42
— Кәне, тамақ алыңдар, — дедi. — Ас адамның арқауы деген. Соғысатын болсаңдар,
осы бастан күш жинай берiңдер.
Жiгiттер ұзақ отырып тамақ жедi. Соңынан ыссы майлы сорпа iштi. Сол түнi Тоғанақ
келген шабармандарға ештеменiң басын ашып жауап бермей, кемпiрiне төсегiн салдырып,
ертерек жатып қалды.
Ертеңiне ол ерте тұрып, жауға мiнетiн атының жанына барып, оның алды-артына көз
салып, о жақ, бұ жағын қолымен ұстап көрдi. Айыл-тартпаларына, ерiне қарады. Көптен берi
киiлмеген сауыты мен қалқанын алып, керегенiң басына әкеп iлдi. Бүгiн өзi ұзақ жорыққа
шығатын кiсiше кеуiлденiп сала берген едi.
Азанғы шәй үстiнде Тоғанақ Қалдыбайға қарап:
— Сен Жәнiбекке дұғай сәлемде. Карашаның орта шенiнде мен де Сырға жетермiн.
Лажы болса, Шөмекейдiң қолын құрап, кешiкпей жетсiн. Осынымды жеткiз, — дедi де,
Қаракесектiң жiгiттерiне қарай бұрылды: — Халық мынадай қорлық көрiп жатқанда, қол
қусырып отырғанымыз дұрыс болмас. Батырға айта бар, көп ұзамай жетем.
— Жақсы. — Жiгiттер орындарынан түреге бердi.
Қалдыбайлар әлгi Қаракесек жiгiттерiмен бiраз жерге дейiн бiрге жолдас болды. Олар
бiр түбi түскен шелектей аңқылдаған жiгiттер екен. Жолшыбай екi жерге қонып, үшiншi
күнi дегенде олардың жолы екi айрылды. Қаракесек жiгiттерi кеткесiн, бұлар Көсеге қарай
салдырта жөнелдi.
Бұл кезде күн суыта бастаған едi. Жалаңқат киген шекпендерiнен ызғырық өткен
жiгiттер ат үстiнде бүрсиiп, тоңып келедi. Олар Кекiрелiден өте бергенде, бiр ықтасын жерде
отырған бiр қараүйдi көрiп, аттарының бастарын бұрып алысты. Сосын бес-алты иттi
шулата отырып, ауыл шетiне жақындап кеп, хабарлас қып тоқтады.
Бұл Тиышбектiң ауылы екен. Бұларды танып, Тиышбектiң өзi сыртқа жүгiре шығып,
келе шылбырға жармасты:
—Ау, өзiмiздiң палуан Қалдыбайсың ба? Батыр Қалдыбайсың ба? Апырмай, қалай тура
келдiң? Бүгiн бiр үлкен қуанышымыз бар едi. Сенiң... соның үстiне... тұп-тура келгенiңдi
қараш! Кәне, түс аттан! — деп, мұның шау-жайына жата кеп жармасты.
Өзi шаршап келе жатқан жiгiттер ықыластанып, аттарынан түсiп, аттарының
шылбырларын осы кезде iштен шығып, өздерiмен амандасқан бозбалаға ұстата салды.
Тиышбек бұлардың алдарына түсiп ап, жорғалап келедi. Аузы бiр тынар емес:
— Мен байғұстың құдай берген қасиеттi көп ұстана бермейтiнiм бар ғой. Болмаса анау-
мынау моллаға дес бермейiм. Жаңа ғана құлағым шулап, жер дүбiрлегендей болған. Мен
қатынға: “Ойбай, қатын, құлағым шулап барады! Қырықтың бiр қыдыр деген, бiр құтты
қонақтар келатыр, малыңды сойып, қазаныңды көтере берң, — дегенмiн. Сүйтiп айтып ауыз
жұмғанымша болған жоқ, сендер сап ете түстiңдер. Ойбай-ау, менiң сондай аздаған
көрiпкелдiгiм де бар ғой!
Қалдыбай ақырын күлдi:
— Тәке, оны бұрын нағып көрсетпей келдiң?
— Ойбай, Қалдыбайжан-ау, онымды көрсетсем, бұл араның моллалары мен бақсылары
тамақсыз қалып, аштан өлмей ме? Оның үстiне бәрлерiнiң де шиеттей бала-шағалары бар
дегендей. Олардың ауыздарындағы жемiн тартып алсам, жас балдардың көз жасына
қалмаймын ба? Сол ғой менiң қолымды осы уаққа дейiн байлап келген. Болмаса ондай
дүмше моллаларды аяп жүрген түгiм де жоқ. Мен деген... баяғы атақты билерден қалған,
ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтiн бiр ағаң емеспiн бе?
— Оған не сөз бар,
— Ана Өтетiлеу, Сарытай, Мөңке, Қылыш билер бар емес пе? Бес Бозғұлдың баласын
нәһандай өрге сүйреген беглер ше? Мен де соның қатарында жүретiн адам едiм. Әттең
жоқшылық қолды байлап... былай, меселiмдi қайтарып тастады ғой. — Ол үйiне кеп,
сықырлауық есiктi бақыртып кеп ашты. — Кәне, ағаларыңның ханның сарайына бергiсiз
алты қанат ақ үйiне алшаңдай басып бiр кiрiңдер. Апырмай, мына үлкен қуанышымның
үстiне iж шақыртпай келгендерiңдi қарашы! Маған деген кеуiлдерiң өте түзу екен. Ол
шiркiннiң түзулiгi бар ғой... ана нақ сұрмергеннiң аңға ұсынған сирақты қара мылтығындай
екен!
Қалдыбай iшке кiре берiп: “Бұ нағылған қуаныш екен?” — деп ойлап қойды.
Тиышбек үйге кiргесiн, босаға жақта не дерiн бiлмей состиып тұрып қалған қатынына
алара қарап:
— Бол, тез көрпе сал, — дедi.
Ақрәш ернiн сылп еткiзiп, бұған қарап мұрнын бiр шүйiрдi де, үн-түнсiз, бiр көнетоздау
құрақ көрпенi ала сап, төрге қарай шұбалта сүйрете жөнелдi. Сосын оның ақ шаңын бұрқ
еткiзiп, төр алдына тастай салды. Жаңа ғана iшке лепiлдеп кiрiп келген Қалдыбайлар не
iстерлерiн бiлмей, есiк алдында iркiлiп қалып едi, Тиышбек жадырай күлiп: