36
Тортай жорта Самарқан жағына бара жатырмыз дедi. Жәнiбек оның ойын түсiнгендей,
күлiмсiреген қалпы, бұған ойлы қой көзiн қадап:
— Өзi... соншалықты кәтерлi емес пе? — деп қойды.
— Кәтерлi екенi кәтерлi. Бiрақ лаж жоқ...
— Сонда дейiм... осыдан бiзге келер пайда бар ма?
— Ояғын айта қою қиын. — Тортай мүдiрдi. Iшiнен бiр күдiк оты лып-лып ете қалды.
— Қызмет бабы дегендi өзiңiз бiлесiз, бiреу мына жақта, бiреу ана жақта дегендей...
— Ол ендi... дұрыс қой. — Жәнiбек аз-кем кiдiрдi. — Өз қара ақылым бойынша,
қалайда да өз халқыңа пайдалы қызмет ету керек қой дейiм. Ел-жұртыңа зиян шаруа
жасасаң, ертең өкiнесiң. Өзгенiң пайдасы үшiн өз ұлысыңды құрбандыққа шалған намақұл
болмай ма?
— Мен сiздiң ойыңызды түсiнiп отырмын, — дедi Тортай малдас құрған аяғы ұйып
сала бергесiн, аяғын аздап созып жатып. — Оны қилы-килы ұғынуға болады. Қалай
дегенмен де мен ақ патшаға қызмет қылғасын, соны адал атқарсам дейiм. Сол үшiн мынадай
сапарға шығып келем. Бұ жайында ешкiмге айта қоймассыз.
— Әрине. Одан сескенбесең де болады.
— Кейiн аманшылық болса, әлi кездесермiз. — Ол ойланып қалды. — Анадағыдан
кейiн сiз ақ патшаны әбден жек көрiп кеткен шығарсыз. Бұл арада бiр түсiнiспестiк болған.
Кәзiр жергiлiктi әскери бастықтар патшаның саясатын дұрыс ұстанып отырған жоқ. Олар
сiздердей ел басшыларымен жақын болудың орнына, керiсiнше оларды қудалайды. Ертең
жаңа тәртiп орнағаннан кейiн... сiздiң ақ патшаның қызметiне кiргенiңiз жөн. Құм арасында
қашып-пысып өмiр сүрудiң өзi...
— Ау, сонда жайына жатқан елде ақ патшаның несi бар?
— Оны бiрден түсiндiре қою қиын. Түбiнде оның қызметiн шекпей болмайды. Өз
тайпаңызбен қашқанда қайда барасыз? Мына iшкi жұртта сiздерге құшағын ашып отырған
кiм бар? Ол жақта, басқаны айтпағанда, тiптен жайылымға жер де жоқ дегендей.
Жәнiбек үндемедi.
Тортай оны түсiндi ғой деп ойлап:
— Ақылды кiсiсiз, әр iстiң ақырын ойлағаныңыз мақұл, — дедi.
— Жарайды, ойлайын, оның қызметiн шегейiн, сонда бұдан бiздiң елге не пайда? —
дедi Жәнiбек оның жүзiне тесiле қарап.
— Оның пайдасы шаш етектен. Кәзiр Европаның iлiмi Шығысқа қарағанда әлдеқайда
озып кеттi. Бiрiншiден, Ресейге қарасақ, сол iлiм-бiлiмдi үйренемiз. Екiншiден, бiз олардан
озық мәдәниятты үйренемiз.
— Сонда исламның мәдәнияты мен iлiмi олардан кем бе? Шарқыда оларға дейiн
халифат болған емес пе? Сосын... қашан да басып алған ел өз тәртiбiн жүргiзбейтiн бе едi?
Оның үстiне әр халықтың өз жөн-жобасы, тәртiбi деген болмайды ма? Ендi орысқа бағынып,
шариғаттың жолынан шығуға тиiстiмiз бе?
— Ақ патша оған тимеймiн деп отыр.
— Ояғын қайдам? Оның үстiне кәпiрлер жерiмiздi неге әлден-ақ тартып алып жатыр?
— Ол қызулана сөйледi. — Бүгiн жерiмiздi тартып алған ақ патша ертең мұсылмандарға
шоқын демей ме? Сонда мұның несi пайдалы? Осы бiз екi ортада әрi-сәрi боп қалмаймыз ба,
а?
— Ондай жағдай бола қоймас.
— Қайдам? — деп, Жәнiбек екi иығын қиқаң еткiздi де, көзiнiң қиығымен ана жақта
отырған бiр топты нұсқады. — Аналар кәзiрдiң өзiнде шүлдiрлей бастады. Сонда мұның
ақыры неге апарып соқпақ? Ол... белгiлi нәсте емес пе?
Тортай өмiрi бiр халықты басқа халық өзгертедi деп ойламаған едi. Мына сөзге аяқ
астында жауап таппай қалды:
— Ояғын... кiм бiлiптi. Әйтеуiр, менiң бiлетiнiм, — Сыр бойында жақында жаңа тәртiп
орнайды. Оған көнбегендерге қиын болады. Сiзге жанашырлықпен қызметке кiрiңiз деп
жатқаным ғой.
— Әгәр да кiрмесем ше?
— Онда... қиын. Бұл бiр таудан ақтарылған ұлы сел сықылды шаруа ғой өзi... Ондай
ұлы... жойқын су жолындағылардың бәрiн де әй-шәйға келтiрмей, жайпап өте шығады.
— Жақсы, түсiндiк, — дедi де, Жәнiбек жүретiн ыңғай бiлдiрдi. — Мына... Хиуа
жағына қарай бара жатыр ем. Содан әрi қарай елге тартам. Ал, сау бол. Мен сенi көрген
жоқпын, сен менi көрген жоқсың! — дедi де, ол орнынан түрегелiп, бұған қолын ұсынды.
Олар тез қоштасты. Жәнiбектер аттарына мiнiп ап, Хиуаға қарай тартып кеттi. Тортай
осы кезде қызарып батып бара жатқан қүнге қарап, салқын түсiсiмен жолға шығуға бұйрық
бердi. Аздан соң абыр-сабыр боп жүрiп, тез жиналған шолақ керуен қас қарая бере Бұхараға
тездетiп жүрiп те кеттi.