Стр. 33 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

32
Ертесiне бұлар он шақты кiсi боп жолға шықты. Осы жолы Жәнiбек қасына Әлжанды
да ерттi. Қожақ, Қалдыбай барлығы ауылдан ұзап шыға бергенде, өздерiне қарай салдыртып
келе жатқан екi аттылы кiсiнi көрiп, амалсыз iркiле бердi. Олардың жүрiстерi суыт. Өкше iз
Хиуа жақ. Жәнiбектер бұ кiм екен деп таңырқасып тұрғанда, олар да жақындап келген едi.
Жәнiбек оның бiреуi Ядгарбектiң қосшы жiгiтi екенiн бiле қойды. Ол мұнымен шұрқыраса
амандасып, хал-жай сұрап, бәйек болды да қалды. Содан кейiн барып шаруасын айтты:
— Ядгарбек мырза сiздi Хиуаға келiп кетсе екен дейдi. Айтатын шаруа бар дейдi.
— О не шаруа екен? — дедi Жәнiбек ат үстiнде қозғалақтап қойып.
— Ояғын маған айтпады, — дедi өзбек жiгiт күле түсiп.
— Жақсы, ойланайын. Бекке сәләм айта бар, мына баламды Бұхараға оқуға апара
жатыр ем. Соқсам, сояғынан соғармын. Әгәр кешiгiп қалсам, ренжи көрмесiн, — дедi
Жәнiбек жүретiн ыңғайын байқатып.
— Яқши, айтаман, — дедi ол да мұның ойын түсiнiп.
Жәнiбек оларға ауылға барып, қонағасыларыңды жеп кет дейiн деп тұрып үндемедi.
Неде болса, мынаның ақырын көрейiн дедi.
Олар араға үш-төрт қонып, бесiншi күнi Бұхараға келiп жеттi. Жәнiбек Көкелташ
мәдрәсасындағы бұрынғы ұстазын тауып ап, баласын оның қолына бердi. Мәдрәсәдан бiр
құжыра жалдап, басқа жақтан келген бiр қарақалпақ, екi қазақ баласымен бiрге Әлiбектi
жатқызды. Оларға екi-үш айға жетерлiктей етiп азық-түлiк алып бердi. Сосын ұстазына
оқытатын ақысын көп қып төледi. Әлiбектiң қасында Әлжанды қалдырып, оған Әлiбек
шәһардың тiршiлiгiне көндiгiп кеткенше, оның қасында бiр-екi ай бола тұр, дедi. Бұрын
Бұхараны көрмеген Әлжан буған қуана келiстi. Өзi сосын Әлiбек үйренгенше шаһарда бiр-
екi күн айналғанды жөн көрдi. Осы айда Бұхара шәрiне жан-жақтан келген саудагерлердiң
сауда жасап кететiн бiр әдетi бар едi. Күн бұ кездерi онша күйдiрмей, тынысты тарылтпай,
жаймашуақ боп тұратын-ды. Жәнiбек мұнда келгесiн жеңiл жiбек шапанын киiп, басына
сәлдесiн орап, ертеңiне қасына Әлiбек пен Әлжанға қоса, ат қосшыларын да ертiп,
Бұхараның орталықтағы базарына барды. Адамның басы айналарлықтай ың-жыңы жетерлiк
әйдiк базарға жан-жақтан ағылып жатқан көп жұртты көрiп, ауыл қазақтарының аузы
аңқайды да қалды. Бұлар үлгерiп жеткенде, Бұхараның базары қызып та кеткен екен. Жерде
қатар-қатар отырған саудагерлер қазақтардың етектерiне оралып, мә, алың, алың, деп жаны
қалмай өзеуреп жатыр. Мына тұрыстарына қарағанда, қолындағы затынан құтыла алмай,
мынау ала салса, ақысын да сұрамастан тұра қашатындай. Мұнда кiлең қиылған қара
мұртты, жүздерi бiр түрлi шойындай қап-қара боп келетiн Бұхараның йәһудийлары жүдә көп
екен. Базарда сауда жасап жатқандардың денi солар. Кей арада басына биiк етiп шалма
салған, сақалдары қауғадай үндiлiктер де ұшырасып қалады. Мына бiр жақта етiкшiлер
қатары тұр. Бұлар, негiзiнен, бастарына ала тақия киген тәжiктер. Ана жақта жемiс-жидек
сатып, ылғи өзбектер тұр. Жәнiбек базарды асықпай аралап, әр нәрсемен Әлiбектi
таныстырып келедi. Бiр арада сынған кесе-шәйнектi жамап, ұсталар отыр. Олардың қолдары
қолдарына жұқпайды. Қолындағы шыны ыдысты кiшкентай балғамен тық-тық етiп ұрып,
бүйiрi тесiлген бiр аққұманның тұмсығын құрсаулап, жыртығын жамап жатыр. Соны көрiп,
жiгiттер таң-тамаша қалды:
— Мынаның ұстасын-ай!
— Шыныны да жамайды, ә?
— Қолы өте ептi екен!
Бұлардың өздерiне назар аударғанын сезген ұста iлтипатпен жолын кеудесiне қойып,
басын идi. Бұлар оның жанында көп тоқталмай, үлкен базардың басқа бiр түкпiрiне қарай
ойысты. Бұл арада халық жиылып қалыпты. Ханауыз дамбал киген қыз-келiншектер, ала
тақиялы жiгiттер мен егде кiсiлер ортада өздерiне сезiктене қараған бiр қоңыр аюды
тамашалап тұр. Егесi оның мойнына қайыстан бау тағып алыпты. Соны бiрдеме деп дәлбеп
қалса, аю секiрiп, бiр айналып түседi. Содан кейiн бiр орнында селкiлдеп билей жөнеледi.
Оны көрген балалар әбден мәз. Мiне, аю егесiнiң қолында тұрған мыс легендi алды да,
айнала қоршап тұрған жұртты жағалай бастады. Әркiм қалтасына қолын салып, табылған
тiлләларын тастап жатыр. Жәнiбек те қалтасынан бiр-екi ұсақ тиын алып, мыс легенге
салды.
Олар ендi бiр арада дарбаздардың ойынын көрдi. Сонау биiкте тартылған екi арқанның
үстiнде бiр қартаңдау кiсi мен бiр талдырмаш денелi келген жас бала кәрәмәтты көрсетiп
жатыр. Екеуiнiң қолдарында кескек сықылды етiп көлденең ұстап алған екi ұзын таяқ. Олар
кезекпе-кезек арқан үстiнде секiрiп, бiр жағына ауып кетпей, кенет дiр-дiр етiп тұра қалады.
Соны көрiп, Қалдыбай таңдайын қағып:
— Паһ, паһ! — дедi.
— Қалай құлап кетпейдi екен? — дедi Қожақ таңғалып.
— Ана арқаннан ғой аяғы тайып кетсе, мына тақырға дүрс етiп құлап түседi. Сосын
оның бiткенi, — дедi Әлжан дәудiрлеп.