Стр. 41 - Ulisel4tom

Упрощенная HTML-версия

40
— Менiңше, бұ жолы былай етсек. Алдыңғы шепке әскердi аздау қоялық. Екi
қанаттағы әскердi жасырып тасталық. Ортадағы сарбаздар жеңiлген боп кейiн қарай қаша
берсiн. Олар, сөз жоқ, қашып бара жатқан әскердi iздерiнен қуады. Мен Әмудiң жағасында
сал дайындатып қойдырдым. Қашқан сарбаздардың iшiнде өзiңiз бас боп, сол салмен
дариядан арғы бетке өтiп кетесiз. Со кезде бiз екi қанаттан кеп, оларды қоршап ала қоямыз.
— Ядгарбек шайқас рухы желпiндiрiп, көтерiле сөйледi.
— Мынау қызық тәсiл екен. Осыны өзiңiз басқарыңыз.
— Құп! — деп, Ядгарбек басын идi.
Сол түнi ұлы хан он шақты кiсiнi жансыз етiп жау қосынына жiбердi. Сосын азанға
дейiн сарбаздардың ортасында боп, оттарды өшiртiп, түн қараңғылығын жамыла отырып,
екi қанаттағы майда таулардың қалқасына бес-алты мың әскердi жасырып тастады. Ортада
не бәрi төрт мыңға жетер-жетпес сарбаз ғана қалды.
Ядгарбектiң айтқаны рас боп шықты. Күн арқан бойы көтерiле керней-сырнай
тартылып, даңғыралар қағылып, екi әскер бiр-бiрiне тақап келiп тұрды да, iзiнше үлкен
шайқас басталды да кеттi. Мұхәммәд-Инақтың қолы алғашында қатты қарсыласқан болды,
аздан соң олар қорыққан сыңаймен керi қарай серпiле бастады. Сол кезде ханның өзi көп
нөкерiмен кейiн қарай дүркiрей қашты. Соны көрген сарбаздар асып-сасып, зәре-құттары
қалмай, бет-бетiмен зыта жөнелдi. Бiрақ олардың сасқандары сонша, кеше түнi бойы
айтылған қулықты ұмытып та кеттi. Олар арттарынан түре қуған бұхаралықтардан үрейлерi
ұшып, асып-сасып жүрiп, келе жағадағы салға қарамастан, Әмударияға қойды да кеттi.
Мыңдаған сарбаз жағаға қару-жарақтарын, киiмдерiн тастай сап, дариядан арғы бетке қарай
жүзiп өте бастады. Әмудың осы арадағы ағысы жәй болғанмен, енi кең едi. Көп сарбаз арғы
бетке өте алмай, суға кеттi. Дәрияның ортасында сал үстiнде келе жатып, Мұхәммәд-Инақ
бармағын тiстей бердi. Бiр сәт: “Осы уәзiр менi алдап соққан жоқ па?” — деген күдiк басына
сап ете қалды. Сүйткенше болмады, дария жағасына жетiп, не iстерлерiн бiлмеген
бұхаралықтар шу ете түстi. Осы кезде олардың ту сырттарынан қылыштарын жалаңдатып,
хиуалықтар қоршап ала қойған екен. Ұлы хан ана жағада болып жатқан әлемет қырғынға
дүрбi салып қарап тұрды. Қапыда қалған бұхаралықтар жан аямай шайқасты. Екi жақтан да
туралған, кескiленген сарбаз жетерлiк. Қорқып, суға секiрген бұхаралықтар жүзе
бiлмегендiктен бiрден-ақ суға кете бастады. Қалғандары, жан аяспай шайқасып, ақыры
хиуалықтардың бiр қанатын бұза жарып шықты. Сол беттерiмен олар Бұхараны бетке алып,
тоз-тоз боп қаша жөнелдi.
Ұлы-қиқу кешке дейiн созылды. Мұхәммәд-Инақ салмен керi қайтып келгенде, тау-тау
боп жатқан кiсi мүрделерiн көрдi. Ядгарбек жеңiл жараланыпты. Ол ызаланып, бiр боқтап:
— Қашып кеттi, — дедi.
— Кiм, кiм? — дедi ұлы хан түкке де түсiнбей.
— Ана Бахтиярды айтам. Жансыздар шайқас үстiнде көзден таса қылып алыпты.
— Қап, әттеген-ай! — деп ұлы хан шыныменен өкiнiп, қолымен санын бiр соқты.
— Iзiнен жансыздарды қайтадан жiбердiм. Көремiз әлi, — дедi Ядгарбек олар кеткен
жаққа қарап тұрып.
Сол күнi хиуалықтар қалаға қайтты. Мұхәммәд-Инақ уһ деп демiн бiр алғандай болды.
Шәһарға келгеннен кейiн ол Сыр бойындағы қазақтар ақ патшаға қарсы көтерiле қалса,
оларға қандай көмек беремiз, не iстеп, не қоямыз деп, басты-басты билерi мен бектерiн
диуанға тездетiп шақырып ап, кеңесуге кiрiсiп те кеттi.
12
Жәнiбек Құлдың деңгейiне жете бере басына бiр ақыл түсiп, атының басын iрке қалды.
Ойланып тұрып, Сыр бойына өзiнiң барғанын хош көрмедi. Сосын қасында үнсiз келе
жатқан Қалдыбайға қарады:
— Қасыңа екi жiгiт ал. Батырға деген сияпатты апарып тапсыр. Мен оған дейiн елмен
сөйлесе берейiн.
— Мақұл. — Қалдыбай атының басын бұра бердi. Оның қасына Қожақпен және бiр
жiгiт ердi. Олар кеткеннен кейiн, Жәнiбек ауылына кеп, бiр күн демалды. Екiншi күнi
балалардың қалай оқып жатқанын тексерiп, бiлiмдерiн сынап көрдi. Содан бiрнеше күннен
кейiн ол ауыл жақсыларын шақырып ап, Хиуа жақта көрген-бiлгендерiн айтып шықты.
Басқа дәнеме демей, Қалдыбайдың келгенiн күтiп, тым-тырыс жатып алды.
* * *