43
— Ағаңның үйi ақ жайлау деген. Кәне, көсiлiп бiр жатыңдар. Бүгiн жатпағанда, қай
күнi жатасыңдар, — деп буған қарап көзiн қысты да, кенет шалт қимылдап, сыртқа шығып
кеттi.
Жiгiттер малдастарын құрып отырысты. Қожақ ақырын ғана:
— Бұл үйден қонақасы жеп оңдырмаспыз. Кете бергенiмiз жөн едi, — дедi.
— Ойбай, үндеме. Ағаң бүгiн кеуiлдi. Ол кәзiр бiр малын сояды да тастайды, — деп
Қалдыбай оның санын қарулы қолымен басып-басып қойды.
Шынында да, оның айтқаны расқа шықты. Сәлден кейiн iшке қолына ұзын пышағын
алып, Тиышбек кiрiп келдi. Келе пышақты тас қайраққа жанып-жанып алып, жүзiн
бармағымен басып көрiп:
— Сендерге соймаған малды ертең қасқыр тартып кетедi. Онан да қолда дәулетiң бар
да, шалқып қал, — деп ол қайтадан сыртқа қарай ата жөнелдi.
Қалдыбай Қожаққа қарап көзiн қысты:
— Көрдiң бе, ағаң қалай, а?
— Өзiнiң бүгiн пәтi қатты екен. Түбi қайыр болса игi едi.
— Е, қайыр болмай, нағылар дейсiң? Бiздi шауып ала ма? — деп Қалдыбай ыржиып,
iргеде жатқан, iшiне қатты бiрдеме салынған, тысы көнетоздау бiр жастықты алып,
шынтақтап жiберiп, көлбеп жатты.
Аздан кейiн ыссы қуырдақтың буын бұрқыратып, Тиышбектiң өзi iшке кiрiп келдi.
Ақрәш ортаға көлдей дастархан жайды. Тиышбек ыссы қуырдақ салынған табақты ортаға
қарай ысырып жатып:
— Қалдыбайжан-ау, осы үйдiң бар тiрлiгi маған қарап тұр ғой. Өзiм басқарып-
тексермесем, қуырдақтың өзi де пiсе қоймайды. Көрдiң бе, араласа қойып ем, бәрi бiрден
таяр бола қалды. Бұл ағаларыңның жүрген жерi осындай ғой, — деп бiр дәудiрлеп алды.
Ыссы шәй iшiп, ащы қуырдақ жеп, әр жақтарына ел қондырып алған жiгiттер ендi еру
әңгiмеге көштi:
— Сонда ақұдайлар кәйтер екен?
— Қасқалар оққа қарсы шауып, қырылып қалмаса не еттi? — дедi осы үйде бұлар
келгенше дейiн қонақ боп жатқан Кеңесбай дейтiн Кедей жiгiтi.
— Е, қырылғаны нес? — деп Тиышбек елең ете қалды. — Немене олар орыспен
соғысайын деп атыр ма?
Қалдыбай осы жайлы айтқысы келмей отыр едi, ендi амалсыз қысқаша бар жайды
баяндап өттi. Оны тыңдаған Тиышбектiң екi көзi шарасынан шыға быттиып:
— Ойпырмай, мыналардың есi жоқ екен ғой өзi. Кеше ғана мына отқан дәдең Ақмешiт
қамалының қалай тас-талқан болғанын өз көзiмен көрген едi. Ойбай, бiздiң орысқа әлiмiз
жетпейдi, — дедi. — Ана доп деген пәлеңнiң түрi сұмдық. Өзi қара жер күркiрегендей
дыбыс шығарады. Бала, саған өтiрiк, маған шын, ол ғой, ана түскен жерiн апандай ғып ойып
тастайды.
— Сонда қалай? — дедi аңқаулау Қожақ қозғалақтап қойып.
— Ойбай, оның iж қалайы жоқ. Ояғын сен сұрама, мен айтпан, — деп, Тиышбек қолын
бiлкiлеп, азар да безер бола қалды. — Оған қарсы тек қана есi жоқ адам шабады. Кәзiр деген
ақ патшаның күшi әләмәт. Оған тiрi бәндәның күшi жетпейдi. Қаракесектер оларға қара
кесек лақтырып не қиратады? Үйтiп олар кiмнiң тауын құлатады?
Ешiрiп бара жатқан байын тоқтатқысы кеп, Ақрәш қарап отырмай:
— Қой, әрi, Ақмешiтке бiр бардым деп көктемгi қызыл желше аңқи бермей. Мына жер
түбiндегi Бұқарға барып қайтқан бiз де отырмыз қой үндемей. Исi ақұдай жиылса, қай кәпiр
шыдап тұра алады? — дедi сұңқ-сұңқ етiп.
Соны естiген бойда, Тиышбек тас-талқан болды. Кеңiрдегiне дейiн қызарып:
— Әй, әй, көксоққан қатын, мына құрметтi қонақтардың көзiнше байыңның бетiнен
алғаның нең, а? Өй, көргенсiз көрмедiк! Тиыш отыр! Болмаса аузы-мұрныңды бет қылам! —
дедi.
Қалдыбай қуырдақты тиыштықпен жейiк деп:
— Тәке, қойыңыз, — дедi. — Соғысса, соғысатын олар ғой, бiз емеспiз. Бұл әңгiменiң
өтiрiк болуы да мүмкiн. Бiз тек естiгенiмiздi айтып жатырмыз.
— Е, бәсе-ау, солай десейшi. Болмаса зеңбiрiкке қарсы шауып, оларды ақымақ дейсiң
бе? — деп Тиышбек күрт жадырады. Сосын ағаш қасықпен қуырдақты бұлардың алдарына
қарай ысырып: — Кәне, майы тоңламай тұрғанда алыңдар. Тәйiрi осы да тамақ па? Жiгiт
деген берген тамақты апырып-жапырып жемейтiн бе едi? Баяғыда мына қатынның бiр апасы
өлейiн деп жатып, бiр тапа нанды жеп қойыпты ғой, — деп мұртынан күлдi.
— Сенiң менi шанышпай отпасаң, кеулiң бiр көншiмейдi ғой! Қалай десең де сол апам
сенiң салпы етек, жапа көт апаларыңнан көш артық. Мына жаманды қарай гөр мақтанып, —
деп, Ақрәш жұқалау келген ернiн бұлтитып шығарды.