41
Қалдыбай бiр жұмадай жүрiп, Шiрiк Рабатта отырған Тоғанақ батырдың ауылын дәл
iздеп тапты. Қазан айының соңы болғандықтан, бұл жаққа таңертең қырау түсiп қалады
екен. Күннiң көзi жерден алыстап, жылуын қимағандай, сараң ғана жылытады. Олар салқа
жортқан қалпы бiр шұқырда қоныстап отырған Тоғанақтiң аулының тура үстiнен түскен едi.
Бұлар iшке сәлем берiп кiрiп келгенде, батыр аяғын кемпiрiне уқалатып жатыр екен.
Бұларды көрiп, Тоғанақ аяғын тартып ала қойды. Кемпiрi де ыңғайсызданып қап, бұлармен
аузын жыбырлатып амандасты да, шәй қояйын деп сыртқа шығып кеттi.
Тоғанақ батыр аман-саулық сұрасқаннан кейiн, бұлардың тегiн жүрмегенiн бiлiп,
иығына шекпенiн жамылып, тiктелiп отырды. Алып кеудесi, екi кiсi мiнгендей екi иығы оны
аса iрiлендiрiп көрсетедi екен. Жүзiнде қажыған кiсiнiң белгiсi бар. Тек қана қалың
қабағының астынан қараған, әлi де нұры тая қоймаған көзi өткiр. Қылт еткендi қалт
жiбермейдi. Қалдыбай оған Хиуаға барған сапары жайлы айтып шықты. Сосын әдеп сақтап:
— Хан сiзге дұғай-дұғай сәлем айтып жатыр. Дадабектiң баяғы қылығы үшiн кешiрiм
сұрайды. Оның сiзге деген iлтипаты зор екен. Соның белгiсi ретiнде мына сый-сыяпатты
арнайы апарып тапсыр деп берiп жiбердi, — деп, Қалдыбай құндыз бөрiк, қасқыр iшiк пен
балдағына алтын жалатқан испаһани қылышты оның алдына қойды.
Батыр қабағын ашпай, түксиiңкiреп аз-кем отырды да:
— Ханның есi жаңа кiрейiн деген бе? Баяғыдан берi неге сүйтпеген? — дедi.
— Төке, мен ояғын бiле бермейiм. Осылай деп айтқаны рас. Сый-сияпатты Жәнiбектiң
өзi алып келетiн едi, ол орыс ұлығы тосқауыл қойып жүрген шығар деп кәуiп айлап, менi
жiбердi, — дедi Қалдыбай шынын айтып.
— Әй, қарағым, сен бiр ағеден жiгiт екенсiң. Халықта сый-сыяпатты керi қайтарма,
қайтарсаң, бағыңды басқа тепкенiң деушi едi. Мақұл, алайын. Бiрақ ол ханмен айқұшақ боп
қабысып қалам деп айта алмайым, — дедi де, Тоғанақ сый-сияпатты алып, кемпiрiне бердi.
Сосын өзi қылышты қынабынан суырып, жүзiн бармағымен басып, оның өткiрлiгiн байқап
көрдi. — Өзi... қылпып тұр екен, а?! Нарды шапсаң да бүлк етпейтiн нағыз наркескеннен бiр
де кем емес.
— Шынында да, солай, — дедi Қожақ та таңғалып.
— Әсiресе, қынын айтшы, қалай соққан, ә? Жиегiне зер салыпты. Шал-ау, бұ да
құдайдың берген құрметi ғой, — деп кемпiрi сампылдай сөйлеп, қуанып қалды.
Тоғанақ жiгiттерге қарап, көзiн қысып:
— Көрдiң бе ханның сыйлығының кiмге жаққанын? — дедi.
Қалдыбай жарыла күлдi:
— Ендi ханның сыйы оңай болсын ба?
Сол арада кемпiрi сампылдай жөнелдi:
— Шал-ау, бұған да тәубә де. Атақ-дәрпiң Хиуаның ханы мен ақ патшаға мәлiм.
Сыяпат беретiн болса, ол немене басқа кiсiнi көрмей отыр ма? О не дегенiң маған жақты
деп? Ол саған да жағуға тиiс.
Тоғанақ жымиды да қойды.
Ол сол күнi бұларды жiбермей, бiр тоқтысын сойып, мейман қылды. Алыс жолдан
арып-ашып келген жiгiттер аунап-құнап демалып, еттi ендi алдарына ала бергенде,
ассалаумәләйкүмiн әндете созып, iшке екi кiсi кiрiп келдi. Қараүйдiң ортасында маздап
жатқан шоқ жарығында екеуiнiң жүзi қызғыш тартып көрiндi. Бастарына киген бөрiктерiнiң
— Әлiм бөркi екенiне қарап, бұлар олардың кiм екендiктерiн бiле қойды.
Келген Қаракесектiң жiгiттерi екен. Олар қолдарын жуып, асқа отырды. Қысқаша
амандың-саулықтан соң, ет ала отырып, жақында Қазалы маңында болған уақиға жайлы
айтып бердi. Олардың айтуына қарағанда, Қаракесек Лұқпан батыр тездетiп қол жинап
жатқан көрiнедi. Ол бұған көмек сұрап, арнайы осы екi жiгiттi жiберiптi. Тоғанақ
Шөмекейлердiң қолын бастап келсе, барлығы бас қосып, Қазалыны шауып, орыс қолын
Ырғызға дейiн қуып тастамақшы. Сүйтiп кеткен есе мен аяққа тапталған ар-намысты бiр
қайырмақшы.
Тоғанақ ойланып отырып, екi жiгiттiң үлкенiне қарап:
— Апырмай, мына бiр жағдай киын болған екен, — деп қойды.
— Төке, құдай басқа бермесiн, iж айтары жоқ, — дедi қара жiгiт жылармандай боп. —
Халық тек сiздiң келуiңiздi күтiп отыр. Келiп, бiр ұран тастасаңыз, елдiң бәрi түгелдей
көтерiлмекшi.
— Жарайды, көтерiлейiк. Бiрақ жаудың бес қаруы сай екенiн ойладыңдар ма? Бибiт
жатқан елдi қырып алсақ, қалай болады? Сол ғой менi қинайтыны, — дедi Тоғанақ ағынан
жарылып.
— Төке, бүйтiп қорлық көргенше, одан да өлген жақсы емес пе? Неде болса, жауға
мықты екенiмiздi бiр көрсетейiк те, — дедi екiншi жiгiт қаттырақ сөйлеп.
Тоғанақ үндемей, алдындағы табаққа қол созды. Сосын жiгiттерге қарап: