4
қойды. Оны көрiп, екi көзi дем арасында жанып шыға келген ұлық ырза боп, жаңа ғана
мығым отырған қалпынан тез арылып, орнынан түрегеле сап, Ережептiң қолын қысып,
рахметiн жаудырды. Сосын ескi ұста соққан тайтұяқты қолына алып, әрлi-берлi
аударыстырып көрiп, басын шайқап, таңдайын қақты. Жәнiбек iшiнен: “Бұл өлмейтiн жерiн
бiледi. Әне, әйдiк ұлықтың аузын да өзiне қаратып ала қойды”, — деп, үнсiз отыра бердi.
Содан кейiн ұлық ертең бұларға әскер ойынын көрсететiнiн, осы топтың құрметiне арнап
той жасайтынын айтты да, мәжiлiс аяқталды дегендей, отырған орнынан сызданып тұра
бердi.
Шынында да, ертеңiне түске таман бұлар қала сыртындағы кiшкене бiр тоғайдың
ортасына жиылды. Ол араға атты казактар ақ шатырларды дөңгелете тiгiп тастаған екен.
Ортада үлкен алаң бар. Түскi тамақты жеп, аздап тынығып алғаннан кейiн, зауал ауа атты
казактар өздерi талапдан берi жаттыға-жаттыға дағды алып кеткен әскери ойындарын
қаумалаған жұртшылыққа көрсете бастады. Әне, бiрi ат үстiнде тiк тұрып шауып келе
жатып, жүзi күн сәулесiне жарқ-жұрқ етiп шағылысқан қайқы қылышымен қолдан
шаншылған шыбықты көз iлеспес жылдамдықпен шауып кеп түсiрдi. Ендi бiрi ағызған
қалпы аттың бауырынан әрлi-берлi өтiп, анадай жердегi нысанаға найзасын лақтырып, дәл
қадап кеттi. Үшiншi бiреуi шауып келе жатып, кенеттен жерге дiк етiп түсе қалды да, атына
қайтадан қарғып мiне сап, әрi қарай құйғыта жөнелдi. Сосын мойынына асынған мылтығын
шешiп ала сап, биiк бақанның басында iлулi тұрған қарғаның сұлбасын дәл атып түсiрдi.
Атты казактардан кейiн ортадағы алаңға зеңбiрекшiлер шығып, ауыздары үңiрейген,
шойын, зiлбатпан зеңбiректерiнiң беттерiн айдалаға қарай бұрып ап, гүрсiлдетiп ата
бастады. Оны туды-бiттi көрмеген қазақтың билерi мен байлары құлақтарын басып,
ауыздары ашылып, аңқиды да қалды. Зеңбiректер зiрк-зiрк еткен сайын Жәнiбектiң көз
алдына Ақмешiттiң құлап бара жатқан диуалы келiп, ол исi мұсылман қауымының сөгiлiп
жатқан iргесiндей боп көрiнiп кетедi. Мұрнына дәрi исi келiп, кешегi қанды шайқас көз
алдынан көлбеңдеп өте шығады. Кiсiнеген аттар, шыңғырған кiсiлер, аққан қан қайта
елестеп, оның басы айналғандай боп кеттi.
Басқа қазақтардың дыммен де iсi жоқ, бәрi туған-туыстарының тойына келгендей дар-
дар етедi:
— Паһ, паһ, атысыңа болайын!
— Өзi бiр күн күркiрегендей ғой!
— Доб дегенi әлемет екен! Қара жердi қалай-қалай қопарып түсiредi, а?!
— Мынаған Хиуаңның қыштан соққан қорғаны да төтеп бере алмас!
— Айтпа!
Атыс тынғаннан кейiн, үлкен ұлық бастап кеп, бұларды ұзын үстелдiң екi жағына
тiзiлдiрiп қойылған орындықтарға жайғастырды. Сосын орыс әскерiнiң басшылар жағы
аузынан ақ көбiгi бұрқыраған шампан құйылған шыны ыдыстарды қолдарына ұстап, әлдене
деп шуылдаса сөйлеп, шарап iше бастады. Бұлардың алдарына қымыз құйылған кеселер
қойылыпты. Сол арада орыс ұлығы орнынан тұрып, ұзақ сөз сөйледi. Оны Тортай дембе-дем
қазақшалап жатыр. Ол бiраздан кейiн барып:
— Ұлы Россия империясы мен ұлы мәртебелi ағзам Бiрiншi Николай патша жасасын!
— деп, бокалды басына бiр-ақ көтердi.
Қалғандары да орындарына ду көтерiлiп, шампандарын қылғыта iшiп жатыр. Қазақтар
не iстерлерiн бiлмей, орындарында отырған қалпы алдарындағы қымыз құйылған кеселерге
жармасты. Жұрттан қалмайық деп бұлар да жапырласа iшiп жатыр.
Сол күнi той түн ортасына дейiн созылды. Қалаға қайтуға кеш болып қалғасын,
бұларды әр шатырға бөлек-бөлек түсiрдi. Жәнiбек сол арада өзiне сырттан қадалып тұрған
бiр оқты көздi ту сыртымен сездi. Бұл абайлап қараса, анадай жерде басқа әскерлерден
бөлектеу отырған бiр жез мұртты, көзi шапыраштау келген жас әскери орысты көрдi. Ол
бұған әлмә-һәл қарап қояды. Соны байқап қалған Жәнiбек iштей дiр ете түссе де, бойын
жинап ап, басқаларға дымын сездiрмей, сырттай жайбарақат қалпын бұзбастан отыра бердi.
Бiрде әлгi орыстың бұған тағы да қарағыштап отырғанын байқап қап, жанындағы
Қалдыбайға қарай еңкейiп, оның құлағына:
— Мына бiреуi қарап отыр, байқадың ба? — дедi сыбырлай сөйлеп.
— Иә. Ол бағана бiздiң ту сыртымыздан келiп тұрды. Бiз қайда барсақ, сонда барады,
— дедi Қалдыбай да сыбырлай сөйлеп.
— Демек, бiздi аңдытып қойған болды ғой.
— Мен де солай деп отырым.
— Осы бiздiң... аттарымыз қайда, а?
— Оларды... мен... бағана ана бiр шоқ тоғайдың iшiне апарып, аяқтарын тар ғып тұсап
жiбергенмiн. Олар... ұзап кете қоймайды.
— Жарайды, — дедi де, Жәнiбек тамағын себепсiзден-себепсiз кенеп қойды.