31
Құдайға шүкiршiлiк, бiраз елдi, жердi көрдiң. Алланың осы берген бағына ырза болу керек,
— дедi. Сосын бiр күрсiнiп қойып: — Бiздi де қашанғы қараларыңда қалтиып жүре бередi
дейсiң? Тiрлiк бар да, қаза бар. Құдадан бұйрық бола қалған күнi, Әзiрәйiл шiркiннiң
ашпайтын есiгi бар ма? Бiздiкi кәзiр... ақ шариғат жайын ойлап отқан бiр қалып қой, — деп
әкесi сол арада кеулiнiң бiр терең түкпiрiнде түбiнде көптен берi жасырынып жатқан бiр
сырын ашып та салған едi.
Жәнiбек со күнi әкесiнiң тамақты бұрынғыдай iшпей, ас талғай бастағанын байқады.
Ертеңiне Әлiбектi алып кетерiнде Балқия мұны атына мiнгiзiп жатып:
— Әкеңнiң жағдайын көрдiң ғой. Өзi соңғы кезде морт сынып кеттi. Шамасы, ана
баласының жайын көп ойлайды-ау дейiм! Ендi бiздiң өзiңнен басқа сенетiн кiмiмiз бар?
Қайда жұрсең де, хабарлас боп жүр, — деп қолын қатты-қатты қысты.
Бұл баяғыда екi ауылдың арасына жiк түсiрдi деп кiшi шешесiне онша омырауын аша
бермейтiн. Бертiн келе оның ақылдылығын көрiп, әлгi ойынан қайта бастаған болатын. Ендi
тағы да оның ақылының бүтiндiгiне көзi жетiп, мына басына түскен жәйтке әбден көнiп
алғандығын аңлап, iштей бiр түрлi боп жiбiп сала берiп: “Әйәл байғұстың көретiн тiршiлiгi
осы ғой”, — деп мүсiркеп, онымен қоштасып тұрып:
— Iж мойымаңыз. Әлi-ақ жазылып кетедi. Өзiм хабар алып тұрам ғой, — дедi.
Осы кезде Әлiбек үлкен үйдiң қасында бiр жылқышы жiгiт ноқталап, аузына
ауыздығын, үстiне қазақы кiшкене ерiн салып, шылбырынан жетектеп әкелген, өзiне
баяғыда еншi еткен құнанына мiнгелi жатыр екен. Оның қасында тұрған әжесi немересiн
қимай, қатты дауыстап:
— Әй, мынаның оқытқаны нес? Өзi оқып қарық қылғандай-ақ? Ендi сүт кенжемдi алып
кетпекшi, — деп жатыр.
Жәнiбек түнде шешесiне барып, сәлемдесiп шыққан-ды. Жардай қара кемпiр әлi
қуатты. Ол немересiн бетiнен сүйiп тұрып, көзiне келiп қалған жасын көрсетпей:
— Өй, айналайын, ендi тентек болма. Мына ағаңның айтқанын тыңда, жақсы ма?
Көшеде қаңғыма. Онда жөт дегендер көп болады. Олар тентек болған балдарды ұрлап
кетедi, — дедi жорта қорқыта сөйлеп.
— Ұрлап көрсiн, көкесiн көзiне көрсетейiн, — дедi Әлiбек үлкен кiсiше аузын толтыра
сөйлеп.
— Өй, оларға көкесiн көздерiне көрсетпей-ақ қой. Олардың қасына жолама. Оқуыңды
жақсы оқы, я ма? Бiр айдан кейiн өзiм артыңнан iздеп барам.
— Кел, әже, жақсы ма, кел! — дедi Әлiбек оның мойына асылып тұрып.
— Барам, күнiм, барам. Барғанда, мен барайын. Ана әкеңдi алдыма салып ап, бiр
шыбықпен шықпыртып тұрып барам, — деп қара кемпiр немересiнiң маңдайынан сүйдi. —
Ал ендi барыңдар. Күн кешкiрiп қалар.
Олар ауылдан азар дегенде шықты. Әуелгiде құнанын ойға-қырға шапқылатып, қуанып
шыққанымен, аздан соң Әлiбек қоңырайып сала бердi. Оны көрiп Жәнiбек:
— Өй, ертең әйдiк шаһарға барасың. Анау бар ғой... Әйдiк-әйдiк мұнараларды көресiң.
Сосын базарға барып, алуа, шекер сатып алып жейсiң, — деп алдарқатқан болды.
Есi енiп қалған Әлiбек мұрнын қорс-қорс тартып үндемедi. Ауылға келгесiн, өзiн
айналып-толғанған Айжамалдың қасына жоламай қойды. Әлжан сол арада қарап тұрмай:
— Өй, сен өзiң туған шешеңдi бiлмейдi екенсiң ғой. Сенi тапқан шешең мынау, — дедi
Айжамалды көрсетiп.
— Иә, саған, өтiрiк, мен әжемнен тудым, — дедi Әлiбек аузын бұртитып.
— Әй, сонда сен ғой биыл ондасың. Әжең сонда сен туғанда қаншада, а? Аттай елуде!
Сонда елуден асқан кемпiр бала таба ма екен? — дедi Әлжан қалжақтап.
— Мен әжемнiң аузынан түстiм.
— Өй, тапқан екенсiң сенетiн адамды. Қайдағы ауыз? Сен мына қатынның қай йерiнен
туғаныңды бiлесiң бе? — дей берiп едi, қып-қызыл боп ызаланып кеткен Әлiбек табан
астында еңiреп жылап жiберiп, мұның сөзiнiң аяғын тыңдамастан, сыртқа қарай ата жөнелдi.
Оның iзiнен iлесе шыққан Жәнiбек оны ту сыртынан құшақтай ап, шаққа дегенде
тоқтатты. Ерке өскен қара бала ызаға булығып, ауылыма кетем деп қиғылықты салып бiттi.
Жәнiбек оны алдарқатып, әзер дегенде жұбатты. Қатты қысылған Айжамал ыңғайсыздана
күлiп:
— Осы қайным да бiр өтiрiктi соға бередi. Әлiбекжан әжесiнiң аузынан түскен баласы.
Қойшы сен де бiр! — деп, Әлжанды арқасынан өтiрiк ұрған болды.
Әлжан сақылдай күлiп, қаша жөнелдi.
Түнде Жәнiбек Әлiбектi қасына алып жатты. Аздан кейiн бүгiн құнанға мiнiп
шапқылаған қара бала ұйықтап кеттi. Оның үстiнен өзiне таныс бiр иiс шығады. Жәнiбек
көрпесiн қымтаған боп, ақырын маңдайынан иiскедi. Сол арада ол Айжамалдың да жақын
кеп, баласының қолынан ұстап, кеуiлi босап сала бергенiн байқады. Мұсылман әйелiнiң осы
бiр балажандылығын, ибасын жақсы бiлетiн Жәнiбек үндемедi...