39
— Ояғын... бiле алмадым, — дедi Жәнiбек күмiлжiп. — Өзi... былай...
— Оны бiлу керек. Әгәр көмек керек болса, берейiк. Ана Тоғанақ батырдың көңiл-күйi
қалай екен? — деп Мұхәммәд-Инақ ендi мына жаққа шықты.
— Жаман емес. О кiсi қартайып қалды ғой.
— Сонда... жасы қаншада?
— Сексеннен асты. Бiрақ әлi тың.
— Бiз со кiсiмен хабарлассақ деймiз. Ендi... сiз бiзбен Тоғанақты қайтадан
табыстырсаңыз...
— Оған... тырысып көрейiн.
— Сосын ана сатқын Елмырза төренi ұстап әкеп бере алсаңыздар, алтын, күмiстi
аямаймын.
— Ояғын... ақылдасып...
— Бәтуа осы болсын. — Ол бас уәзiрге қарады. — Ертең Жәнiбек мырзамен сөйлесiп,
не керек екенiн бiлiңiз. Қару-жарақ берiңiз. Қалғанын тағы да ақылдасармыз.
Тағамнан кейiн ұлы хан өзiмен үнемi бiрге алып жүретiн кәнизагының шатырына кiрiп
кеттi.
Ертеңiне таң ата бүткiл әскер дүр ете түстi. Бұхара жақтан көрiнiп тұрған майда
таулардың етегiнен бiр кезде бұрқыраған шаң көрiндi. Шаңның iзiн ала келе жатқан
кисапсыз әскердiң қарасы көзге шалынды. Олар лекiлдеткен қалпы қара жердiң төсiн ат
тұяғымен тескiлеп, берi қарай жақындай бердi. Мұхәммәд-Инақтың қарауылға қойған
кiсiлерi екi етектерi далақтап, берi қарай шауып кеп, көрген-бiлгендерiн айтып жатыр.
Олардың есебiнше, жаудың қолы бес мыңға жуық. Бахтиярдың күймесi қолдың дәл
ортасында екен. Күзетшiсi мықты. Оған бiр бүйiрден тиiсiп, қоршаған қалың күзеттi жарып
өте қою қиын.
Мұхәммәд-Инақ қабағын шытып, алдыңғы жаққа қарап, дүрбi салып, жердi шолып,
бiраз тұрып қалды. Әне, олардың әскерлерiнiң алды бұларды көрсе керек, аттарының
бастарын тартып, бiр кiшкене жазықта иiрiле түстi. Кейiннен лықып келген көп жасақ та
олардың жандарына жинала бастады. Сәлден кейiн әмiр болса керек, олар сол арада шеп
құрып, жеңiл шатырларын тiгiп, орналасуға кiрiстi. Бұл өлiспей берiспеймiн деген адамның
iсi. Соны көрiп, ұлы хан әскерлерiне дайын болсын деп жарлық етi де, сосын қолына ақ
жалау ұстатып, Ядгарбектi басшы етiп, төрт-бес кiсiнi елшi қылып жiбердi. Олардың
соңынан өзi дүрбi салып қарап тұрды. Әне, мұның елшiлерi әскердiң шетiне барып, аз-кем
сөйлесiп, кiдiрiп қалды. Сосын Ядгарбек жаңғыз өзi iлгерi қарай жүрiп кеттi. Содан кейiн
бұл оның қарасын көре алмай, бiраз дағдарды. Iшiнен не болар екен деп қауiп иледi.
Алдында ненiң күтiп тұрғанын аңғара алмай, мазасыздана бердi. Ядгарбек сүт пiсiрiмдей
уақыттан соң барып берi қайтып келдi.
— Не болды? — дедi бұл сабырын шашып.
— Көнбейдi. Өзiн Насрулла әбден азғырып қойғанға уқшайды. Қасында қассаптың екi
шахсисi бар. Iнiңiз солардың аузына қарап сөйлейдi, — дедi Ядгарбек түңiлiп.
— Сонымен, ұзын сөздiң қысқасы... соғысамыз ғой? — дедi ұлы хан да түрi қап-қара
боп кетiп.
— Басқа лаж қалмай тұр.
— Ендеше былай қылайық. Ана Жәнiбек мырзаны Сыр бойына тез аттандырыңыз.
Сосын қалай шайқасудың жолын ақылдасайық.
Ядгарбек басын идi. Сәлден кейiн ол Жәнiбек екеуi ханның шатырына кiрдi. Бас уәзiр
оған қару-жараққа қоса керектi қаржы мен Тоғанаққа арнап тапсырылар хатты бергенiн
айтты. Хан Жәнiбекке тағы да шаруасын қатты тапсырып, жол болсын тiледi. Жәнiбек
басын иiп, сыртқа шығып кеттi.
Хан оның сонынан сыртқа iлесе шығып, азырақ сейiлдеген болды. Әне, Жәнiбектiң
жiгiттерi он шақты түйеге тиелген қару-жарақ пен сый-сыяпатты алып, елдерiне қарай
тартып барады. Ядгарбек олармен қоштасты да, берi қарай салды. Мұның қасына
жақындамай, анадай жерден атынан түсiп, жанына жаяулап келдi. Ұлы хан онымен аз-кем
тiлдесiп, сосын оны соңына ертiп, iшке кiрдi.
Екеуi ертеңгi болатын шайқас жайын ақылдасты.
— Менiң бiр ойым боп тұр, — дедi Ядгарбек қулана күлiп.
— О қандай ой?
— Iнiңiздiң шатырын бұхаралықтар қоршап тұр екен. Мен солардың арасында бiр
хиуалықтың барын аңлап қалдым. Әгәрдә бiз былай етсек кәйтедi? Түнге қарай он шақты
жансызды жау қосынына жiберсек. Жаңағы хиуалықты өлтiрiп, оның орнына бiздiң бiр
жансызымыз тұратын болса... әр жағы онша қиын емес.
— Мынау бiр табылған ақыл екен. Шынында да, сүйтейiк. Әгәр дә одан ештеме
өнбейтiн болса, онда келiсiлген амал бойынша соғысамыз.