35
— Жақын. Ертең кешке жетемiз. — Тортай аяғын бұлақ суына жуып отыр едi.
— Ойбай, ертең кешке ме? Соншалықты өзi жердiң түбiнде ме? — деп татардың көкшiл
көзi шарасынан шыға быттиып кеттi.
— Ау, оны мына тұрған Сарайшық дейсiз бе? Әр жағында Үндiстанның жақын
екендiгiн бiлмейтiн бе едiңiз?
— Оны... бiлем ғой. Бiрақ мұндай қашық деп ойламаған едiм.
— Ендi бiлетiн болдыңыз, — дедi Тортай аяғын шүберекпен сүртiп, шұлғауын орап,
мәсiсiн киiп жатып.
Ол Орынбордан шығарда мешiттегi татар молласына барып, бес уақыт намаз оқуды
үйренген едi. Бұрын-соңды әдет қылмағандықтан, намаздың уақытын өткiзiп ала бередi.
Үргенiште болған кезiнде сыртынан қадалған оқты көздiң барын анық сезiп, намаз уақытын
қаза қылмауға тырысты. Оған қоса қазақы кең киiмге дағдылана қою да бұған оңайға
соқпады. Әсiресе, шашын тықырлап алып тастағалы бұрын тараққа үйренiп қалған ол
бiрдемесiн ұмытқан кiсiдей қоңылтақси бередi. Қаншама тәжiрибелi жансызбын десе де,
адамның кейде бұрынғы қалыбына еркiнен тыс барып қала беретiндiгiне өзi iштей таңғалып
қояды.
Ол тамақ iшiп болғасын, күн батқасын жолға шықпақ боп, керуеншiлерге демалсын деп
бұйрық бердi. Өзi бiр түп тұт ағашының көлеңкесiне кеп, басына шапанын екi бүктеп төсеп,
жатуға кiрiстi. Аздан соң шалқасынан жатып ап, төбесiнен төнiп тұрған, түпсiз, тұңғиық
көгiлдiр аспанға қарады. Бұяқтың аспаны бiр түрлi шаңытып тұрғандай алашабыр екен. Еш
жерде бұлт жоқ. Сонау зеңгiр көк шалқасынан жатқан кiсiге түпсiз бiр мұхитша үстiне
төңкерiле құйылып келе жатқандай боп көрiнедi. Ол көзiн тайдырып әкетiп, бiр қырынан
жатты. Сосын кешеден берi жадынан шықпай қойған бiр жәйттi ойлады. Ол анада Жәнiбектi
қолға түсер кезде қалай құтқарып жiбергенiн өзi де байқамай қалды. Есiне Хиуада оның
мұны көрсе де көрмеген болғаны, сонда өзiнiң қалай асып-сасқаны түсiп, оны қатты аяп
кеткен-дi. Ол қазiр қайда жүр екен? Содан берi хабар-ошарсыз кеткен оны бұл көрген емес.
Сүйтiп сан-сапалақ ойға батып жатып, ол қалай қалғып кеткенiн аңғармай да қалды. Бiр
уақытта абыр-сабырдан оянып кетiп, көзiн ашып алып, басын көтерiп, жан-жағына қараса,
самбырласа сөйлескен керуеншiлер асып-сасып, әрлi-берлi жүгiрiп жұр. Мұның оянғанын
көрiп, қасына көмекшi жiгiттерi жетiп-жетiп келiп:
— Қуғыншы! Қуғыншы келе жатыр! — дедi.
— Қуғыншы?! Кәне? Қай жақта?
Бұл орнынан атып түрегелдi. Шынында да, Бұхара жақтан шұбалған бiр шаң шықты.
Жүрiстерi өте суыт. Бұл дереу дүрбiсiн алып, буалдыр шаңның ортасында қараңдаған атты
кiсiлердiң кiм екенiн анықтағысы кеп, о жаққа ұзақ тесiле қарады. Бiрде қою шаң сейiле
бергенде, олардың тура өздерiне қарай келе жатқан, қазақы киiм киген кiсiлер екенiн айқын
көрдi.
— Мылтықтарды дайындайық па? — дедi көмекшiлерi дызығып.
Тортай Орынбордан аттанарда тең арасына жасырып тығып, жиырма шақты мылтық
алып шыққан-ды. Жолда қандай жағдай болады деген. Ендi бұлардың қазақтар екенiн
байқап, қолын сiлтеп:
— Қоя тұрыңдар! — дедi.
— Қапы қалмаймыз ба?
— Мыналар қуғыншыларға ұқсамайды. Қуғыншы болса, арт жағымыздан келмей ме?
— Бәлкiм, олар түнде байқамай, тұсымыздан өтiп кеткен шығар? — деп бiр жiгiт кәуiп
айтты.
— Жоға. Мен бiлсем, мыналар қуғыншы емес. Дегенмен де жүктiң қасында боп, дайын
тұрыңдар.
Жiгiттер мылтықтар тығылған жүктердiң қасына барып, жағдай қиынға айнала бастаса,
атысуға дайындалып, тұра-тұра қалысты.
Тортай атты кiсiлер жақындаған сайын олардың тұлғаларын анық көрдi. Сосын басына
бiр ой сап ете қап, дереу дүрбiсiн қоржынына тыға салды.
Аздан кейiн атты кiсiлер бұларға тақап келiп те қалды. Анадай жерден Тортай өзiне
қарай беттеген Жәнiбектi бiрден таныды. Iштей қуанып та кеттi. Расында да, бұлар Хиуаға
қарай бара жатқан Жәнiбектер едi. Олар жақын кеп, мұны көрiп, сәл тосырқай амандасты.
Мұның олпы-солпы қазақы киiмге үйренбеген түрiн байқап, Жәнiбек күлiп жiбердi. Сосын
атынан түсiп, мұның қолын алып, қауқылдасты да қалды. Амандық-саулық сұрасқаннан
кейiн, Жәнiбек жерге төселген алаша үстiнде отырып, буған тура қарап:
— Анадағы жақсылығыңа рахмет. Еңбегiң құдайдан қайтсын, — дедi.
— Ендi... ол бiр... мiндет қой. — Тортай күлiмсiредi.
— Сонда бiр қатты қысылып ем. Бұл бiр естен кетпейтiн жақсылық болды. Ал ендi
барыс қалай?