесiн дастарқанның шетiне төңкере
салды.
Ас қайырғасын, Жәнiбек өздерiне берiлген бөлмеге кеп жатып қалды. Қасындағы
төсекте жатқан Қалдыбай ұйықтай алмай, әрi-берi аунақшыды да, бiр рет қақырынып қойып,
басын көпшiктен сәл көтерiп, бұған қарап:
— Жәке, осы сапарға бекер шықтық па дейiм, — дедi.
— Мен де солай деп отырым.
— Мыналардың оңашалануы тым көбейiп кеттi. Олар... бiздi қаралап, орысқа ұстап
бермесе нағылсын?
— О да мүмкiн, — деп, Жәнiбек ақырын күрсiнiп қойды. — Алланың жазуы со болса,
одан бәрiбiр қашып құтыла алмайсың. Ендi неде болса, тәуекел. Келерiн келiп қалдық.
— Дегенмен де аңсыз болмайық, — деп, ол астындағы керуеттiң темiрлерiн сықырлата
қозғалып, ақ көпшiктен басын ендi мүлдем көтерiп алды. Оның iштей қатты күдiктенiп
отырғанын көрсетердей боп, табақтай жалпақ қара бетiндегi қалы күреңiтiп кеткен екен. —
Андай-мындай жағдай бола қалса, қапыда қалмайық.
— Қапы қалмағанда... сонда бiздiң қолымыздан не келедi? Бұлар болса, көп. Бiз әрi
орыстардың қамалында отырмыз дегендей. Бұ йерден қашқанмен де, олар бiздi оңайлықпен
құтқара қоймайды, — дедi Жәнiбек оның бетiне жалтақтай қарап қойып.
— Мен ана Тортаймен сөйлесiп көрейiн. Мүмкiн... былай...
— Абайлап сөйлес. Қатты байқас бол. Iж күдiк тудырып алма.
Сол күннен бастап Қалдыбай бұларды басқарып келе жатқан Тортайдың маңайынан
шықпай қойды.
* * *
Бұлар Орынборда бiр жетiдей айналды. Елмырзаның айтуынша, Ақмешiт пен
Қазалыдан шыққан кiсiлердiң бәрi бiрдей Петерборға бармайды, олардың iшiнен тағы да
iрiктелiп алынатындар болады. Бiрақ кiмнiң қалып, кiмнiң баратыны әлi белгiсiз. Соны
естiген жуан месқарын билер мен байлар тоңқылдаса бастады:
— Үйтетiнi бар, кiсiнi несiне әуреге салды екен?
— Мен осының түбiнде бiр кәкiрдiң барын ауылдан шықпай жатып сезiп ем...
— Қап, бүйткенше қойымды бағып жатсам ғой.
Жәнiбек Елмырзаның сөзiне онша сене қоймады. Қаншама iрiктейтiн болса да, уақытты
осыншама созбас едi ғой, дедi. Содан бiр күнi бұларды Орынбордағы шекара комиссиясына
шақырды. Барлығы ұзын шапандары шұбатылып iшке кiрiп келгенде, бұларды орта жасқа
келген, шымыр денелi, жирен мұртты орыс кiсi қарсы алды. Оның көзiнен көптi көрiп,
ысылып, әбден тiс қағып қалғандығы сезiледi. Ол ұлық бұларға ақ патшадан тосыннан
жақында бiр хабардың келгенiн, соған байланысты бұлардың жүрер сапарының сәл-пәл
кешiктiрiлiп жатқанын, сол үшiн өзiнiң бұлардан кешiрiм өтiнетiнiн айтты. Сосын бұлар
бармағын басқан хатты оқып шығып қуанғанын, қазақтардың ендi ақ патшаның аясында
емiн-еркiн, бақытты өмiр сүретiнiн, қазақтардың үрдiсi мен дiнiне еш те нұқсан келмейтiнiн
гөйiте айтып шықты. Ол қаншама әсемдеп сөйлеген сайын, Жәнбектiң күдiгi соншама
қалыңдай түстi. Ол басындағы сәлдесiн жөндеп қойып, қолындағы тасбихының жiбiне
тiзiлген кiшкене тастарды добалдай саусақтарымен бiртiндеп, iштей күбiрлеп қойып,
ақырын-ақырын санай бердi. Осындай қиын-қыстау сәтте не кiсi басы сынға түсетiн кезде
тасбих адамның бойына сабыр құяды. Мұндайда кеулiңдi аққа ұйытып, мiнәжәт етсең,
тiптен жақсы. Сол арада орыс ұлығы елден ерекше боп отырған бұған бiр рет көз қиығын
тастап қойып, бұрыннан жүзi таныс кiсiсiн көргендей боп, сәл-пәл тұрып қалды. Жәнiбектiң
қырағы көзi оны қалт жiбермедi. Әңгiме-дүкен созылған сайын бұл iштей тықыршып бiттi.
Ақыры ұлық сөзден тыйылып, бұлар ендi не айтар екен дегендей үнсiз қалды. Сол арада
Елмырза тұрып, өздерiнiң ақ патшаға бодан болғылары келгендiктерiн, шын ықыластарымен
орыс ұлығының қызметiн шегетiндiктерiн бiлдiрдi. Сосын Ережеп сөйлеп, бiр түлкi бұлтаң
мәймөңкесiне басты. Ол қазақ елiнен тарту деп, тайтұяқ күмiстi ұлықтың алдына апарып