33
— Ол одан өлдi құламайды, — дедi Жәнiбек күле сөйлеп. — Баяғыда бiрiншi рет
көргенде, мен де қатты қорқып, қарамай қойғам. Кейiн келе-келе үйрендiм.
Ендi бiр жерде өзбектер бөдене таластырып жатыр екен. Оның қасында тас кекiл
қораздың төбелесiн тамашалап, бiраз адам жиылып қалыпты. Мына бiр жерде жиылған жұрт
жұмыртқа соғыстырып, мәз-мәйрам. Соның қасында бiр масқарапаз тәжiкше сұңқылдап,
топылған жұртты қыран-топан күлдiредi. Оның иығында кiшкене бiр маймыл отыр. Өмiрi
маймыл көрмеген қазақтар таңырқасып, сол араға жақындай бердi. Маймыл да кең киiмдi,
бастарында бөркi бар кiсiлердi бiрiншi рет көрiп тұрса керек, бұлар жаққа қарап, қып-қызыл
алақанымен аузын бiр сипап қойды. Қазақтар жақындап келгенде, әлгi маймыл кенет
кiсiлердiң иығымен секiрiп, жақындап келдi де, Әлiбектiң басындағы қаракөл бөркiн алды да
қашты. Кып-қызыл боп кеткен Әлiбек iзiнен тұра қуды. Маймыл оған жеткiзбей, егесiнiң ту
сыртында тұрған биiк бағанның басына өрмелеп шығып, мұның бөркiн басына киiп ап,
қалың жұртқа қарайды да, аузын қисаң-қисаң еткiзедi. Оны көрген жамиғат ду күледi.
Әлiбек ызадан жарылып кете жаздады. Жүзi қап-қара боп, маңдайынан жылтырап тер
көрiндi. Баласының ызақорлығына күлген Жәнiбек оның жеңiнен тартып:
— Берi кел, кәзiр өзi-ақ әкеп бередi, — дедi.
Әлiбек әкесiнiң жанына келгенде, Әлжан оны тәлкек қылды:
— Әй, ана маймыл сенiң оқуға келгенiңдi бiлiп тұр. Болмаса ол мына менiкiн неге алып
қашпайды?
— Қойшы, аға, сен де бiр, — дедi Әлiбек кiржiңдеп.
Сол арада маймыл бағанның басында тiк тұра қап, қолындағы бөрiктi әрлi-берлi
бұлғалап тұрды да, берi қарай лақтырып кеп жiбердi. Ұшып келе жатқан бөрiктi Қалдыбай
жерге түсiрмей қағып алды. Жұрт тағы да ду күлдi.
Олар кешке дейiн базар аралады. Жәнiбек құшханаға соғып, кешке асып жерлiк ет пен
жаймаларды асықпай аралап жүрiп, әр түрлi жемiс-жидек, қауын-қарбызды сатып алды.
Иықтарына асқан қоржындарының екi басын азық-түлiкке сықап алған жiгiттер шуылдаса
сөйлесе жүрiп, Көкелташ мәдiрәсәсының құжырасына келдi. Қарақалпақ баласы құжыраның
iшiн сыпырып қойыпты. Қазақ балалары ортадағы ауладағы мосыға құман iлiп, шәйнекке
құйылған суды қайнатып жатыр. Жәнiбек мәдiрәсәның қүзетшiсiне бiр тiллә бердi де, палау
басып берiңiз деп өтiндi. Ол оған қуана келiстi. Басына ала тақия киген, орта жастардан асып
қалған мосқалдау кiсi сол арада құжыраның бiр бұрышынан үлкен қазанды алып шығып,
ортаға от жағып, палау басудың қамына кiрiсiп те кеттi.
Жәнiбек бүгiн өздерi түскен құжыраға мимандыққа ұстазын шақырған едi. Баласы
үлкен жиында болып, мұндағы жағдаймен таныса берсiн деген. Бұлар тамақты пiсiрiп бола
бергенде, қасына мүридiн ерткен ұстазы да жеттi. Оның аса ұқыппен қойған кiшкене сақал-
мұрты өзiне қатты жарасады. Ол жiгiттермен қолдасып амандасып шыққан соң, аласа
сәкiнiң төр жағына барып, малдас құрып отырды. Жәнiбек онымен хал сұрасып болды да, ел
iшiндегi кейiнгi жағдайларды баяндап шықты.
Ол басын шайқап:
— Сыр бойына кәпiрлердiң келгенi яман, яман, — дедi. — Улар динни бузади. Муслим
милләтына кәттә хауип. Содан қутылишниң биттә бир амалын таппаса булмайды, — дедi.
— Мына хандар өзара келiспей, iждеме де өнбейдi.
— Ол рас. Бiрақ Насрулланың бар ойы Қоқанның ханынан өш алу ғана. Жақында Хиуа
жақта соғыс болады деп ел шулап жатыр.
— Е, неге? — дедi Жәнiбек таңғалып.
— Ханның iнiсi Бұхарадан әскер алып, Мәру жағында тұр дейдi. Оны кейiннен
Һургенiштi шаппақшы дейдi.
— Ойпырмай, осылардың бас араздығы-ақ бiтпей қойды-ау! Мұның ақыры не болар
екен? — дедi Жәнiбек шыныменен қынжылып.
— Ақыры не болсын, ақырдың әләмәты болады да, — дедi ұстазы әдетiше ұнжырғасы
түсе сөйлеп.
Ол сосын бұдан Мәккәға барған сапары жайлы сұрады. Бұл ояқта көрген-бiлгенiн
асықпай отырып, бiрiн де қалдырмастан айтып бердi. Сосын Османлы мемлекетiнiң
ахуалына тоқталып, бiраз сөз еттi. Батыс мемлекеттерi Ресеймен бiрiгiп, Баба Әлидi мұлдем
күйретпекшi сықылды. Османлы сұлтаны мен араб елдерiнiң арасында алауыздық бар
көрiнедi. Ағылшындар соны пайдаланып, исi Шарқыны төрт жүз жыл бойы сұрап келген
османлылардан араб жұртын бөлектеп тартып ап, оларды өздерi құл етпекшi екен. Соны бiле
тұра араб елiнiң басшыларының iштерi ағылшындарға бұратын көрiнедi. Сол ағылшындар
патша қазақ даласын жәйiмен орап алып жатқанда, мына iргедегi Үндiстанға ауыз салып та
үлгерiптi. Олар сояқтан бәрi Ауғанстанға қарай жылжып келедi.
Олар палау жеп, көк шәй iшiп, әңгiмелесiп ұзақ отырды. Түн жарымы кезiнде ұстазы
бұған ырзашылығын бiлдiрiп, қолын қайта-қайта қысып, мүридiн ертiп, үйiне қайтты.