Стр. 38 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

37
11
Мұхәммәд-Инақтың қабағы бiр ашылмай қойды. Ат жақты келген сопақша басындағы
дулығасын шешiп, қайтадан iнжу-маржан, лағыл толы ауыр тәжiн киiп алды. Сол арада оң
жағында отырған Ядгарбек бұған қарап басын иiп, ақырын сөйлеп:
— Ұлы мәртебелi хан ием, Сыр бойындағы сардарыңыз Жәнiбек мырза келiп тұр, —
дедi.
Хан оған еңсерiле қарады:
— Ол қашан келдi?
— Бүгiн азанда.
— Қасында ерткен қолы бар ма?
— Жоқ, он шақты жiгiтi ғана бар.
— Сонда... шу қазақлар... йәрдәм бермейтiн болған ба? — дедi Мұхәммәд-Инақ оң
қолын сәл жоғары көтерiп.
— Кәзiр Сыр бойында жағдай ете қиын. Жақында бiр жансызымыздан ояқта
орыстардың қазақ ауылдарын талағанын естiдiм. Қазақтың батырлары ендi орыспен
соғысамыз деп жатыр дейдi. Мұндай жағдайда олардан қол сұрау... тиiмсiз деп ойлаймын, —
дедi Ядгарбек тағы да ханға қарап, өтiрiк жылмиып, сәлдесi дағарадай басын ие түсiп.
Мұхәммәд-Инақ бас уәзiрiне қайтадан сынай қарады. Қашаннан кез келген кiсiге
сенбей, күдiктене қарайтын қара көзiнде күмән оты лып-лып ете түстi де, iзiнше майы
таусылған шырағдандай қайтадан өше қалды. Баяғыда бұл хан басымен, аңдаусызда Сафар
бидiң сөзiне ерiп, осы ақылды уәзiрiн өзiнен шеттетiп алғанына кейiнiнен өкiнген-дi. Бiрақ
онысын сыртына шығармаған. Сонысын мына уәзiрi бiле қалса, дандайсып кетер деп, оны
әрi-сәрi халде ұстап жүр. Кәзiрде де оны жанына онша жуықтата қоймай:
— Ендi... ояқ деген бiзден кетiп бара жатқан тараф. Одан да мына жерге күш керек
екенiн ескермедiңiз бе? — дедi.
— Оны ескердiм, — дедi Ядгарбек майда сөйлеп, — Бұл арада мынадай бiр жағдайды
ойладым. Жәнiбектiң iзiне орыс ұлықтары сұғын қадап түсiп алды. Ол кәзiр Ерлер тауының
етегiне бүкiл тайпасымен көшiп келдi. Жолда халқы азып-тозып, шаршады. Атқа мiне қояр
жiгiттерi аз. Сондықтан...
— Не сондықтан?
— Бахтиярға өзiмiздiң-ақ әлiмiз жетедi. Оған қазақ жiгiттерiнiң пайдаланғаннан гөрi,
оларды басқа бiр жаққа...
— О не сонда?
Ядгарбек ханның алдында малдас құрып отырған, сақал-мұрттарын дөңгелетiп
ұқыппен қойған, бастарына дағарадай ғып шалма ораған бiр топ кiсiге қарады. Хан оның
ойын түсiндi де, иегiн қағып, басқа жұрттың бәрiн сыртқа шығарып жiбердi. Сарай iшiнде
оңаша қалғаннан кейiн барып Ядгарбек сөзiн әрi қарай жалғастырды:
— Бiздер қазақтар жөнiнде дұрыс саясат жасай алмадық. Дадабек оларға... былай...
Оның орнына олармен сен жақсы, мен жақсы болғанымызда, ақ патшамен ұрысқан кезде,
қазақтар бiздiң жағымызда жүрiп шайқасатын едi.
— Ана оңбаған Дадабек қой бәрiн бүлдiрген. Оның ояқта не iстеп, не қойып жүргенiн
кiм бiлiптi, — деп хан кiнәнi өзiнен басқаға аударып шыға келдi.
— Ендiгi жерде былай етсек қалай болар едi. Ақылы кемәл ұлы хан ием, мен сiзден
кеңес алғалы отырмын, — деп Ядгарбек оның алдын орап сөйледi. — Мен ана Сыр
бойындағы бiзге iш тартатын қазақтардан қол құрасақ деймiн. Оларды орыстың
бекiнiстерiне әлсiн-әлсiн шауып келуге жұмсауға болады.
— Бұ... дұрыс екен.
— Соны ана Жәнiбек мырзаға тапсырсақ кәйтер едi?
— Ол өзi... Ақмешiтте бiрге соғысқан жоқ па?
— Иә, соғысты.
— Ендеше тапсыруға болады.
— Сосын, ұлы хан ием, Сыр бойында Тоғанақ дейтiн батыр бар. Сол Мiрәлiнi Дадабек
мойнына тас байлап, суға лақтырғаннан кейiн бiзге жау болып...
— Әй, осы Дадабек пе?! — дедi хан ызаланып.
— Ендi соның бетiн берi қайтару керек. Ол үшiн Сiздiң намыңыздан хат жазып, тарту-
таралғы апарсақ, қалай болар едi?
— Жоқ, ол өзi... қалай сонда? — ұлы хан қабағын түйдi.
— Оның да бiр жолын ойластырып қойдым. Бiз оған бар пәле Дадабектен болды, хан
атынан басқаша жарлық берiлмеген деймiз де, ендiгi жерде ақ патшаның әскерiмен бiрге
шайқасайық деп ұсыныс жасаймыз.
— Ол оған көнбесе ше?