38
— Көнбей, қайда барады? Ақ патшаға ел арасында беделдi ондай кәуiптi кiсiлердiң
керегi жоқ. Урыслар ертең-ақ оның қыр соңына түсiп алады. Сосын ол бiздi сағалайды.
Соның алдында осылай етсек... тыңдамаса, ертең өзiнiң бетiне шiркеу болады, — дедi
Ядгарбек оны иландыруға тырысып.
— Оны мен... он екi қабырғаммен кеңесiп көрейiн, — дедi де, Мұхәммәд-Инақ орнынан
түрегелдi.
Мұнысының болмайды деген жауап екенiн бiлiп, Ядгарбек қабағы түсiп кетiп,
байпаңдап жүрiп бара жатқан ханның соңынан ердi.
Хан шатырынан сыртқа шыққанда, он мыңға жуық қолы мың-мың болып бөлiнiп, әр
жерде ойын салып жатыр едi. Күннiң сәскеден ауып қалғанына қарамастан, олар борша-
борша боп терлеп, өзара найзаласып жатыр. Ұлы хан солай қарай жүре бердi де, кенет өзiне
бiр бүйiрден қарап тұрған Жәнiбектi көрiп, оған жақын кеп амандасты. Оның ахуалын
сұрағаннан кейiн:
— Сiздi мен ана... Ақмешiтте жақсы соғысты деп есiтттiм. Сол учун Сизгә кәттә
тәшәккур, — дедi.
Жәнiбек қолын кеудесiне қусырып, басын идi.
— Әлi талай жорықта бiрге боламыз қой дейiм.
— Рахмәт, ұлы хан, Алла жазса, әлi талай рет бiрге боламыз, — дедi Жәнiбек қаттырақ
сөйлеп.
— Әзiрге демалыңыз. Кешке сөйлесермiз, — дедi де, хан әскерiнiң хал-жайын көрейiн
деп iлгерi қарай жүрiп кеттi.
Хан әскерi қатты дайындалған едi. Әсiресе, түрiкмен жiгiттерi ат үстiндегi шайқасқа аса
мықты. Ағылшындардан сатып алынған зеңбiректерiнiң жанында допшылар зыр жүгiрiп
жүр. Олар ханның бәрi қарай келе жатқанын көрiп, дызығып, зеңбiректi тез-тез оқтап,
жандарын салып-ақ жатыр.
Мұхәммәд-Инақ ертеңгi болар шайқастың жай-жапсарын ойлады. Насрулла қасап
мұның iнiсi Бахтиярды өзiне қарсы айдап салып, көп әскер берiп, Үргенiштi жаулап ал деп
берi қарай жiберiптi. Бұл оны жансыздарынан естiдi. Сосын дереу пәрмен берiп, Бұхараның
жасағын Үргенiшке жеткiзбей, алдынан тосып алмақ боп, ләшкер тартқан. Бұ жолы ешкiмге
сенбей, шайқасты өзi басқармақ болған. Хиуада ең сенiмдi деген адамдарын қалдырып,
дарбазаны жаптырып, ықтияттаған. Сосын берi қарай жолға шығып кеткен едi.
Шамалауынша, осы жерге Бахтияр көп әскермен ертеңдерi келiп қалмақшы. Со кезде
олардың естерiн жидырмай, тұра бас салмақ.
Ол әскерлерiн көрiп шықты да, кiдiрмей керi қайтып кеп, өзiне деп арнайы тiгiлген
алтын шатырға кiрiп, шешiнiп демалды. Сосын сырттағы күзеттi Ядгарбек қайта бiр тексерiп
шығып, өз шатырына кеткесiн, ұлы хан әр жайды ойлады. Кәзiр Сыр бойындағы
қожалықтарынан бұлар айырыла бастады. Бұлар көшпендi қазақтарды көнбiс деп жүрiп,
қорқақты көп қуса батыр боладының керiне ұшырасты. Оның үстiне, орыс орам ала бастаған
тұста бұл бiр-екi рет елшi жiберсе де, ана екi ханмен де ымыраға келе алмады. Ақмешiтке
мұның берген көмегiнен түк те өнбедi. Ендi ақ патшаның әскерiнiң iшке қарай сұғына
бастағаны сұғына бастаған. Оның Ташкенттi айналып өтiп, ақыры өзiне Атырау жағынан да,
iшкi жұрт жағынан да бас салмасына кiм кепiл? Осындай кезде бұл таққа таласып, өз
iнiсiмен шайқасқалы отыр. Оның есесiне үш хан тiзе қосып жiберiп, ақ патшаға қарсы бiрге
соғысса ғой, орыс әскерлерiн баяғыда-ақ Ырғыздан берi асырмас едi. Бiрақ, амал қанша,
бұлардың ауызбiрлiктерi болмай қойды. Бұрын бiрлеспеген кiсiлер ендi мынадай қиын сәтте
бiрлесе қояр деймiсiң? Қайта бiрiнiң жауына мат болғанын көрiп, екiншiсi сыртынан
табалар. Ол қатты қынжылып қойды. Адамдардың әрқашан өз iсiн жөн көретiндiгiне басып,
iштей басқаның бәрiн кiнәлай жөнелдi. Сөйтiп жатып өзiнiң қалай қалғып кеткенiн де
байқамады.
Содан кешке таман бiр-ақ оянып, намазшамын оқып болған соң, ол асқа отырды. Хан
тамаққа Жәнiбек пен Ядгарбектi қоса шақырған едi. Дәм үстiнде ол Сыр бойындағы
қазақтардың жағдайын сұрастыра кеп, Жәнiбектiң жақсылықпен Ерлер тауына қарай ауа
көшпегенiн аңғарды. Мұның шамалауынша, қазақтардың әлi де болса орыстардан тауы
онша шағыла қоймаған. Тоғанақ сықылды батырлары тұрғанда олардың мойындарына
бұғалық тұспеген асауша әлi талай бұлқынары анық. Бұ жерде ханның оны тек қана қолдауы
керек. Ол сол арада бағана Ядгарбектiң алысты болжап бiр сөз айтқанын аңдады. Соны
iшiнен таразыға салып көрiп, оның әр жақ-бер жағын өлшестiрiп байқап:
— Жәнiбек мырза, ендi не iстемекшiсiз? — деп тосыннан бiр сұрақ қойды.
Жәнiбек сасып қалды. Жүзi алабұртып тұрып:
— Ұлығ хан тақсыр, мен не iстей қояйын? Қолдан келер қайран жоқ. Сосын мәктәб
ашып, бала оқытып жұрмiн, — дедi.
— Бұ да йәқши нәстә. Бiрақ сiздей шахсиләрниң моллалық құру шаруасы емес. Ақ
патшаға кеткен есенi қайтаруға болмас па екен?