30
Ауылға қайтып келгесiн, Мамырай оны үй айналдыра қуып жүрiп, әбден көкала торғайдай
ғып сабады. Содан берi Әлжан тұйық тартып, молла боп қалған едi. Ендi тағы да ол жол
бойында көпке дейiн үндемедi. Екеуi Қуаңның енi тарлау бiр тұсынан аттарын жалдап арғы
бетке өткеннен кейiн барып, ақыры Әлжан шыдамай:
— Аға, ана орыстарды Қаракесектердiң ауылын талапты дейдi ғой. Сол өзi рас па екен?
— деп қойды.
— Рас болса, рас шығар. О жайында кешелерi естiгем. Өзi... жаулап алғасын, қандай
патша басқа елдi аяй қояды дейсiң? Әлiң жетпегесiн, қорлыққа көнесiң де.
— Сонда оған қылар iж қайран жоқ па?
— Қандай қайран болсын? Бiз түгел ақ патшаға Қоқан мен Хиуаның да әлi келетiн
емес. Шамасы, осылайша қор болып кеткенiмiз кеткен шығар.
— Ана Тоғанақ батыр баяғыдағыдай... қарсы шықса ғой...
— Өй, сен әлi не бiлiп болыпсың? — деп Жәнiбек азырақ күрсiнiп қойды. — Баяғыда
олардың аяғы Сыр бойынан алыс жатыр едi. О кезде азын-аулақ әскерiн шауып алу киын
бола бермейтiн. Ендi iргеңе кеп қамал салып ап, тас түйiн боп отырған жауға дәнеме де қыла
алмайсың.
— Сонда мұның аяғы не болмақ?
— Кiм бiлiптi? — Жәнiбек екi иығын қиқаң еткiздi.
Олар осы кезде Мамырай ауылына тақап та қалған едi. Жәнiбек аттан түсiп, iшке кiрдi.
Әкесi соңғы кездерi бiр бимәлiм сырқатқа шалдығып, үйде төсек тартып жатып алатынды
жиiлетiп кеткен-дi. Бұрынғыдай атқа мiнiп, ауыл-ауылды аралаудан сап тыйылған. Бес
уақыт намазын оқып, кейiнгi алған кiшi шешесiнiң қасында отырады да қояды. Балқия
мұнымен амандасып, iрге жақтағы сабаны пiсiп-пiсiп жiбердi де, исi бұрқыраған қымыз
құйды. Жәнiбек пен Әлжан қымызды мейiрi қана iштi. Сол арада қол-аяғы серейiп қалған
Әлiбек iшке жүгiрiп кiрдi де, атасының мойнына асыла кеттi. Шыт-шыт боп жарылып
кеткен еакi аяғы шаң-шаң. Мамырай басын көтерiп, оны айналып-толғанып:
— Ақұдай! Танауыңнан айналайын, — дедi.
— Өтiрiк айналасың, — дедi Әлiбек оның сақалынан тартқылап.
— Ау, неге? — дедi Мамырай күлiп.
— Оның iж негесi жоқ, жаңа әжем менi қуып жiбердi. Ана Тиышбек менен кiмнен
тудың, деп сұрап едi, мен әжемнен тудым, дедiм. Ол жоқ, сен ана Айжамалдан тудың, дедi.
Жоқ, ол шешем емес, жеңiшем, деп ем, — анау қоймады. Сол арада үндемей қалып ем,
әжем: “Аузыңа ғана с... сен ит соған бүйрегiң бұрып тұр ғой. Бар шешеңе!” — деп үйден
қуып шықты. Айналғаның шын болса, соны барып қамшыңмен өлтiре сабашы, — дедi ол
еркелеп.
Мамырай кеңк-кеңк етiп күлдi:
— Өй, ол оңбағанның ондай мiнезi бар. Осы қамшым қайда едi? Кәзiр оны барып, көк
ала торғайдай ғып сабай қояпын, — дедi,
— Иә, саған, өтiрiк айтасың. Өткен жолы да сүйдедiң де, сабаған жоқсың.
Жәнiбек жарыла күлдi. Сол арада мұны көрiп, Әлiбек қысылып қалды. Мамырай сөздiң
бетiн басқа жаққа аударып:
— Ау, батыр, мына ағаларыға берген сәлемiң қайда? Сен деген әйдiк жiгiт емессiң бе?
Бар, сәлем бер, — дедi.
Әлiбек орнынан түрегелiп, бiр түрлi боп қысылып, жарылып кеткен қос қолын
Жәнiбекке ұсынды. Жәнiбек оның қолын алып жатып, күн қақтаған шашынан бiр түрлi өзiне
жақын иiстi анық сездi. Бiрақ әкесiнен қысылып, тез бұрылып кеттi.
Шәй үстiнде Жәнiбек әкесiне қарап, келген шаруасының жай-жапсарын айтты.
Бұхараға апарамын дегендi естiген Әлiбек қуанып кетiп:
— Алақай, Бұқарға барам, — деп екi санын шапаттап, далаға қарай ата жөнелдi.
Мамырай ойланып отырып, ақырын сөйледi:
— Мен бұ йерде саған не кеңес айта қояпын? Кәзiр алды-артыңды болжайтын шамаға
жеттiң. Бүгiнде жұрт сенен ақыл сұрайды. Мына халқыңды басқару үшiн ақыл мен бiлiм
қатар келмесе, болмайды. Жан-жақтан дүмдiлер қамалап тұрған алмағайып қиын заманда
көкiрегiнде саңылауы барлар ғана дұрыс жол таба алады. Бұ талабыңды құптаймын. Бұқар
деген баяғы өзiң көрген Бұқар емес пе? Жора-жолдастарың бар шығар, баланы онда апарып
оқытқаның мақұл.
Жәнiбек әкесiнiң оқуға қарсы болмайтынын бiлiп келген-дi. Оның бiрден қоштағанына
қуанып кетiп:
— Мәдрәсәнi бiтiргесiн, әрi қарай оқиым десе, мал аямайым. Оның аяғына оралғы
болмайым, — деп қойды. Ол сол арқылы өз жайын айтып өткен едi.
Соны түсiнген әкесi аз-кем үнсiз қалып барып:
— Әй, қарағым, оқымаған кiсi ненiң парқын бiле бередi? Бiз деген бала-шағамыздың
көз алдымызда қарайып жүргенiн мәп көремiз. Бiзден де басқа ел-жұрт бар дей бермеймiз.