44
— Әй, қоясың ба осы, қоймайсың ба, а? Мынадай қуаныштың үстiнде отырғанда
кiсiнiң мазасын май iшкендей қылып, — деп Тиышбек оған ата қоразша ақиды.
Әшейiнде суға салып сабаса да тiлiн бiр тартпайтын, өмiрi бетi қайтпайтын Ақрәш сол
арада әлденеге жуаси қап:
— Шал, әй,шал болғаныңды бiлмейсiң бе? Немене соншама маған адырайып? Немене
сенiң көк ала торғайдай ғып сабап, менiң көтеремей қалған кезiм болып па едi? Әлде мен
сенен араша сұрап ана Әйбек биге барып па ем? Сабауға қонақ кеткесiн де уақытың жетедi
ғой. Сен үйтiп... мына қайныларымның мазасын алма, — дедi.
Сол екен, Тиышбек тағы да күрт жадырады. Отырған жерiнен құйрығымен жорғалап
барып, қатынының арқасынан қағып:
— Әй, өзiң не деген данышпансың, а! Өзiң оқымасаң да, нағыз тоқығансың ғой! Ана
Әмудариядай терең ақылыңнан айналып қана кетейiн! — дедi де, кенет кiлт тоқтай қалды.
— Неге Әму, а? Ау, Әму дегеннiң өзi... соншама терең бе едi? Ол соншама қолпылдаған
құдық па?
Қалдыбай осы арада шыдамай, қарқылдап күлiп жiбердi. Басқа жiгiттер де күлкiден
булығып, әзер шыдап отыр екен, бәрi де қарқылдай кеп күлдi. Тиышбек бұларға жалт қарап,
состиып аз-кем тұрды да, өзiне-өзi кенеттен ырза боп кетiп, шиқылдап кеп күлдi. Ол көзiнен
аққан жасын қолының сыртымен сүртiп жатып:
— Баллар, менiң осындайым бар ғой! Әй, бұ дүнияның қызығы ойнап-күлген емес пе?
Құдай бiздi күлкiден айырмасын, — дедi. Сосын кенеттен байсалды тарта қап: — Шынымен,
мына Қаракесектiң ауылын орыстардың талағаны рас па? — деп сұрады.
Қалдыбай оған еңсерiле қарап:
— Бiз кеше Қаракесектiң бiр-екi жiгiтiмен жолдас боп қалдық. Рас екенiн солардың өз
ауыздарынан естiдiк, — дедi.
— Ойпырмай, рас болса, мыналары сұмдық екен, — дедi Тиышбек екi көзi быттиып. —
Ана көрiңде өкiргiр Дадабек сарттан құтылып, көзiмiз ашылды ма деп ек, мына пәлесi
қойдан тап ете қалды? Қатынсырап, көздерi қарауытып жүрген атты казактар бие болса да...
— Ол қатынына жалт қарап, аузын қолымен баса қойды.
— Өй, сен де бiр, аузыңды ластап, — деп Ақрәш әрi қарады.
Тиышбек бұларға қарап көзiн қысты:
— Көрдiңдер қой, жеңгелерiң әлге дейiн ұялады. Ол деген мына жаман ағаң
жеңгелерiңдi жақсылап бағып жүр деген сөз.
— Бағып қатырып жүрсiң, — деп Ақрәш кiржiң ете қалды.
Қалдыбай тағы да ұрыс шығып кетер деп қауiп илеп, Тиышбекке қарап:
— Тәке, осы мына ел сенi Ақмешiтке бес қаруын сайлап барып, қырғын салып қайтты
деп шулап жүр ғой. Сол осы не сөз? — дедi.
— Ойбай-ау, Қалдыбайжан-ау, сен өзiң бiлмейтiн бе едiң? Ақмешiтке барғанда, мына
жаман ағаң, анау-мынау емес, тура күбiрнәтiрдiң қасында жүрiп шайқасты ғой. — Тиышбек
ендi желдей есе жөнелдi. Жоқты бардай ғып, барды құдай ұрғандай ғып лепiрiп айта
жөнелдi.
Жiгiттер оның сөзiн ықыласпен тыңдаған болды. Ол сөзiн аяқтай бере тамақ та келдi.
Меймандар қолдарын жуып, былбырап пiскен етке тиiстi. Табақтағы еттi бұлардың
алдарына ысырып жатып, Тиышбек:
— Бала, мына мен... ақ патшаның шампан деген пәлесiн де iшiп көрдiм ғой, — дедi.
— Қойшы, рас па өзi?
— Рас болғанда қандай, мынадай шыны ыдысқа күбiрнәтiрдiң өзi, өй, меймiлдетiп кеп
құйып бердi. Ақ патшаның оң қолы ұсынғасын не амалым бар, сол арада шыбын жаным
шығып кетсе, кәзiр-ақ шығып кетсiн деп, көзiмдi жұмып кеп жiберiп, iшiмнен құлқу алла
мен ағузыны аңыратып оқи сап, әлгiнi тартып кеп жiбердiм. Сүйтсем, соншама екi аяғын
жерге тигiзбей мақтап жүрген ол түспегiрiң өзiмiздiң ашытпа сықылды бiрдеме екен. —
Тиышбек қомпиып қойды. — Сосын неде болса нартәуекел деп, алдымда мойны сорайып
тұрған бiр шишадағы қызыл бiрдеменi тартып кеп жiбердiм. Құрғырдың дәмi қан сияқты
бiрдеме екен. Сосын аяйын ба, тағы да тартып-тартып жiбердiм. Бiр уақытта жан-жағыма
зер салып қарасам, ана жез мұртты күбiрнәтiрдiң қолын қыса ұстап алып, бiрдемелердi
соғып отыр екем. Анау маған қарап ыржияды. Оны елең қылатын көкең бе, сөздi төгiп
жатырмын, төгiп жатырмын! Құдайдың берген қызыл тiлiн аяйын ба, өй, бiр жошып
гәпiрдiм-ау!
— Иә, сосын не болды? — дедi жiгiттер елiге түсiп.
— Өй, не болсын, сол арада күбiрнәтiр бар ғой...бiр жылмаңдаған, шырттай болып
киiнген, қызметшiсiн шақырып алып: “Мынаның арқасына мауыты шапан жабыңдар!” —
деп тапсырды. Сонымен не керек, ертеңiне тұрсам, басым мыңғыдай боп шығып барады. Не
iстерiмдi бiлмей, қатты састым. Сүйтiп итiм шығып отырғанымда, бiр танауы талақандай,
екi көзi алақандай жирен сары орыс тамырым бар едi, иә, сол жетiп кеп, маған әлгi қызыл